ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕЛДЕСУ

0 811

Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл рәсімге әріптес мемлекеттердің парламент депутаттары, зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

ӘР МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮДДЕСІ ЕСКЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшылары жыл басынан бері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырыстарын әуелі Мәскеуде, содан кейін Минскіде өткізгені белгілі. Ал Астанадағы басқосу экономикалық одақ келісімшартын қабылдауымен тарихта қалып отыр.

Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы болды. Шағын құрамдағы отырысқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысты.

Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, еуразиялық интеграциялық үдерісті кеңейту мәселелерін талқылады. Жиында Қазақстан президенті бұл кездесудің Қазақстан, Беларусь және Ресейдің болашағы үшін маңызды екендігіне тоқталып, келісімшарт барлық мемлекеттің мүдделерін ескеретінін атап өтті.

– Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қою арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа сапалы кезеңі басталады. Құжатта халықаралық ұйымдарға тән барлық базалық аспектілер көрініс тапқан, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттары бекітілген, – деді Елбасы.

Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру серіктес елдердің экономикасына тың серпін беріп, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдыратынына сенімді. Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық одақ идеясының басында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғанын, Қазақстан президенті 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі кезінде осы идеяны алғаш рет жария еткенін жеткізді. Содан кейін ол экономикалық одақ аясында 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік нарық құрылатынын, бұл құжат елдердің егемендігін сақтай отырып, экономикалық дамудың жаңа белесіне жетелейтінін атап өтті.

Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко экономикалық интеграция жолы оңайға түспегенін еске салды:

– Еуразиялық экономикалық одақ құру арқылы дұрыс жол таңдағанымызды енді әлем алдында дәлелдеу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл – Еуразия кеңістігіндегі ашық экономикалық қоғамдастық. Оның шарттарын қатысушы елдердің ортақ пайдасына қарай жетілдіріп отыру мүмкіндігі бар. Құжат елдердің тәуелсіздігін толық сақтай отырып, интеграциялық дамудың жаңа деңгейіне жеткізеді, – деді ол.

Мемлекет басшыларының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қойған мемлекеттерді тек экономикалық мүдде тоғыстырады. Одақ аясындағы барлық халықаралық келісімдер, комиссияның міндетті сипаттағы күші бар шешімдері орыс тілінде қабылданғанымен, ол құжаттар бірден тараптардың мемлекеттік тілдеріне аударылады. Сондықтан тілдік тұрғыдан ешқандай кемсітушіліктер болмақ емес.

ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ – НЕГІЗГІ ТАЛАП

Шағын құрамдағы мәжіліс кеңейтілген құрамда жалғасын тапты. Бұл жиынға Армения президенті Серж Саргсян мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты.

ek4Жиынды ашқан әрі жүргізіп отырған Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – мемлекеттерде тұрып жатқан халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Елбасының айтуынша, Одақтың алдында екі үлкен мәселені шешу міндеті тұр. Біріншісі – мемлекеттерді әлемдегі маңызды экономикалық макроаймаққа айналдыру. Осы орайда жоғары сапаға қол жеткізу арқылы елдердің жаһандық нарықта бәсекеге төтеп бере алуы керек.

Екіншіден, Одақ құрамындағы әр мемлекетті дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер қатарына енгізу жағын қарастыру көзделген. Ең бастысы, Одақ халыққа пайдалы, игілікті бола білуі шарт. Президенттің айтуынша, осындай мақсат-талаптарымен экономикалық қоғамдастықтың тартымдылығы арта түспек.

Еуразиялық экономикалық одақ органдары қалай жұмыс істейді? Бұл туралы сөз қозғаған Қазақстан президенті Еуразиялық экономикалық комиссияның Мәскеуде орналасатынын жеткізді. Демек, Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық орталығы Ресей астанасы болады. «Үштік» өзара ақылдаса келе, солай келісім жасасқан. Ал Еуразиялық сот Минскіде орналасады.

Одаққа мүше мемлекеттер Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржылық орталығы ретінде қарастыруды жөн санап отыр. Бұл ұлттық деңгейден жоғары тұратын орган 2025 жылдан бастап еліміздің оңтүстік астанасында орын теппекші. Әзірше дайындық жұмыстары жүргізілмек.
Үш мемлекет басшылары өзара ақылдаса отырып, кеңейтілген отырысқа Армения мен Қырғызстан президенттерін шақыруға келісті. Оның өзіндік себебі бар. Аталған екі елдің одақ құрамына қосылу жайы күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі болды.

ek7Алғашқы сөз Армения президенті Серж Саргсянға берілді. Ол Арменияның 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға енуі туралы халыққа хабарланғанын жеткізді. Енді Армения жұртшылығы ЕАЭО-ға кіру туралы келісімшартқа үстіміздегі жылдың 15 маусымына дейін қол қоюға әзір көрінеді.

Бұдан кейін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сөйлеп, экономикалық одақ құру – мемлекеттердің экономикалық дамуына тиімді алаң деген баға берді. Қырғызстан басшысы өз елінің қазіргі экономикалық жағдайының қиындығы туралы айта келе, осындай өтпелі кезеңде өздерін қолдаған Қазақстан мен Ресейге алғысын білдірді.

Қырғызстан Кеден одағына кіру туралы өтініш білдіріп отыр. Күн тәртібіндегі осы мәселелерге орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Нәтижесінде, Қырғызстанда Кеден одағына қабылдау мәселесі еш кедергісіз шешілді. Ал Арменияның ЕАЭО-ға енуі туралы шартты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері талқылауына осы жылдың шілде айында ұсынылады.

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ НҰҚСАН КЕЛМЕЙДІ

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысынан кейін Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қойды. Бұдан кейін президенттер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасады.

Ел арасында Одаққа кіру туралы келісімшартқа қол қойылса, егемендігімізге зияны тиеді деген пікірлер жоқ емес. Әрине, жүрегінде елім деген патриоттық сезімді ұялатқан кез келген азаматтың ел ертеңіне алаңдауға қақысы бар. Өйткені, еліміздің басты құндылығы да, бақытының қайнар бұлағы да тәуелсіздігімізде жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің халқын келісімшартқа қол қойылуымен құттықтай келе, бұл тек экономикалық одақ екенін және мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне еш қатысы болмайтынын баса айтты. Президент оның достық пен ынтымақтасудың, тату көршіліктің жалғасы болатынына шүбә келтірмейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде экономикалық интеграцияның оң нәтижелері байқалады. Атап айтқанда, соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд долларға жеткен. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге отандық экспорт 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд долларды құраған. Елбасының айтуынша, бұл абстрактілі сандар емес, олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компания­лар, қазақстандық, белорусиялық және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр және бұл Қазақстан бизнесінің табысты өсуінің кепілі. Одақ құру арқылы қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалмақ. Ортақ еңбек ресурстары қалыптасып, бұл еңбек өнімділігін арттырып, кәсіби деңгейді көтереді. Тауарлар тасымалдау, қызмет көрсету сынды салалардағы кедергілер жойылып, туризм дамиды. Қысқасы, үш елдің экономикасына да жаңа серпін әкеледі.

«ӘР ЕЛ – БІР ДАУЫС»

Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшарттың соңғы нұсқасы 700 беттен тұрады. Бірінші бөлімде ұйымның мақсаттары мен міндеттері жазылса, екінші бөлім экономикалық ынтымақтастық шараларын қамтиды.

Одақ құрудың басты талаптары –тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін айналатын ортақ кеңістік құру, экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік қатынасы секілді негізгі салаларында өзара келісілген саясат жүргізу, кәсіпкерлікті дамытуға тиімді жағдай жасау.

Келісімшартта әрбір мемлекеттің егемендік теңдігі, территориялық тұтастығы, сондай-ақ, одаққа қатысушы мемлекеттердің саяси құрылымын құрметтеу мәселелері қамтылған. Барлық шешімдер тең дәрежеде қабылданатыны атап көрсетілген. «Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік болып табылмайды. Ол саяси егемендікті шектемейді және саяси міндеттерді жүктемейді. Келісімнің мәні тек экономикалық әріптестік мәселелері болып табылады» делінген құжатта.

Еуразиялық экономикалық одақтың ұлтүсті органдары «бір ел – бір дауыс» қағидатымен жұмыс істейді. Оның жоғары органдарына әр елдерден сайланатын өкілдердің саны тең болады.

Еуразиялық одақ туралы шарт әрбір мемлекеттің парламенті мақұлдағаннан кейін, 2015 жылдан бастап өз күшіне енбекші.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − nine =