ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ БІРЛЕСТІК

0 224

сағынтаев

Орталық Коммуникациялар қызме­тін­дегі брифингке қатысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық эконо­ми­калық одақ жөнінде журналистерге мағлұмат беріп, сұрақтарға жауап берді.

Оның айтуынша, еліміз институционалдық жағынан іс жүзінде дайын, енді тек сарапшылар деңгейінде шешілетін сәттер ғана қалып тұр.

«16 сәуірде Мәскеуде болғанда ол мәселені де шеше­міз деп ойлаймын. Функционалдық жағынан мұнай мен мұнай өнімдеріне, газ тасымалдау жүйесіне, энергетикаға, өнеркәсіп пен АӨК-ге қатысты мәселелер ғана қалды. 15 сәуірде Мәскеуде мемлекет басшылары талқылайтын 4-5 сұрақ осы. Менің ойымша, мемлекет басшылары белгілеген уақытқа дейін, ал ол мамыр айының соңы, елдердің келіссөз командалары Шарт жобасы бойынша жұмыстарды аяқтап үлгереді» деді вице-премьер.

Соңғы кездерi БАҚ-та, соның iшiнде электронды құралдарда жүріп жатқан көптеген талқылаулардан Одаққа қолдау жасап отырғандарды да, қарсылық бiлдiрiп жатқан азаматтарды да байқаймыз. Б.Сағын­таев­тың айтуынша, ЕЭО туралы шарттың айна­ла­сындағы түсiнiспеушiлiк ақпараттың тапшы­лығынан болса керек.

Ол: «Көңiлдегi күдiкке байланысты айтарым, Еуразиялық экономикалық одақ – тек қана эконо­ми­ка­лық бiрлестiк. Ең бастысы, ЕЭО – саяси ұйым емес. Мұнда тек экономикалық әрiптестiк жасау көзделген. Сондықтан, Қазақстан азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты қобалжымауларына болады. ЕЭО Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiр­мей­дi. Керiсiнше, елiмiздiң экономикасына үлкен мүмкiндiктер туғызады. Осы тұрғыда Қазақстан сауда бәсекелестiгi жөнiнен ұтылып жатыр деген пiкiр де дұрыс емес» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында болып жатқан бірыңғай ұлттық валюта туралы әңгімелердің қайдан тарап отырғанын білмейтінін жасырмады. Бұл мәселе жөнінде ешқашан талқы болмағанын айтты. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да болады деп нақты жауап берді.

«Батыстың Ресейге енгізуі мүмкін экономикалық санкциялары Қазақстанға қалай әсер етуі ықтимал деген сауалдар бар. Бірақ, әзірге ол көрініс тауып отырған жоқ. Себебі ол санкциялар тек жекелеген адамдарға қатысты жасалуда» деді Бақытжан Сағынтаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =