ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ – ИГІ МҮМКІНДІКТЕР

0 135

Ошакбаев

VII Астана экономикалық форумы аясында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еуразиялық экономикалық одақ жолында» атты іскерлік конгресінің сессиясын өткізді.

Сессия жұмысының мақсаты – экономикалық интеграция жағдайындағы бизнестің белсенділігін арттыру, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері арасындағы өзара сауда, инвестициялық және индустриялық байланыстарды дамыту.

Жиынды ашқан ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Еуразиялық экономикалық одақ құрылса, отандық кәсіпкерлердің экономикалық кеңістік аясындағы мемлекеттердегі әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндіктер туатынын жеткізді. «Бүгінде Еуразиялық экономикалық комиссия және оған мүше болуға ниет­тенген мемлекет тараптары Одақ туралы келісімі жобасын әзірлеп жатыр. Бұл келісімге 29 мамыр күні қол қойылады деп күтілуде. Осы құжаттың әзірленуіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айтарлықтай үлес қосты және біздің тараптан айтылған бизнес ұсыныстар ресми ұстаным ретінде қабылданды да» деді ол. Рахым Ошақбаев сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексі де әзірленіп жатқанына тоқталды. Бұл да – басты құжаттың бірі. Оның қабылдануы да Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктемек. Кедендік кодексті әзірлеуге еліміздің бизнес өкілдері атынан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен олардың ресейлік әріптестері де белсене ат салысып жатқан көрінеді. Рахым Ошақбаевтың айтуынша, бұл ынтымақтастық Кедендік одақ аясындағы бизнес қауымдастықтардың өзара тиімді жұмыс істеуіне жол ашып, кәсіпкерлік саласындағы ортақ мәселелерді бірлесе шешуге септігін тигізбек.

Жиында сөйлеген Еуразиялық экономикалық комиссиясының кедендік ынтымақтастық жөніндегі алқа мүшесі Тимур Сүлейменов Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісім тауар тасымалдау, көлік, құрылыс сынды қызмет көрсету саласында капитал және еңбек ресурстарындағы шектеулерді жойып, елдер арасындағы тұрақты экономикалық дамуды қалыптастыратынын айтты. Мысалы, қазір әлі күнге дейін дәрі-дәрмек, медициналық, мұнай өнімдерін тасымалдауда кедергілер бар. Ал, Одаққа кіру туралы келісім жасалса, бұл мәселелер біржақты шешімін табады. Айталық, Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылғалы бері Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы тауар айналымы күрт өскен. Кедендік одақ жұмыс істей бастаған алғашқы үш жылда мемлекеттер арасындағы тауар айналымы сол кезеңдегі ішкі тауар айналымының жалпы өсімімен салыстырғанда, 45 пайызға артқан екен. Енді Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылса, үш ел арасындағы сауда айналымы тіптен артып, кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптаспақ.

Бұдан кейін баяндама жасаған Еуразиялық экономикалық комиссияның кедендік ынтамақтастық жөніндегі алқа мүшесі Владимир Гошин Еуразиялық экономикалық одақтың Кедендік кодексін әзірлеу барысына тоқталып, оның қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Жұмыс комиссиясының алқа мәжілісі айына бір рет өтіп тұр. Бүгінге дейін 5 мәрте мәжіліс құрдық. Ал, сараптама тобының алқалы жиыны ай сайын бір-екі апта бойы ұйымдастырылады. Мұнда барлық мәселелер қамтылады. Біз жұмысымызды осы қарқынмен жүргізе отырып, Одақтың жаңа Кедендік Кодексі жобасын биыл шілде айында сараптамашылар тобына талқылауға жібереміз. Олар жобаны кешенді сараптамадан өткізгеннен кейін қыркүйек айының соңында ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, кем-кетіктерін толықтыратын боламыз» дейді ол.

Жалпы бұл Кедендік кодекс жобасында үш ел арасындағы кедендік ресімдеу мәселелерін жеңілдетудің барлық жағдайы қарастырылыпты. Атап айтқанда, электрондық кедендік ресімдеуге басымдық беріліп, жазбаша ресімдеу тек белгілі бір заңдық нормалар шеңберінде ғана жүзеге асырылмақ. Кедендік декларацияны тіркеуге байланысты болатын барлық кедендік операцияларды жасау, тауарларды өткізу кедендік органдардағы автоматты ақпараттық жүйе арқылы жасалатын болады және бұл жұмыстарды жүргізу «бір терезе» бойынша іске асырылмақ. Кедендік одақ аумағына тасымалданатын тауарлар туралы кедендік органдар алдын-ала құлақтанатын болады. Бұл кедендік ресімдеуді жеңілдетіп қана қоймай, тауарларды тасымалдау, оларды алып келу-әкету уақытын да қысқартатын көрінеді.

Жалпы үш елдің интеграциялық қадамы Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің экономикасын серпінді дамытып қана қоймай, сауда-саттық, индустрия, кәсіпкерлік, кеден салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады дейді сарапшы-ғалымдар.

Дайындаған Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × five =