ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ БИЗНЕСКЕ БЕРЕРІ МОЛ

0 217

shutterstock_46727167

Мемлекеттер деңгейіндегі интеграция – жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің тиімді әдісі. Бұл аймақтардың экономикалық дамуына қол жеткізеді. Сонымен қатар, капитал, тауар мен қызмет түрлері мен адам ресурстарының еркін қозғалысына қол жеткізіп, белсенділігін арттырады. Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кедендік одақ 2010 жылдың 1 қаңтарынан өз жұмысын бастады. Сол жылдың 1 шілдесінде Кеден кодексі күшіне енген болатын.

Кедендік одақтың құрылуы  мүше мемлекеттер шекарасындағы кедендік бақылауды, өзара саудадағы баж салықтары мен тауарларды рәсімдеу үдерісін алып тастады.

Алғашқы кезде нақты тәжірибенің жоқтығынан түрлі нормаларды белгілеуде  кейбір қиындықтар орын алғанымен, уақыт өте келе бұл жағдай реттеліп, қалпына келді.

Шынымен де, бизнес-қауымдастық үшін көп жеңілдіктерге жол ашылды. Тауарлар уақытша сақтау қоймаларын айналып өтіп, тұтынушыларына жылдам жол та­уып жатты. Осыған сәйкес, кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін кезегін күтіп қоймада жататын тауарлардың шығыны азайды. Кеден брокерлері мен өкілдерінің қызметіне төленетін ақы төмендеді, кеден декларациясының орнына салықтық рәсім енді, ал оны толтыру тәртібі қарапайым және өте ыңғайлы.

Кедендік  одақтың кодексіне де бірқатар жаңалықтар енгізілді. Ол өте қысқа мерзімде жазылып, алыс-берісі көп, тауарларды сыртқа шығарып-алып келетін экспорт-импорт операцияларын жүргізушілердің «жұмыс кітабына»  айналды.

Айта кету керек, алғашқы кезде  барлығымыз үшін тауарды елге уақытша  алып келіп, шығару мерзімінің үш жылдан екі жылға дейін қысқаруы қолайсыз көрінген болатын. Алайда, Кедендік одақ комиссиясының шешімімен  кейбір тауар түрлерін уақытша әкелу  мерзімі  ұзартылды.

Бұл ретте Қазақстанның 2010 жылы уақытша әкелу туралы Стамбул конвенциясына қосылғанын  еске түсірген жөн.

Құжаттың ережелері  көрмелер мен жәрмеңкелерге, концерттер мен спорттық шараларға байланысты уақытша әкелімді жеңілдетуге мүмкіндік берді. Алайда, аталмыш конвенция осы күнде кепілдік беруші органның жоқтығынан Қазақстанда толық қолданылмаса да, Ресей мен Беларусьта  толықтай қадеге жаратылуда. Стамбул конвенциясының  ережелерін қолдану Қазақстанның «ЕХРО-2017» көрмелерін өткізуге тиімді әсер етіп және кәсіпкерлеріміздің еліміздегі сауда-көрме  қызметін  жүзеге асыруына мол мүмкіндіктер берер еді.

Қазіргі күнде Еуразиялық экономикалық комиссия Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметімен және бизнес өкілдерімен бірлесе  Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелерін талқылау үстінде. Ол одаққа мүше мемлекеттердің бизнесі үшін кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдетіп қана қоймай,  импорт және экспорт операцияларын оңайлатады  деп  ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, Кедендік одаққа мүше мемлекеттер арасындағы интеграциялық бірлестік – өзара келісімдер бойынша тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күштерінің  еркін қозғалуына арналған  біртұтас құқықтық алаң. Тауарлар мен қызмет түрлерінің, адам ресурстары мен қаржы капиталының қатысушы мемлекеттер аумағында бір-біріне  ешқандай кедергісіз өтіп, еркін айналуын қамтамасыз ету арқылы мемлекеттер экономикасы қарыштай дамып, барыс-келістің жолы жеңілдеп, аймақтың гүлденуіне жол ашылмақ.

 

Шолпан ДОСЫМХАНОВА,

Кеден ісі жөніндегі сарапшы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =