Еуразия ендігіндегі еркін сұхбат

0 110

Кеше елорда төрінде Еуразиялық медиа форумның он екінші конференциясы аяқталды. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бас қосқан жиында ғаламдық мәселелер талқыланды. Медиа форумға әлемнің 62 мемлекетінен 700-ден астам делегат қатысты.

КОНСТРУКТИВТІК ДИАЛОГ СЕНІМДІ НЫҒАЙТАДЫ

Жоба авторы Дариға Назарбаева форум жұмысын ашық деп жариялаған соң, Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. «ХІІ Еуразиялық медиа форум қатысушылары мен қонақтарын форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылдардың ішінде форум халықаралық деңгейде танымал болды. Ол қарқынды түрде өзгеріске ұшырап жатқан әлемнің өзекті мәселелерін талқылайтын және жаңа әдіс-тәсілдерді туындататын алаңға айналды. Форум жұмысының 12 жылы ішінде оған әлемнің 60 елінен 5 мыңнан астам саясаткер мен сарапшы, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Оның жұмысы туралы 500-ден астам қазақстандық және шетел бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат таратады. Осы жылы Еуразиялық экономикалық одақ құру ұсынысын ортаға салғаныма 20 жыл толып отыр. Медиа форум өзін Еуразия халықтарының жан-жақты ынтымақтастығы мен бірлігінің бастамашысы ретінде көрсете білген Астанада өтіп жатқаны ерекше оқиға» делінген құттықтауда. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бізді тарихы тереңде жатқан ұлттық-мәдени байланыстар мен кең ауқымды іскер қатынастар ғана біріктіретінін жеткізген. «Бүгінгі күні Еуразиялық ықпалдасу үдерісі дамудың жаңа кезеңіне шығып отыр. Астанада 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи келісімге қол қою жоспарлануда. Мемлекеттер мен континенттер арасындағы сенімді орнатудағы, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтап қалудағы Еуразиялық медиа форумның миссия­сын атап өткім келеді. Бүгінгі медиа форум күрделі халықаралық саяси жағдайдың орын алуы уақытында өтіп жатыр. Соңғы айлардағы оқиғалар этносаралық бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын көрсетті» дей келе, Елбасы бұл үдеріске Қазақстан бейбітшілік пен бірлікті сақтаудағы өз тәжірибесін негізге ала отырып, айтарлықтай үлес қосуда екенін ерекше атап өткен.
«Біздің елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тұрып жатыр. Еліміздегі мызғымас құндылық пен мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатын бейбітшілік пен келісімнің арқасында біз «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындадық. Бүгінгі күні елімізде Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы іске асырылуда» делінген Н.Назарбаевтың құттықтау сөзінде.
Президенттің айтуынша, ұлтаралық және конфессия аралық келісімді нығайту, бейбітшілік, бірлік пен тұрақтылық оның басты бағыттары болып табылады. Мәселен, 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Астанада Қазақстан халқы форумы өтеді. Сонымен қатар, 2015 жылы Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының 5-съезі өтеді деп жоспарлануда. «Медиа форум арасындағы конструктивтік диалог өзара түсіністік пен сенімді одан әрі нығайтуға үлес қосады деп ойлаймын» деп қорытындылайды Н.Назарбаев.

ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫС КІМГЕ КЕРЕК?

Екі күнге созылған басқосуда шығыс пен батыс арасындағы түйткілді мәселелер тереңнен қозғалды. «Бүгінгі медиа айдында батыс ақпарат құралдары үстемдік құрады деген пікір бар. Мен мұнымен келіспеймін. Мен он екі жыл бойы осы жиынның басында жүрмін. Еуразиялық медиа форум әр елдің ақпарат айдынында ұстанған өзіндік саясаты мен көзқарасын ашық білдіруіне мол мүмкіндік туғызады» дейді форумының модераторы, белгілі журналист Риз Хан.
Алғашқы күні талқыға түскен тақырыптардың бірі – әлемдік дағдарыс. АҚШ-тың бұрынғы конгрессмені Ньют Гингрич, Израилдің экс-премьері, «Ацмаут» партиясының көшбасшысы Эхуд Барак, ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин, Үндістанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Раджив Сикри, НАТО-ның бас хатшысының бұрынғы орынбасары Александро Минуто-Риццо және египеттік «Аль-Гумхурия» зерттеу орталығының директоры Самех Сейф әл-Язаль ғаламдық дағдарыстың себеп-салдарын, жаңа экономикалық тәртіп пен көшбасшы елдердің ішкі теке-тіресін жайып салды. Айта кеткен жөн, Ньют Гингрич Украинадағы жағдайға қатысты ойын ашық білдірді. Оның айтуынша, Ресейдің қаражаты мол, ол сондықтан да, экономикалық ойынды жалғастыра беруге қауқарлы және өзгенің экономикасына зиян келтіре де алады. «Мен уақыт өте барлығы қалпына келеді деп ойлаймын. Путин де Украина тәуелсіздігіне қатысты жағдайды түсінеді. Біз Украинадағы жағдайды реттеу үшін Ресейді де шектен тыс қыспаққа ала алмаймыз. Егер Эстонияда да осындай жағдай болса, оған басқаша әрекет жасалады. Екі тарап та жақсылап ойланғаны жөн. Кейін өкініп қалмас үшін әр қадамын абайлап басқан жөн» дейді АҚШ-тың бұрынғы конгрессмені. Ал, ресейлік журналист Владимир Познер «қырғи-қабақ соғыс» жайында сөз қозғалғанда, термин сөзді айтуда абай болу керек екенін жеткізді.
– «Қырғи-қабақ соғыс» идеологияның нәтижесі. Ақыл мен парасаттылықтың бәсекесі жүріп жатқан уақытта медиа форумда осының шеңберінде әңгіме болғанын қалаймын, – дейді ол.
Бұл мәселеде пікірлер қайшылығы бірден байқалды. Біреулер Украинаны жақтаса, енді бірі Ресей саясатын қолдайды. Теке-тіреске түскен екі елдің түпкі мақсаты туралы медиа форумға қатысушылар ойларын ашық білдірді.
Жиында Иранның ядролық бағдарламасы ашық сұхбатқа арқау болды. Себебі, 2013 жылдың 23 қарашасында «алтылық» елдері бұл мәселе бойынша ортақ келісімге келген болатын. Бірақ, екі ел арасындағы қырғи-қабақтық қайталана беруі мүмкін. Ал, әлем алдында екі елдің бейбітшілігін сақтау мәселесі өзекті. Иран Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Сейед Мұхаммед Казим Саджапур өз елінде ешқашан әскери мақсатта ядролық бағдарлама болмағанын және болмайтынын айтты. Жоғарыда айтылған бұрыс пікірлердің салдарынан Иранға санкциялар негізсіз салынған дейді ол. Спикерлердің бірі Иранның ядролық бағдарламасын бүкіләлемдік мәселе етіп көрсету дұрыс емес екендігін алға тартса, мәселенің саясиланып кеткеніне алаңдайтындар да бар.

  

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ

Әлемдегі саяси жағдайлар жастың да, кәрінің де әлеуметтік желілердегі жиі талқыланатын тақырыптарына айналды. Әркім өзінің мүддесі үшін өзара пікірлесу алаңына келе алмай, керісінше, қоғамға іріткі тудыруда. Тілдік қорымызда жиі пайдаланып жүрген «Электронды вирус» ауруына қайтіп тосқауыл қоямыз?
Бұл ретте бұқаралық медианың жауапкершілігі туралы айтуға болады. Себебі, сәуір айында Украинадағы ахуалға қатысты өтірік, жалған ақпараттың басым бөлігі осы әлеуметтік желі мен блог арқылы таралды. Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қазір әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату жиілеп отырғанын айта келе, қоғамды оның теріс ықпалынан қорғау қажет деп санайды. «Танымал әлеуметтік желілер көп жағдайда, әсіресе, дағдарыс кезінде пікір алмасу алаңынан бірін-бірі айыптайтын және орынсыз байбалам салатын орынға айналып кетеді. Қоғам мұндай «электронды вирустан» қорғануды үйренуі тиіс. Тыйым салу емес, қорғану керек» дейді ол.
Аймақтардағы шиеленіскен саяси ахуалға баға бергендердің қатарында саясаттанушы Харви Моррис, «Тренд ньюс» агенттігінің аға редакторы Клод Салхани, «Тудэс заман» газетінің шолушысы Саваш Генч, «Аль-Арабия» телеарнасының сарапшысы Базель Хадж Джасем болды.
«Еуразиялық интеграция Еуропа елдеріндегі сүреңсіз жағдайды қайталамайды ма?» деген сауалға ЕврАЗЭС институтының бас директоры Владимир Лепехин, саясаттанушылар Тофик Аббасов пен Сергей Шакарняц, «Анадолы» агенттігінің халықаралық жаңалықтар бөлімінің редакторы Фарук Чалышкан өз ойларымен бөлісті. Біртұтас экономикалық кеңістікті құру, ТМД аумағында ортақ валюта енгізу мәселелері, кеңістікке мүше болған елдердің экономикалық жағдайы да шет қалмады.

ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАР ӨРЕСІ

Еуразиялық медиа форумның басты мақсаты – шығыс пен батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу. 2013 жылы Еуразиялық медиа форум жұмысына әлемнің 46 елінен 600 жуық делегат қатысқан екен. «Шараға қатысуға ниет білдіретін елдердің қатары артып келеді. Бұл ретте Қазақстанның да беделі артты. Бүгінде халықаралық аренада Қазақ елінің басқан қадамы нық деп айта аламын» дейді «Reuters Society» компаниясының өкілі Стефен Сомервиль.
Сонымен, екі күнге созылған бағдарламада әлемдегі дағдарыс салдары, Ирандағы ядролық бағдарлама, Сириядағы келіспеушіліктердің, қақтығыстардың түп-тамыры, еуразиялық интеграция, сондай-ақ, интернет-технологиялардың ықпал ету мәселелері сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Оны нақты шешудің жолдарын дүние жүзіне танымал сарапшылар мен ғалымдар ұсынды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + nineteen =