ЭТНОАУЫЛ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТӨР ҮЙІНДЕЙ

0 152

мира

Иә, ән-жыры жарасқан жерде татулық төрге шығып, ауызбіршілігі бар жерде алауыздық жоғалады. Қазақ халқының даналығы мен кеңдігінің, өзара құрметінің арқасында барша азаматтың этносына, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан ортақ идея төңірегіне ұйысуы – мемлекеттің ұлтаралық саясатының оң көрінісі.

«Қазақ елінің» жанында қызылды-жасылды болып, әр ұлттың дәстүрімен құрылған этноауыл сән-салтанаты тасыған бірлігімізді паш етті.

Алдымен татарлардың үйіне түстік. Себебі оның оң бүйірінде тұрған құдығы ұнады. Екі шелегі, иінағашы және бар. Әдемі бойжеткендер мен бозбалалар құдықтан су тартып, әңгіме айтып тұр екен. Әрине, іштегі сырын бүгін айтпағанда қашан шығарады.

Оның бер жағында бөренеден тұрғызылған орыстың үйі тұр. Мол дастарқанның ортасына пісірілген бекіре балығын, уылдырығымен қатар қойыпты.

Тоқаштың түр-түріне, тандыр нан мен дастарқанын жайнатып қойған өзбектер күмбезді Самарқандқа ұқсатып салынған үйінің алдына кілем төсеп, ұлттық аспаптарымен бүтін бір ансамбль құрып ерекше думандатты. Бірақ, оны ішпейді, үрлейді. Өзбектің ұлттық үрмелі аспабы кернайды құрметті қонақтардың алдында «келді», «келді» деп зор дауысымен барша халықтың құлақтандыру үшін тартады екен.

Әрине, қазақ ат шаптырып той жасаса, көрші қырғыз баласы қайдан қалыс қалады. Бұл тойдың ерекше қонағы – манасшы жігіт. Ырысбай Исахов қырғыздың белгілі манасшысы. Қырғыз киіз үйінің сәнін кіргізген де осы өнерпаз жігіт болды.

Әрине, еврей этноауылының құрметтісі – Моисей Михайлович Гольдберг десем, артық айтпағаным болар. Сексеннің сеңгіріндегі қария үйінде қарап жата алмай, қонақтарды қарсы алуға шығыпты. Көздері жайнаған биші қыздарының ортасында жүріп, майдангер атамыз жасарып кеткендей. Жеңіс күні қарсаңында көңілі толқыды ма, маған бір «құпияның» бетін ашты. Ұлы Отан соғысының гимніне айналған «Катюша» әнінің алғашқы нұсқасы еврей тілінде жазылған екен. «Алеф» еврей мәдени-ағарту, қоғамдық-саяси қоғамының төрағасы осы әнді түпнұсқасында тыңдағанын мақтана айтты.

Бір халықтар оны «нығыш», «гадекен» деп те айтады. Бұл кавказ халықтарының дәстүрінде үлкен орын алады. Ақсақалдар ауылдың көрнекі жерінде орналасқан осы орынға жиналып, барлық маңызды мәселелерді бірлесе шешкен, талқылаған. Шешен-ингуш мәдени орталығының сыйлы қарттары да мерекеге жиналыпты. Бас­тарында бөркі, иықтарында буркасы бар сұсты ақсақалдар вайнахтардың дәстүрінде салынған мұнаралы үйдің алдында «нығыш» жасап, найқалып отырды.

Міне, қызық, осыдан бірнеше жыл бұрын, Шонжыда тараншылар ауылына барған едік. «Тараншы» деп отырғаным, ұйғырлар. Өткен ғасырдың басында ұйғырларды тараншылар деп атаған. Оның не мағына бергенін білмеймін, бірақ бүгінгі ұйғырлардың ата-бабалары тараншы екеніне мақтанатынын естіп едік. Тараншылардың үлкен-кішісі бірдей ұлттық аспаптарда керемет ойнайды. Елордалық ұйғырлар да ата дәстүрінен жаңылмай, ойнақы сазын ойнап әуелетті. Бір риза болғанымыз, сазшыларының алды алпысты алқымдаған қариялар екен.

Иә, бұл тойда қарттарға құрмет ерекше болды. Неміс мәдени орталығының «Шпетте блюмен» ансамблінің мүшелерінің алды – жетпіске жетіп қалған әжелер. Тұғырдан тайдық дейтін неміс апаларымыз емес. Ән салғандағы әсем тербелісі кім-кімді де еліктіріп жібереді.

Думанға жыр айтып ән салумен емес, тірлігінің бір үзігін көрсетуге келгендер де жетеді екен. Күрд мәдени орталығының келіншектері қолдарына ұршық алып, жүн түтіп, жіп иіріп отыр. Ал, грузиндер шарап жасайтын ыдыстарын да ала келіпті. Піскен жүзімнен шырын алып, оны баптап, ыдысқа құйғанға дейінгі бейнеттің бәрін көз алдыңызға алып келетін ежелгі дәстүрдің бүгінгі жаңғырығына тәнті болдық. Ол да бауырларымыздың тұрмысының бір бөлшегі.
Міне, тәжік ағайындардың шайханасына да жақындадық. Ортаға жеміс салынған ыдыс қойып, көк шайын сораптай ішіп, қолындағы рубабты отырған тәжік ағайындар, ұлттық саз аспабына қатысты әдемі аңызды айтып берді: «Жаратқан адамды балшықтан илеп, тіршілік белгісін беріп, жанын үрлемек болғанда, қу жаны адамының кеудесіне кірмей қойыпты. Сонда Жаратушымыз қолына рубаб алып, сазды мақамға салған екен» дейді аңызда. Сонда аспанда ұшып жүрген адамның жаны кеудесіне кіріп, топырақтан жаралған пенде көзін ашыпты. Міне, бүгінге жеткен бұл аңызды сазды аспаптың үнінің әуездігін, жаныңды тербетер нақыштарын жеткізу үшін ойлап тапқан болар.

Сонымен, этноауылда барлық бауырларымыздың үйінде қонақ болып, әңгімесін тыңдап, дәстүріне қанықтық.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + ten =