©2020 Астана Ақшамы
ЭТНИКАЛЫҚ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің мәдени, әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріндегі белсенді институттардың бірі ретінде мемлекеттің ұлтаралық саясатын мейлінше кең насихаттау міндетін де атқарады. Ел ынтымағын дәріптеуде республикалық этникалық ақпарат құралдарының да маңызы зор. Бүгінгі күнде 37 этникалық бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді.
Этникалық бұқаралық ақпарат құралдары этносішілік басылым ғана емес, ақпараттық кеңістіктің толыққанды мүшесі. Олар қазіргі заманғы медиа-нарықтың барлық талаптарына сай, бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие. Ұлттық басылымдар өз этносының руханияты мен салт-дәстүрлерінің, мәдени құндылықтарының басты ошағы болып табылады. Этникалық ақпарат құралдарының алдында маңызды міндет тұр.
Республикалық этно басылымдар көшін бастаушы ретінде корейлердің «Коре Ильбо» газетін айтуға болады. 90 жылдан бері шығып келе жатқан газеттің тарихы да айтарлықтай қызық. Өткен ғасырдың басында Қиыр Шығысты жайлаған корей халқы мекендерінен күштеп жер аударылған кезде газеттің құрыш қаріптерін өздерімен бірге ала келеді. Қазақ жеріне орнығып тұрмысы түзелгеннен кейін олардың корей тіліндегі үнжариялары жарық көре бастайды. Жарты ғасырлық тарихы бар немістердің «Дойче Альгемайне Цайтунг», ұйғырлардың «Уйгур Авази», украиндардың «Украинськи новины», ахыска түріктерінің «Ahıska-Ахыска», татардың «Тан», азербайжандық «Ватан», армяндардың «ВАН» секілді газеттері тағы бар.
«Украинськи новины» республикалық газетінің Бас редакторы Андрей Чернега: «Украин тіліндегі газеттің Қазақстанда шығып тұруының өзін айрықша құбылыс ретінде бағалауға болады. Ел экономикасының күрделі тұсында да ұлттық басылымдардың тұрақты шығып тұруын қамтамасыз ету үшін қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл тұрақтылық пен ынтымақты көксеген елдің мұраты. Үнжариямыздың айырықша болатын тағы бір себебі – бұл ТМД елдерінде украин тілінде шығатын жалғыз басылым. «Украинськи новины» шығармашылық тобы Астана қаласында орналасқан. «Менің Қазақстаным», «Украина жаңалықтары» атты айдарлары арқылы елдегі және Украинадағы жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізуге тырысамыз. Этникалық басылымдардың елдің ақпараттық кеңістігінде еркін дамуында Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Бейбітшілік пен ынтымақтастық, тату көршілік, халықтар арасындағы достықты кең насихаттау «Украинськи новины» басылымының басты бағдары болып табылады».
Ахысқа түрік мәдени орталығының жетекшісі Аскер Пириев: «Халықаралық «Ahıska-Ахыска» газеті түрік, қазақ, орыс тілдерінде шығып тұрады. Басылым тек қана Қазақстанда емес, ТМД елдерінде және Түркияда, Америка Құрама Штаттарында да тарайды. Халықтар арасын жалғап, салт-дәстүрімен таныстырып, жақындастыратын этникалық басылымдарды халық жақсы қабылдайды. Еліміздегі кез келген ұлт өкілдері өздерінің үнжариясымен мақтана алады. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім, ұлтаралық достық және қоғамдағы азаматтық ауызбіршілік – барлық этникалық басылымдарының басты тақырыбы. Байланыс құралдарының қазіргі күндегі мүмкіндігі мен ықпалы өте зор. Елдің ынтымағын бұзып, ұлттар арасына сына қағуда бұқаралық құралдардың әсері болатыны белгілі. Журналистердің кәсіби шеберлігінен бөлек, жоғары мәдениеті, таным-түсінігіне талаптың зор екенін осыдан байқалса керек. Ұлттар мен ұлыстардың ерекшелігі мен болмысын ескеріп, менталитетіндегі аттап өтуге болмайтын нәзік тұстарын түсіне білген жөн.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқы ассамблеясы құрылғалы бері ұлт пен ұлысты біріктірудің өзіндік жолына өтті. Ұлттық басылымдардың әлеуетін біріктіре отырып көп нәтижеге қол жеткізді. Кейде тұрмыстық түйткілдерді ұлтаралық қатынастардың шеңберінде қарауға дағдыланамыз. Тілшілер қолында толық мәліметтердің болмауынан орын алған оқиғалардың нақты көрінісін жеткізе алмай жатады. Ал, әріптестер қаламының мүлт кетуі кейде жанжалдың туындап кетуіне себеп болуы да мүмкін.
Мемлекет тұрақтылығының, экономика дамуының негізі елдің бірлігінде, ынтымақтығының беріктігінде деп бекер айтылмайды. Қазақстандықтардың бойында толеранттық, құрмет пен сыйласу мәдениеттің кең ұғымына саяды.
Нөпірдей тасыған әлемдік ақпараттың асылын таңдап алудың өзі талғамға байланысты.
Оны қалыптастыруда ұлттық басылымдар өзіндік ерекшеліктерімен алға шығады».