Ет тапшылығы экспорттан ба?

0 63

20 қаңтардан бастап, елімізде шетелге мал сатуға тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы арқылы еліміздің ішкі нарығындағы ет тапшылығы мен күннен күнге шарықтап бара жатқан ет бағасын тұрақтандыруды көздеп отыр. Себебі өткен жылы еліміз 156 мың ірі қара, 264 мың қой экспорттапты. Мұның дені Өзбекстанға сатылыпты. Ең қызығы, қазақтар өзбектерге тірі мал сатса, ал ала шапанды ағайындар сол малдың етін өңдеп, шұжық жасап, екі есе бағамен Қазақстанға қайта сатқан. Сонда Қазақстанда шұжық өңдейтін зауыт жоқ па? Ел ішіндегі тапшылық пен бағаның өсуі тек қана экспортқа қатысты ма? Мал өнімдерінің қымбаттауына экспорттан басқа не әсер етуі мүмкін? Мал шаруашылығы халқымыздың ата кәсібі болғанымен, кең-байтақ Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға жасалған мүмкіндік көңіл көншітетін деңгейде емес. Мал шаруашылығын дамытуға қосымша жәрдемақылар белгіленіп, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс», «Жайылымды суландыру» сияқты бағдарламалар атқарылғанымен, оның жемісі ойдағыдай болмай отыр. Нәтижесінде тауықтың сирағынан тартып, жылқының жаясына дейін шетелден импорт етіп келген едік. Тек соңғы бір-екі жылда ғана қой, сиыр түлігіне Қытай, Өзбекстан, Иран елдерінен сұраныс күшейіп, мал экспорты енді жандана бастап еді, ішкі нарықтың қажетіне байланысты оған да шектеу қоюға мәжбүр болдық. Бұл нені түсіндіреді? Бұл біздің елдің ауыл шаруашылық саласы, соның ішінде мал шаруашылық саласының дамуы тым баяу екенін көрсетеді.
Шынын айтқанда, ет бағасының қымбаттауы мен нарықтағы еттің тапшылығы тек экспорттан ғана туындап отырған жоқ. Керісінше, мал жайылымның үздіксіз таралуы, шабындық жерлердің азаюы бір себеп болса, екінші жақтан, мал бағудың өзіндік құнының жоғарылығы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығына жұмсалатын жанармайдың қымбаттауы, осыған ілесе жем-шөп бағасының жыл сайын көтерілуі Қазақстандағы мал басының көбеюіне кері әсерін тигізіп отыр. Оның үстіне, «Малды баққанға баққыз, отты жаққанға жаққыз» дегендей, мал бағудың мехнаты да аз емес. Көзден таса ұстасаң, ұшты-күйлі жоқ қылатын мал ұрылары тағы бар. Кейбір өңірлерде мал дәрігерлері малдағы індетті емдеп, мал басының көбеюіне үлес қосқанның орнына шұжық өндіретін орындармен жең ұшымен жалғасып, малшының сау малынан «ауру» табатын қитұрқы әрекеті де жоқ емес секілді. Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарат Кемелұлы Тоқаев мал ұрлығына тыйым салу мақсатында жазаны күшейтуді тапсырғаны көпке мәлім. Демек, мал шаруашылығының дамуына тұсау болып отырған кедергілер аз емес. Әсіресе, Қазақстанның астық экспорттау қуатының артуына сай, егіс алқаптары үздіксіз кеңейіп, жайы­лым тарыла түсті. Ауылдың іргесіне дейін егін салынғандықтан, малмен күн көрген тұрғындардың мал түгіл бұзау жайылатын жері қалмағандықтан, ауылдарда шағындап болса да, мал ұстайтындар жыл сайын азайып барады. Елімізде егін шаруа­шылығы мен мал шаруашылығын қатар дамытуға және егін шаруа­шылығын, мал шаруашылығын дамытудың тая­ныш күші етпегендіктен, жем-шөп қымбаттады. Көктемгі егіс кезі мен күзгі жиын-терім мезгілінде солярканың бағасы 190 теңгеге дейін көтерілді. Ендеше, осыдан он шақты жыл бұрын 50-60 теңге болған солярканың бағасы аз уақыттың ішінде 2 еселеніп, тоқ бағасы да көтерілсе, мал азығы қалай қымбаттамасын?! Ал мал азығы қымбаттаса, ет бағасы да табиғи түрде көтерілетіні белгілі.
Малшылар да, мал бордақылаумен айналысатын саудагерлер де Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын дамытуға тұсау болып отырған негізгі мәселені шешпей, мал экспортына тыйым салуы Қазақстан нарығындағы ет тапшылығын түбегейлі шеше алмайды деп қарайды. «Жайылым жыл сайын таралып барады, бос жатқан жерлердің көбінің иесі бар, оған жолатпайды. Ал қолдан шығармай қорада бақсаң, оған кететін шығын да аз емес. Жем-шөп жыл сайын қымбаттап барады. Оның үстіне, Қазақстанда барлық нәрсенің бағасы өскенде еттің бағасы неге өспеуі керек? Ендеше, Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағасының өсуіне тосқауыл қойғысы келсе, онда жанармайдың, жем-шөптің бағасын төмендетсін, ал олардың бағасы төмендемесе, мал жел жеп семірмейді ғой» дейді Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар. Осыған қарағанда, экспортқа тыйым ет бағасының қымбаттауы мен еттің тапшылығына тосқауыл бола алмайтын секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 13 =