Естен шығармайтын ережелер

0 27

Адамның бүкіл саналы ғұмырында өзін қандай көңіл-күйде ұстауы, денінің сау болуы зор маңызға ие. Себебі тұрмыс деңгейі мен әл-ауқаты да, яғни толыққанды әлеуетті өмір сүруі де соған байланысты.

Осы тұрғыда санитарлық ережелерді сақтаудың эпидемиологиялық мәні орасан зор. Бәрі де жеке бас гигиенасынан басталады. Гигиена – бұл адам денсаулығын жақсарту мен сақтау туралы ғылым. Гигиена жеке және қоғамдық деп екіге бөлінеді. Қоғамдық түріне балалар мен жасөспірімдер гигиенасы, еңбек, қоршаған орта және коммуналдық гигиена және т.б. жатады.
Жеке бас гигиенасы – адамға қойылатын ең басты талаптардың бірі, ол барлық азаматтар сақтауы тиіс бірқатар санитарлық ережелерден тұрады. Аталған ереже адамның денесін, қолы мен ауыз қуысын күтіп ұстауға және арнайы киімге қатысты бірқатар гигиеналық талаптарды қарастырады.
Жеке бас гигиенасын сақтамау ұжым ішінде жұқпалы аурулардың, соның ішінде аса қауіпті инфекцияның таралуына және тамақтануды ұйымдастыру кезінде азық-түліктің патогенді микробтармен бүлінуіне, сөйтіп өткір ішек аурулары мен астан улануға әкелуі мүмкін.
Елдегі карантиндік шектеу жағдайына байланысты тұмауды қоздырушы вирустар және коронавирус инфекциясы мен өзге де ЖРВИ вирустары белсенді болып тұрған кезде өзімізді және айналамыздағы жақындарымызды ауру жұқтырудан қорғау үшін не істеу керек?
Аталған аурулардың бәрінің қоздырушылары өте жұқпалы және олар ауа тамшылары арқылы беріледі. Түшкіріп немесе жөтелгенде науқас адамның айналасындағы ауа­ға оның вирус жұқтырған сілекейінен микротамшылар таралады. Соның ішінде ең ірілері айналадағы заттардың бетіне қонып, ұсақтары ауада ұзақ уақыт сақталады және бірнеше метрге дейін тарала береді. Бұл кезде вирустар бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін адамдарға жұғу күшін сақтап тұрады. Сондықтан гигиеналық профилактиканың негізгі шаралары сау адамдардың науқастармен байланысын болдырмауға бағытталады.
Қалай жұқтырмауға болады?
Кез келген қоғамдық орында болып, көлікке мінгеннен кейін, есік тұтқасын, ақша, жұмыс орындарындағы бәрі қолданатын кеңсе тауарларын ұстаған соң, ас ішер алдында және ас әзірлемес бұрын қолды міндетті түрде жуу керек. Қолыңызды 20 секундтан кем емес уақыт бойына мұқият жуып, дұрыстап кептіріңіз. Көшеден үйге кіргесін қол мен бетті сабынмен жуып, мұрынды изотоникалық тұз тұнбасымен шайған жөн.
Бет пен көзді тек қолды жуғасын барып ұстауға болады. Ал су мен сабын болмай қалған жағдайда қолды тазалауға спирті бар зарарсыздандыру құралдарын қолдануға болады немесе көз бен мұрынға қол тигізу керек болса бір реттік сулықтар пайдаланған жөн.
Адамдар көп жүретін орындар мен көлікке мінгенде бір реттік медициналық маска кию керек. Масканы 2-3 сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Сыртта, адамдар көп жерде жүргенде шашыңызды мейлінше жинап қойып жүріңіз, себебі бос жіберілген шашта науқаспен жанасқанда вирус жұқтыру қаупін күшейтеді. Бір ғимарат ішінде ЖРВИ белгілері бар адамдармен жақын сөйлесіп, бірге отырудан қашыңыз. Жалаң қолмен есік тұтқаларын, есік жақтауларын және басқа да қоғамдық орындардағы заттарды ұстамауға тырысыңыз. Сонымен қатар қол алып амандасудан, құшақтап бетінен сүюден бас тартыңыз. Ғимаратты жиі желдетіп, ортақ сүлгі пайдаланбаңыз.
Жаныңыздағыларға жұғып кетпеу үшін…
Егер сіз вирус жұқтырған болсаңыз, дені сау адамдармен байланысты үзесіз. Жағдайы­ңыз болмай тұрған кезде басқа адамдармен сөйлесуге немесе қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр болсаңыз, бір реттік маска киіп, оны сағат сайын ауыстырып отырыңыз.
Жөтеліп, түшкіргенде міндетті түрде аузыңызды мүмкіндігінше бір реттік орамалмен, ол болмаса алақаныңызбен жабыңыз. Тек жеке немесе бір реттік ыдыспен ас ішіңіз. Үйдегілерден өзіңіздің жеке гигиеналық заттарыңызды, атап айтқанда, тіс щеткасы, жөкені және сүлгіні бөлек ұстаңыз. Үйді күн сайын ылғалдап сүртіп, әсіресе, есік тұтқалары, жарықты ажыратқаштарды, кеңсе техникасын басқару панельдерін тазалап отырыңыз.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, коронавирус инфекциясының таралу және онымен ауыру деңгейін төмендету үшін еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес енгізілген шектеу шараларының ішінде маска тағу режимін қатаң сақтау қажеттігі айтылған.
Жоғарыда айтылған жеке бас гигиенасы ережелерін әрбір адам сақтауы керек. Себебі денсаулық үшін қолайсыз ортада қала отырып сау адамның да ұзақ уақыт солай денсаулығы жақсы болып жүре беруі мүмкін емес. Бір күні болмаса, бір күні осындай вирус жұғу қаупі бар кезеңде жүрген сау адамдардың өзінің денсаулығы сыр бере бастауы мүмкін. Сол себепті санитарлық ережелер аурудың алдын алу жүйесінің бір маңызды бөлігі саналады. Бұл ережелер медико-биологиялық тұрғыда қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған. Ол тек адамның ғана емес, бүкіл қоғамның саулығын қамтамасыз етуге арналған.

Қанат МОЙНАҚОВ,
№6 қалалық емхананың
инфекциялық бақылау
қыз­метінің жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + 9 =