Есте ерекше қалған екі жыл

0 141

2017 жылдың жазына қарай, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясынан зейнетке шыққаныма жарты жылға жуықтаған шамада, қалалық «Астана ақшамы» газетіне шолушы қызметіне келіп, бірер айға үзіліп қалған журналистік жолымды қайта жалғастырдым.

Қазір «Астана ақшамында» жарияланған дүниелерімнің өзі жиырма баспа табақ көлемінде басылып шығатын кітапқа лайық болып тұр.
Мен газетте қызмет еткен кезде көптеген жаңа айдарлар қатарға қосылды. Солардың бірқатарын тікелей мен жүргізіп отырдым. Мәселен, «Үлкен қала үрдісі» деген арнаулы бет аясында әлем қалаларындағы елді мекенді көріктендіру мен шаруашылық жүргізудегі әртүрлі жақсы жаңалықтар мен тәлімді тәжірибелер туралы ой толғап тұрдық. «Шаһар шежіресі» шеңберінде көне Ақмола мен Целиноград кезінен бар қилы нысандар жайлы суыртпақтап сыр шерттік. «Тарихи тұлғада» осы кент пен өлкеден шыққан белгілі кісілер турасында зерттеу жүргіздік. Осы сыңайда қазақтың алғашқы жазба ақын қыздарының бірі Шолпан Иманбаева хақында қалам тербеу мен үшін естен кетпес оқиға болды. Менің газетте саяси шолушының міндетін атқарған кездегі жұмысым да біразға барып қалыпты. Олар апта сайын дерлік «Шартарап» және «Көрші ақысы» деген атаулармен үзбей жарық көріп тұрды.
Мен келген кезде де редакция ұжымы сайдың тасындай тарландардан құралған екен. Бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабек арасында өзі бұрқыратып жазып тастап тұратынынан бөлек, ұжымды ұядай етіп ұстап, әрбірін кезекті жеріне ыңғайымен жұмсап отыруға әбден төселіп қалыпты. Жауапты хатшы болып жүрген Орынбек Пазылов газет макетін сызып тастап, бетті жүргізуден босағаннан кейін дереу қалам-қағазына жүгінетін бесаспап маман ретінде көрінді. Қалған журналистер жұрағатының қай-қайсы болса да, айтылып отырған деңгейден төмен түсе қоймайтын «сен тұр, мен атайын­ның» сұрпынан болып шықты. Жүрдек журналистер Аманғали Қалжанов пен Азамат Есенжолдың екеуі де руханият санатында жүргенімен, жазу мәнерлері мен тәсілдері бір-бірінен өзгеше, әрбірінің өзіне тән қолтаңбалары бар. Ал Гүлжан Рахманқызының білім жүйесіне қатысты жазған кез келген мақаласының рейтингісі әманда жоғары сынап бағанасынан табылып жататын. Тез жазып тас­тап, келесі тақырыпқа қиналмай көше беретін Гүлмира Аймағанбет өзін нағыз күй таңдамайтын жорға бола алатынын ерте бастан аңдатып келеді. Қашаннан «өз ғасыры өзінің иінінде» жүретін, өзіне өз дүние­сін әлдеқашан қалыптастырып үлгерген Айгүл Уәйістің көтеріп жүрген адамгершілік пен адами құндылықтар төңірегін шиырлайтын мәселелері мен тақырыптарына жұрттың бәрінің бірдей «тісі бата бермес» еді. Ұжымға бізден кейіндеу келген Төлен Тілеубай еңістен салса, төске озатын, не жазса да, тап-тұйнақтай етіп жаза қоятын өте ұқыпты да зерек інілеріміздің бірі есебінде құрметімізге бөленді.
Иә, өзім қызмет еткен жылдары «Астана ақшамында» шығармашылық еркіншілік анық аңғарылды.
Міне, өз өміріміздің сәулелі бір сәттері өткен сол «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыға бастаған шағына да отыз жыл мерзім толыпты. Бұл аталмыш басылымның ордалы отыз жылда елорданың дамуына үркердей үлес қосып қана қоймай, сонымен бірге қаншама қабырғалы қаламгерді өз қатарынан ұшырып шығарғанына куә бола түседі.
Мерейлі мереке құтты болсын!

Серік ПІРНАЗАР,
Қазақстанның мәдениет
қайраткері, баспасөз
ардагері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − sixteen =