«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ЕСМАҒАМБЕТОВА МАҒАУИЯ СЕЙІЛҚЫЗЫ

0 122

2013 жылдың 7 маусымында ауыр науқастан соң 82 жасқа қараған шағында белгілі кеңес-партия қызметкері, ҚР дербес зейнеткері Мағауия Сейілқызы Есмағамбетова өмірден озды.

М.С. Есмағамбетова 1932 жылдың 15 сәуірінде Ресейдің Қорған облысының Құртамыш ауда­нын­дағы Белое селосында дүниеге келді. Осыдан аз уақыттан кейін ата-анасы және бауырларымен Қазақстанның Қостанай облысына қоныс аударып, тұрақ тапты. Осы жерде орта мектепті аяқтап, жас кезінен қоғамдық жұмыстарға тартылды. Алды­мен пионервожатый болды, ал 1950 жылдан бастап Ұзынкөл аудандық комсомол комитетінің бірін­ші хатшысы болса, кейіннен Қазақстан ЛКСМ Қостанай обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Одан кейінгі көп жылғы қызметі Есіл бойындағы тың өлкесімен байланысты болып, осы жерде 1961 жылдың наурыз айында, бар болғаны 28 жасында Целинный өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне сайланды. Бұл өлке жойыл­ға­сын Целиноград облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан соң Қазақстан Компартиясы Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы болды.

Сол жылдары жоғары, жауапты басшылық қызметтерде болған аз әйелдердің қатарына еніп, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды.

Мағауия Сейілқызы 30 жылға жуық уақыт әлеуметтік саланың білім беру, денсаулық сақтау, ғылым мен мәдениет секілді күрделі учаскілеріне жауапты болып, осы аса маңызды салалардың дамуына барлық жанын салды, материалдық база­ла­рының нығаюы, халыққа қызмет көрсету жұмы­сының жақсаруы, басшылық кадрлар мен маман­дар­дың іріктелуі үшін аянбай атсалысты.

Целиноград қаласының төрт ЖОО-ның, мек­теп­тер­дің, орта арнаулы оқу орындары мен кәсіптік училищелерінің, көптеген мәдени ошақтардың, емханалар мен аурухана кешендерінің, басқа да нысандардың ашылуы мен қалыптасуы оның есімімен тығыз байланысты.

Мағауия Сейілқызының бастамасымен әрі басшылығымен оқушыларды еңбекке баулу бойынша едәуір жұмыстар атқарылды, оқушылық өндірістік бригадалары, мектепаралық, оқу-өндірістік комбинаттары құрылды, жастарды еңбекке баулу, тәрбиелеу және кәсіби бағдар беру бойынша тұтас жүйе құрылды. Бұл жүйе республикамызда ғана емес, бүкіл ҚСРО-да сұранысқа ие болды.

Оның бойынан үлкен ұйымдастырушылық қабілет, іскерлік, адалдық пен тазалық пен талапшылдық қасиеттер молынан табылатын. Ол адамдарды жандыра білетін, жоспарлар мен тапсырмаларды орындауға жігерлендіретін, олардың іске асырылуын қамтамасыз ететін.

Зейнеткерлікке шыққасын Мағауия Сейілқызы ардагерлер қозғалысы жұмысына белсене араласып, Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесі төра­ға­сының орынбасары, кейіннен кеңес төрайымы, Республикалық ардагерлер ұйымы Орта­лық Кеңесінің мүшесі болып, өңірдің арда­герлер ұйым­дары жұмысына көптеген игі жаңа­лық­тар­ды енгізеді.

Оның қызметін республика жоғары бағалап, үш Еңбек Қызыл Ту орденімен, үш «Құрмет белгісі» орденімен, Халықтар достығы мен «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдермен марапатталды. Ол бірнеше мәрте комсомолдық, партиялық басшылық органдардың құрамына енді.

Алдына жоғары мақсат қоя білген адам, нық моральдық принциптер мен азаматтық ұста­ным­ның­ иесі М.С.Есмағамбетованың жарқын бейнесі оны білгендер мен бірге жұмыс істегендердің жүректерінде мәңгіге қалады.

Ақмола облысы әкімшілігі
Ақмола облыстық мәслихаты
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ облыстық және орталық кеңестер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды