Ескірмеген әсемдік

0 9

Ұлттық музейде «Үнділік сари: ескірмейтін әсемдік» атты дәстүрлі үнділік тоқыма өнімдерінің көрмесі өтті.Бұл көрме үнді елінің көрнекті қайраткері Махатма Гандидің 150 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр, оны Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығы ұйымдастырды.
Мәдени шараның ашылуында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы осы көрмені өткізуге ұйытқы болған Үндістанның Қазақстандағы елшісіне алғысын айтты. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени байланыстың аясында алдағы 18 наурызда Делиде «Алтын адам» көрмесін өткізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Көрмеге қойылған дүниелер Үндістанның жеті түрлі штатынан әкелінген. Олардың бәрі де үнді халқының тарихымен, өнерімен үндеседі. Үнді шеберлерінің қолынан шыққан бұ­йымдар келушілерді ерекше өрнектерімен тәнті етті. Мұндағы боялған, басылған, тоқылған, кес­теленген маталардан 33 дәстүрлі сари түрлерін көресіз. Жалпы, Үндістанда тоқыма өнері ертеден жақсы дамыған. Олардың өнімдері қазір де үлкен сұранысқа ие деуге болады.
Осы іс-шараға арнайы қонақ болып келген Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумар саридің үнді халқының көне тарихымен бірге қалыптасқандығын айтты.
«Бұл киім үлгілері жергілікті халықтың мәдениетін сипаттайды. Сарилердің тоқылуы матасымен ерекшеленеді» деп оның мазмұнына тоқталып өтті. Сондай-ақ көрме барысында келушілерге «Сари кию үлгісі» атты ашық сабақ ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды