Ескі киімнің «екінші өмірі»

0 76

Елімізде жағдайы төмен отбасыларға жыл сайын ұтымды бастамалар жасалуда. Соның ішінде әлеуметтік көмек көрсету мақсатында көптеген дүкен жұмыс істейді. Атап айтсақ, елорданың сол жағалауында қоныс тепкен Qargyn.kz дүкені талай мұқтаж отбасының алғысына бөленіп жүр.Дүкеннің негізі алғаш 2019 жылы қаңтар айында қаланған. Филиалдары Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан. Тұрмысы төмен отбасыларға айына 70 мыңнан астам қажетті киім-кешек жиналады. Осы уақытқа дейін дүкен 25 мың адамға көмек көрсеткен. Дүкен киімдермен қоса ойыншықтар, ыдыс-аяқтар, тұрмыстық техникалар және тамақ өнімдерін де қабылдайды. Әлеуметтік жобаның негізін құраушы Жандос Абумуталифұлының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – мұқтаждар мен қайырымды жандар арасында дәнекер болу. «Бұл жобаның негізгі мақсаты – екі елдің арасында көпір болу. Яғни адамдар қажетін өтеген затын осы платформаға әкелсе, сол затқа мұқтаждығы бар екінші адам соны тегін алып кете алады. Жалпы бұл қоғамға бейімделген, жеңіл жоба деуге болады. Қазақстан сынды әлеуеті бар елге мұндай жобаның қажеттілігі сәл төмен, себебі бұл – кедей елдерге арналған жобаның бірі. Дегенмен біздің елде осы жобаның өмір сүруі мұқтаж адамдардың басым екендігін көрсетіп отыр. Мақсатымыз – сол мұқтаждықты белгілі бір деңгейде өтеу» дейді ол. Жоба авторы әлеуметтік дүкен ашу идеясы қайырымдылық жасап, қоғамға пайда тигізсем деген ниеттен туды дейді. «Әрбір адам белгілі бір деңгейде өзінің қайырымдылығын жасайды. Біреу оны жасырып жасайды, енді біреу жария түрде жасайды. Бұл да бір ата-анамыздан үйренген нәрсеміз шығар деп ойлаймын. Карантинде азық-түлік таратқан кезде көп отбасылар қиын жағдайда екенін өз көзіммен көрдім. Астанадағы «Оңтүстік-шығыс» ауданының кей тұрғындары Африка мен Сириядағы кей мұсылмандардан естіп жүрген «Бүгін біз ыстық тамақ жейтін болдық» деген сөзді айтқанда, ұйқым қашты. Мұнда келуші жүз адамның тоқсан сегізі – қазақ. Демек, қазақ қауымы әлі мұқтаждықтың үстінде отыр» деді.
Әлеуметтік дүкеннің алушыларға қоятын өз шарты бар. Яғни айына бір рет әрбір отбасы мүшесі үш киімнен ала алады. Мысалы, отбасында 6 адам болса, олар 3 заттан, осылайша ай сайын 18 киім-кешекке ие болады. Дүкенге кірмес бұрын отбасылардың куәліктері болуы шарт. Сонымен қатар карантиндік талаптарды сақтай отырып, бетпердені де ұмытпағаны жөн. Мұнда көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, аз қамтылған жұмыссыз жандарға, еңбекке жарамсыз адамдарға, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға көмек көрсетіледі.
Дүкенде балалар тауарына сұраныс жоғары болғандықтан, алушылар алдын ала кезекке жазылады. Өздеріне тиесілі заттарын берілген екі күн ішінде алып кетулері тиіс. Дүкенде жаздық киімдермен қоса қысқы және күзгі киімдерді де байқауға болады. Балаларға арналған ойыншықтар және бесік арба секілді қажетті заттар бар. Тіпті кітап, азық-түлік пен үй шаруасына арналған техникалық құрылғыны да дүкеннен табуға болады. Дүкен әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейді. Күнделікті есептерін, айтулы іс-шараларының барлығын да желідегі парақшаларына салып отырады. Сонымен қатар дүкенге келген заттар жайлы да желіде құлағдар етіп отырады. Мұнымен қоса, мұқтаж жандардың алғыстарын да көзіңіз шалады. Дүкенге елімізге танымал жұлдыздар көмек көрсетеді. Мысалы, «Жігіттер» квартетінің мүшесі Ердос Қанаев, экономист Дәулет Мұқаев, режиссер, продюсер Мейірхан Шерниязов секілді халық қалаулыларын айтуға болады. Дүкен – бүгінгі таңда талай отбасылардың сауабын алып отырған бірден-бір нүкте. Күн сайын көмекке мұқтаж жандардың ілтипатына бөленіп отырады.
– Балаларға киім алдым. Сапасы жақсы. Үйге киіп тастауға болады. Көшеге киюге жаңасын алсақ та, үйге осы жерден алуға болады, – дейді қала тұрғыны Алмагүл Есжанова.
Әлеуметтік дүкен жалғыз отбасыларға көмек қолын созып қана қоймай, қоғамның қайырымды іс жасауына деген қызығушылықтарын оята білді. Дүкенге кіре қалсаңыз, қолдарында заттарға толы үлкен дорбаларын ала келгендерді көресіз. Беріп жатқан дүниелеріне ешқандай ақы сұрамайды. Оның орнына көп алғыс арқалап қайтады.
Мінекей, бұл дүкен мұқтаж жандардың бір жыртығын жамаса, екінші жағынан қоршаған ортамыздың да тазаруына үлесі зор. Олай дейтініміз, қала тұрғындарының көпшілігі өздері кимейтін киім-кешекті қоқысқа тастап, осындай дүкендерге өткізуге мән бере бермейді. Жалпы шетел тәжірибесіне сүйенсек, қоқыс жинайтын жерлерге әлі де бір киіп тастауға болатын киімдерге арналған жәшік болады. Ол тікелей осындай орталықтарға жеткізіледі. Бізде де киімдердің екінші айналымын жолға қойса, қоғамға көп қайыры болар еді деген оймен дүкеннен шықтық.

Жәнел ҚҰТТЫБАЙ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − six =