«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ескертпелер ескерусіз қалмайды

0 125

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов 2018 жылы атқарылған іс-шаралар бойынша қорытынды есеп беру жиынын өткізді. Кездесу Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектебінде ұйым­дастырылды.

Аудан әкімі өз сөзінде былтыр ғана құрылған ауданда бірқатар жұмыс атқарылғанын, әлеу­меттік желі арқылы халықпен тығыз байланыс орнатылып, нәтижесінде жүздеген сауал түскенін, оның 70 пайызы шешілгенін жеткізді. Сондай мәселелердің бірі жертөлелерді баспана еткен тұрғындар жайы қазір басты назарда тұр екен. Олардың басым бөлігі алаяқтардың алдауына түсіп пәтерінен айырылып қалыпты. Енді осы іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал тұрғындар тарапынан түскен сауалдардың бір бөлігі ПИК жұмысына байланысты қойылды. Бірі уақытында жиналыс өткізілмейтінін айтса, енді бірі шатырдан су тамшылайтынына шағымданды. Аудан басшысы арыз-шағымдар, ескертпелердің әрқайсысы ескерусіз қалмайтынын, жақын уақытта шешімі болатынын алға тартты.
Болат Кәрібаев есімді тұрғын ағаштардың сырт келбетін ретке келтіргенмен, артынша толығымен қопарып алып тастайтынын ескертті. Бұған аудан басшысы кез келген ағаш айналасына кедергі келтіріп, адам өміріне қауіп төндірген сәтте ғана түбімен қопарылатынын, есесіне оның орнына бес ағаш қоса егілетінін айтып түсіндірді.
Ал журналист Мақсат Ясылбайұлы ауданда үш мәселе шешілмей тұрғанын жеткізді. Оның алғашқысы – мешіттердің аз екенін, соның салдарынан жұрттың көбі Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешітке ағылып, түскі уақытта кептеліс болатынын ескертті. Екіншісі балабақшалардың жетіспеушілігінен бір топта 40-тан аса бүлдіршін тәрбиеленетінін қозғады. Сондай-ақ «Жастар жылы» қарсаңында Кенесары ханның сарбаздары жерленген зиратты өскелең ұрпақтың көбірек зиярат етуі насихатталса екен деген тілегін білдірді.
Осы ретте Байқоңыр ауданының әкімі «Өндіріс» тұрғын алабында жекелеген инвес­торлардың есебінен мешіт салынып жатқанын, биыл құрылысы бітіп, қолданысқа берілетінін мәлім етті.
Астанаға өзге өңірлерден көшіп келетін жұрттың көптігін, соның нәтижесінде кезекте 93 мың бүлдіршін тұрғанын айтып, жылына ондаған мемлекеттік балабақша салғанмен, мәселе шешілмейтінін жеткізді. Есесіне бұл проблема жеке балабақша ашуға ниет білдірген кәсіпкерлердің арқасында реттелген көрінеді. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зират маңына тақта немесе ескерткіш орнату жоспарда барын, бұл жастардың Кенесары хан жайлы көбірек ізденуге құлшынысын арттыратынын айтып өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды