Ескерткіштер көрнекі орынға қойылса…

Айтпайын-ақ деп едім...

0 33

Ескерткіштер – елдіктің белгісі. Елордада осы күндері елуге тарта тарихи және мәдени ескерткіш бар болса, биыл олардың саны көбейеді. Атап айтқанда, Аристотельден кейін «екінші ұстаз» атанған шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби, қазақ даласында білім шырағын жаққан Ыбырай Алтынсарин, Алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожанов, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов ескерткіштері бой көтереді. Мұның сыртында Павлодар облысы мен Үндістан елшілігі қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев пен Махатма Гандидің ескерткіштерін сыйға тартпақ.Қазіргі кезде бұл ескерткіштер жобаларын тиісті комиссия талқылап, орнатылатын орнын анықтап жатыр. Бұл – өте дұрыс. Себебі кез келген ескерткіштің композициясы тұлғаның түр-сипатына, оның атқарған еңбегіне сай келуі керек. Және мұны қайда болса сонда орната салуға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, ескерткіш тұлға болмысын ашып, оның тұратын орнында да мән болуы қажет.
Жақында Үкімет қаулысымен Оқушылар сарайына әл-Фарабидің аты берілді. Естуімізше, ұлы ойшылдың ескерткіші соның алдына орнатылады. Негізінен, биыл 1150 жылдық мерейтойы атап өтілетін тұлғаның аты Ұлттық академиялық кітапханаға берілсе құба-құп болар еді. Біріншіден, ғалым туған Отырарда ірі кітапхана болғаны тарихтан белгілі. Кейбір деректер оның негізін қалаған әл-Фараби дейді. Ендеше кітапханаға аты беріліп, кітап ордасының жанында еңселі ескерткіші тұрса жарасар еді.
Екіншіден, қаланың жаңа орталығында – сол жағалауда қанша жүрсек те, «Астана-Бәйтерек» монументі, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, т. б. осы секілді символдық мәнге ие ескерткіштерді болмаса, бірде-бір тарихи тұлғаның ескерткішін көрмедік. Оның барлығы оң жағалауда орналасқан. Әл-Фараби сынды тұлғаның ескерткіші жаңа орталыққа көрік қосар еді деп есептейміз.
Жұмабек Тәшеновтей ұлтқа зор еңбек сіңірген қайраткерге елордадан ескерткіш орнату мәселесі көптен көтеріліп, былтыр ғана шешілді. Ескерткіштің бірнеше жобасы комиссия қарауына шығарылды. Естуімізше, тиісті таңдау жасалғаннан кейін ол Тәшенов көшесіне орнатылмақ. Осылай ұйғарып отырғандар «тұлғаның атында көше бар, ендеше ескерткішін де сол жерге орнатайық» деген ұстанымда сияқты. Бұл көшеде жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың, Мұстафа Кемаль Ататүріктің ескерткіштері тұр. Олай-былай өтіп жататын жұртқа екіншісі мүлде көрінбейді. Жұмабек Тәшенов ескерткіші де тасада қалып қою мүмкін.
Бұл жерде тарихи фактіні ескерген жөн. Қазақстанның құрметті журналисі, Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, тәшеновтанушы Мейрам Байғазин ескерткіш «Астана» концерт залы алдында тұру керек деп есептейді. Оның дерегінше, бастапқыда Тың игерушілер сарайы аталған кеңес заманындағы аса ірі бірегей ғимаратта 1960 жылдың қазан айында Жұмабек Тәшенов пен Никита Хрущевтің текетіресі өткен. Нәтижесінде бес облысымыз Ресей Федерациясының құрамына қосылмай, Қазақстанда қалды. Бұл – Тәшеновтің тарихи ерлігі. Екіншіден, «Астана» концерт залына қарама-қарсы Абай Құнанбайұлының ескерткіші тұр. Тәшеновтанушының сөзінше, өз кезінде Жұмабек Ахметұлы Алматыда ұлы ақынның ескерткішінің бой көтеруіне, Абай даңғылының салынуына мұрындық болды. Ендеше Абайға қарама-қарсы қайраткердің ескерткіші тұрса, тарихи сабақтастық орнар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды