«ЕСКЕРТКІШТЕР – ЕЛ ТАРИХЫ»

0 3  476

ZAH_4791

Астанада 78 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Көнеден келе жатқан қорғандар мен қыстаулар, Бозоқ қалашығы, ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басында осы аймақта өмір сүрген көпестердің үйлері, Кеңес одағы заманында бой көтерген тарихи ғимараттар, сол кезеңде және Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тұғырға қондырылған ұлы тұлғалардың ескерткіштері – осылардың бәрі қаламызға сән ғана беріп қоймай, жас ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызға ие.

Өткен сенбі күні экологиялық айлық аясында бастауын алған «Ескерткіштер – ел тарихы» ак­циясының мақсаты да – елор­­­да­дағы ескерткіштердің ма­ңайын ретке келтіру ғана емес, адамзат тарихында із қал­дыр­ған тұлғалардың өмірі мен мұра­ла­рына бойлау.

Акцияға мектеп оқушылары, студенттер мен жастар ұйым­да­рының өкілдері қатысуда. Астана қаласы Білім басқармасының тіршілікті қамтамасыз ету және абаттандыру бөлімінің басшысы Мәдина Сүлейменованың айтуынша, экологиялық айлық барысында басқарманың бас­тамасымен алты түрлі акция ұйым­дастырылып отыр. Со­ның бірінің шеңберінде 24 ес­керт­кіш­­тің маңы тазаланып, жуылып-шайылады. Оған шаһардағы 71 мектептің оқушылары жұмыл­дырылады.

Акцияның алғашқы күні Са­рыарқа ауданы әкімдігінің ұйым­дастыруымен ұлы ойшыл Абай ескерткішінің жанында №1, 25, 69 орта мектептердің оқушылары жиналып, тазалау жұмыстарымен айналысты. Тұ­ғыртасты жуды. Да­намыздың өлең­дерің оқып, ән­дерін шырқады.

Акцияға арнайы келген Қазақстан-Ресей университеті жанындағы «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының дирек­торы, ақын Алмахан Мұха­мет­қалиқызы оқушыларға сөз арнап: «Кез келген ұлттың ұстазы, алдыға ұстайтын әулиесі, данышпаны болады. Абайдың шығармалары шет тілдеріне аударылып, алпыс елге таратылған. Оны әлем біледі. Қазақ десе, Абайды таниды. Барлығыңыз да Абайдың өлеңдерің білесіздер. Ертең «ЭКСПО-2017» көрмесі өткенде елордамыз Астанаға кел­мейтін ел болмайды. Солар өз­де­ріңізге жолығып, «Сіз кім­сіз?»
деген сұрақ қойса, «Мен қазақ­пын» деп, Абайдың бір өлеңін оқып немесе қара сөз­дерін біліп жатсаңыздар, ол – рухани бай­лық­тарыңыз деп есеп­теймін» деді. Ғылыми-таным­дық орталықтың жанында «Абай нұры» өнерлі жастар клубы бар екенін жеткізді. Осы клуб мүшелері де өз өнер­лерін көрсетті. Соның бірі Мағжан Тұрарбек «Қартайдық, қайғы ойладық…» өлеңін кәнігі актерлерше мәнерлеп оқып берді. №1 орта мектептің оқушысы Екатерина Трочева «Ғылым таппай мақтанбаны» судыратты.

Оның мектептесі Полина Цигелина да өнерімен көрінді. «Менің ең сүйікті өлеңім «Әсемпаз болма әрнеге» деген ол Абайдың «Отыз бірінші», «Отыз екінші» және «Отыз сегізінші» қара сөздерін білетіндігін айтты.

Алматы ауданында да осындай жұмыстар жүргізілді. №52, 69, 27, 18 жалпы білім беретін мектептердің арнайы киімдерін киген жоғары сынып оқушылары астаналықтарды сенбілікке ша­қыратын флайерлерді тарата жү­ріп, Бауыржан Момышұлының ескерткішін жуды, оның жан-жағын күл-қоқыстан тазартты.

Ал, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Александр Пушкиннің ескерткішін тазалауға Жастар сая­саты мәселелері басқармасының қызметкерлері аула клубтарының тәрбиеленушілері мен жетек­ші­лерін жұмылдыра, тазалық шараларын ұйымдастырды. «Астана жастары» КММ Жастар саясатын қолдау Мемлекеттік қорының қызметшілері, барлығы қырыққа жуық адам Пушкин ескерткішінің айналасын абаттандырып қана қоймай, «Шағала» аула клубының жас­тары ақынның өлеңдерін оқып, сенбіліктің шырайын келтірді.

Алдағы сенбі күні де аталмыш акция жалғасады. Сол күні Мұстафа Кемал Ататүрік пен Құрманғазы Сағырбайұлы ескерткіштерінің маңайы та­заланбақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =