Ескеретін жайлар бар

0 94

Жарқын ЖҰМАҒҰЛОВ, «Көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасы:

Қала құрылысының қарқыны көңілге қонады. Оның барысын жаңадан бой көтерген құрылыс нысандарынан қарап білуге болады. Қаламыздың бір көркі тұрғын үйлер мен әсем ғимараттар болса керек. Құрылыс басқармасының жол-байланыс инфрақұрылымына қатысты айтар болсақ, ескерілмей жатқан сұрақтар жоқ емес. Кез келген құрылыс объектісін салу оңай емес. Күндіз-түні бірнеше ауысыммен еңбек етіп жатқан құрылысшыларға қажет материалдарын жеткізіп тұратын көліктер саны да көп болатыны белгілі. Жердің асты-үстін қазып, түрлі сымдар тартып, құбырлар салынады. Техниканың шынжыр табаны ондайда тегіс жолды бұзып жатады. Құрылыс нысаны біткеннен кейін жақын жатқан жолдардың сапасын бір қарап, оның жарамсыз болған жерін қайта төсеу керек. Бұл ретте бір салынған жолға қала бюджетінен екінші мәрте қаржы құйылмасы анық. Демек, оны жөндеу — құрылыс компаниясының жауапкершілігіндегі жұмыс. Олардың өз міндеттерін дұрыс атқарылуын яғни, «ат аунаған жерде қыл қалмауын» қалалық Құрылыс басқармасы дұрыс қадағалағанын қалар едім.

Тағы бір мәселе — қала тұрғындарының қауіпсіздігі. Қаланың «Оңтүстік шығыс», «Тұран» тұрғындар алабында учаскелік полиция бөлімшесінің орны ескерілмеуі алаңдатады. Баяндамашының сөзіне қарағанда, алдағы жоспарға кірмегенін білдік.

Сайлаушылармен кездесулерде осы жөнінде көптеген өтініш-арыздар түсіп жатады. Бұның да шешімі Құрылыс басқармасының жобаларында көрініс тапқаны абзал болар еді.

Жаңа салынған тұрғын үйлерді пайдалануға берілгенде ғимараттың қалыпты қызметін қамтамасыз ететін барлық қызметтермен бірге тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысы бар жайлардың құрылысы да қатар жоспарлануы ескерілуі керек.

 А.Уайсова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + nine =