ЕСКЕК САЛДЫ ЕСІЛГЕ

0 152

ERA_4866

15 сәуір күні Есіл өзенінің жағалауында биылғы кеме жүзу маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Мүгедек балаларға арналған интернат үйінің тәрбиеленушілері, ҰОС ардагерлері және елорданың құрметті қонақтары қатысты.

2008 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Есіл-Астана» мемлекеттік коммунальдық-қазыналық кәсіпорнына биыл – 6 жыл. Кәсіпорын құрылтайшысы – Астана қаласы әкімдігі. Мемлекеттік басқару органы – Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Алғаш рет ашылуында үш шақырыммен шектелген Есіл өзеніндегі кеме жүзу бағдары бүгінде тоғыз шақырымға ұзарды. Флотта келушілерге сегіз кеме қызмет көрсетеді. Оның бесеуі сыйымдылығы 32, 45, 60 және 69 адамдық жолаушылар кемесі, қалғаны – құтқару катерлері мен сүйреуіш кемелер.

Жылдан-жылға ілгері жылжып келе жатқан кәсіпорынның шағын кеме айлағына келушілер қатары да ұлғаюда. «Былтыр 24 мың жолаушыға қызмет көрсетсек, биыл жолаушылар санын 25 мыңға арттыру жоспарланып отыр. Моторлы кемемен жүзушілерді мейлінше молайтамыз» дейді басқарма басшысының орынбасары Әбдіхамит Керімбайұлы.

Шағын оркестрлік құрамның сүйемелдеуімен өткен шара қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ардагер Владимир Петров кеме жүзу маусымының алғаш ашылуына жазған арнау өлеңін оқып берді. Жаңа маусымның алғашқы қоңырауын ҰОС ардагері Ахат Бекмәдиұлы мен Балалар үйі атынан Галя Каликова соғып, кемелер серуенге дайын екенін ұқтырды.

Сөйтіп, ұйымдастырушылар алғашқы жолаушыларды қабылдады. Алғашқы жолаушылар ардагерлер мен кембағал балалар болды және оларға тегін қызмет көрсетілді.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × two =