Эскалатор неге тоқтап тұр?!

0 111

Астана вокзалында өз жұмысын тоқтатқан эскалатор елордалықтардың қытығына тиді. «Жолаушылар пойызы келгенде әдейі істемейді» деген көпшілік редакцияға хабарласты. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін Астана вокзалына жол тарттық.

Вокзалдың әрбір қызметіне жауап беретін «Вокзал-Сервис» АҚ Солтүстік аймақ филиалының басшысы Абай Досанов пен вокзал бастығы Күміс Сейдиева журналистерді жылы қарсы алды. Расында вокзал ішінде қызмет көрсететін он эскалатордың біреуі екі аптадан бері жұмыс істемейді. Филиал басшысының айтуынша, эскалатор техникалық ақаудың кесірінен уақытша тоқтап тұр. «Мұнда тәулігіне 7000 жолаушы эскалатор қызметін пайдаланады. 2003 жылдан бері жолаушыларға қызмет етіп келе жатқан кейбір эскалаторлар ескіргендіктен, бұйымдары сына бастайды. Реттік нөмірі бесінші эскалатордың жақтауы кеткен. Мұндай жақтау Қазақстанда жасалмайды . Сондықтан қажет бұйымды жасау үшін арнайы тапсырыс беру керек. Эскалатор жұмысына қызмет көрсететін компания бүгінде шетелге тапсырыс берді. Өздері орнатады. Біз белгіленген уақытта орнатылуын қадағалаймыз» деп толықтырды Өндірістік техникалық сектордың бастығы Қуаныш Мақашев.

Эскалатордың біз біле бермейтін қырлары көп екен. Кес­те бойынша әрқайсысы тексеруден өткізіліп тұрады. Бір эскалатордың жұмысын толық тексеруден өткізу үшін кейде 3-4 күн уақыт кетеді. Мұндай жағдайда уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, ескерту ілінеді. Вокзал қызметкерлерінің айтуынша, эскалатордың жұмысы өте күрделі. Кейбір адамдар байқамай тиынын түсіріп алса да, автоматты түрде жұмысын тоқтатады. Жолаушылар мініп-түсу ережесін сақтамайды. Шамадан тыс жүктерімен мінгенде, «байғұс» эскалатор көтере алмай, сол мезетте тоқтауға мәжбүр. Ауылдан келген ағайын ауыр сөмкелерін лақтырып салғанда, жолақтағы металдар сынып кетеді екен. Тез бұзылатын себебінің бірі – осы. «Сондықтан қарапайым халық қоғамдық қызметті ережеге сәйкес пайдаланса, мұндай олқылықтар болмас еді» дейді Қ. Мақашев.

Гүлмира Аймағанбет, Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − ten =