Есімін жаңғыртқан жөн

0 130

«… Қайраткер есімі елдің есінде қалсын, зердесіне жазылсын, жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен жасалып жатқан насихат пен құрмет шаралары тек көше берумен аяқталмайды деген үміттеміз» деп басталыпты журналист Жадыра Шамұратованың Әлімхан Ермеков туралы мақаласы. Бұл мақала маған біраз ой салды.Менде журналист үмітіне қосыла отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ақтап қана қоймай, әрқайсының елінің тұтастығына күрес кезінде сіңірген еңбектерінің дәрежесін анықтап, баға берсе екен деп ойлаймын. Егерде осылай баға берілсе, Әлімхан ағамыздың бағасы жоғары дәрежеде болуға тиіс. Олай дейтінім «Қазақ» газетінің, ғалым М.Ескендірұлының «Алаш Орда министрлері» кітабындағы, профессор Жанна Қыдыралинаның монографиясындағы, ұстаздық қызметі туралы мағлұматтар, профессор И.Арыстанның «Ескірмейтін еңбек» атты мақаласындағы, Назгүл Әбутрапованың деректі фильміндегі Әлімхан Ермековтың еңбектері мен өміріндегі мәліметтер шындық болса, ол кісінің есімі көшелер мен кішкентай білім орындарына берілуімен шектелмеуі керек шығар.
«Астана ақшамы» (№65; 05.06.2021) газетіне шыққан мақаланы оқымағандар үшін негізгілеріне тоқтатылып өтейін. Әлімхан – білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді парыз санаған жігерлі азамат болыпты. Сонымен қоса Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. Қазақ автономиясы шекарасының ­біртұтастығын жанқиярлықпен қорғаған. ­Осы қызу айтыста В.­Ле­ниннің төрағалығымен өткен Комиссарлар кеңесінің мәжілісінде баяндама жасап, бұлтартпас дәлелдерімен Каспийдің теріскейіндегі мұнайлы өлкені, Ертістің сол жағалауындағы біраз жерді Қазақ еліне қайтарған. Қарқаралыда екі сатылы мектеппен педагогикалық техникум ашқан. Бірнеше жоғарғы оқу орындарында ұстаз, кафедра меңгерушісі болған. Жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығын жазған. Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы бірнеше мың данамен басылып шыққан. Бұл кісі істі болған кезде осы кітаптардың бәрі жойылып жіберіледі, әйтеуір бір данасы ғана аман қалып, кейін шәкірттері қайта бастыртып шығарады. Ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танылыпты. Осы кезде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін шығарады. 1935 жылы ҚСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы бұл кісіге теориялық механикамен математикадан профессор дәрежесін береді. Елімізге келешекте білімді азаматтардың қажет болатындығын ескере отырып, келешегі мол жастарға қамқорлық жасайды. Соның айғағы кейіннен ұлы ғалым болған Қаныш Сәтбаевты жетектеп апарып Томскіге оқуға түсіреді. Осылай келешегінен зор үміт күттірген қазақтың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы қалада оқуына қолдау көрсетеді.
Менің жазып отырғаным мақалада ғана көрсетілгендер, ол кісінің еңбектері. Ал жазылмай қалғандары қаншама? Осыншама туған халқына еңбек сіңіріп жүрген азаматты кеңес өкіметі қаншама қуғын-cүргінге салып, үш рет түрмеге отырғызып, он сегіз жыл темір тордың аржағында бейнет көріп, елге оралғаннан кейін де осының бәріне мойымай ұстаздық қызметін жалғастырған. Осындай адамгершілік қасиетін, ұлтжандылық бағытын, ғалымдық, ұстаздық болмысына кір шалдыр­май, сақтай білген ағамыз неге көлеңкеде қалып жүр? Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кез болған соң біздің зиялы қауым қорықтыма, жария етпей жерлей салғаны және елеусіз жатқан христиан бейітіне қоюына не себеп болды екен. Әрине, бұл өткен шаруа, онымен қоса бұл азаматтың артында беделді қолдаушысы болмаған сияқты. Осы орайда айтарым, бірінші кезекте ұлт қайраткерінің бейітін әруақ риза болатындай қалыпқа келтірсе. Одан кейін ұлттық математиканың негізін қалаушы ретінде танылса. Математикадан танылған еңбектері оқу орындарында пән ретінде енгізілсе. Қазір танылып аталып жүрген Алаш қайраткерлерімен бір қатарда тұрса. Ол үшін елінің шекарасын бекітудегі еңбегі жоғары бағаланып, келешек ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге кеңінен қолданылса. Халық бұл кісінің есімімен жақсы таныс болуы үшін белгілі оқу орындарына атын бергені дұрыс болар еді. Өзі туып өскен және қызмет атқарған Қарағанды облысы осыған зор мән беруі қажет. Осыған сұранып тұрған өзі ұстаздық еткен политехникалық университетке есімін берсе артық болмас еді. Немесе бұл мүмкін болмаса, облыстың бір ауданына атын беру лайықты болар еді. Осы сияқты атыраулықтар да шет қалмағаны дұрыс болар еді. Егерде бұл ағамыз В.Ленин бастаған комиссияға толық дәлелдеп бермегенде, мұнайлы өлкенің біраз жері Ресейдің қарамағында қалатын еді. Атырау облысының зиялы қауымы бұл кісінің осы еңбегін бағалап, бір беделді білім ордасына есімін берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Түйіндеп айтқанда, халқының келешегі үшін табанды күрескер болып, үш рет сотталып, он сегіз жыл өмірін түрмеде азаппен өткізген ұлт қайраткері есімін жаңғыртқанымыз жөн болар еді дегім келеді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 3 =