ЕСІЛГЕ ҚОНҒАН ЕЛОРДА

0 134

Осыдан тура 15 жыл бұрын, дәлірек айт­­сақ,­ 1997­ жыл­дың­ 10­ жел­тоқ­са­нын­да­ Мем­­ле­­кет­ бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев­ өзінің жұмыс күнін алғаш рет Есілдің бойына қонған елордада бастады. Дәл осы күні еліміздің рәміздерін Алматыдан жаңа астанаға көшірудің салтанатты рәсімі өтеді. Орталық алаңда, қалың көпшіліктің ал­­дында жергілікті көнекөз қариялар Тұң­ғыш Президенттің қолына қаланың кілтін табыстап, ақ баталарын бе­реді. Осынау та­ри­хи сәтті көзімен көргендер халық әлі күнге дейін алған әсерлерін жыр қылып айтып жүр.

Ел ордасы – Астана

Мемлекет басқарудың басы-қа­сында жүрген ел ағалары тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары Астана ауыстырмақ түгiлi, астыңдағы атыңнан ауып қалмауды ойлайтын заман едi деп еске алады ол кез­ді. 1994 жылы 6 шілде күнгі Жо­­ғар­ғы­ Ке­ңе­­с­тiң­ ке­зек­тен­ тыс­ жал­пы­ оты­ры­сын­да­ғы­ Ел­ба­сы­ның­ ас­та­на­ ауыс­ты­ру туралы тосын әрi ба­тыл бастамасына көпшілігінің күмән­мен қарауы да содан еді.

Бірақ, ақыры талас-тартысқа, кү­бiр-сыбырға ұласқан отырыстың со­ңында қаулы мақұлданады.

Болашақ Астананың тууы туралы куәлiгiне мөр басылады.

1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақ­стан Республикасының Прези­­­­­ден­­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақ­стан Республикасының астанасы ту­­­ра­лы”­ заң күші бар Жарлығы жа­­­рия­ланады.
Президенттің Жарлығымен 1997­­ жылғы 10 желтоқсанда Ақ­мо­­ла­ қаласы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­­­­ның астанасы болып танылады.

1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен Ақмола қала­сының аты Астана болып өзгертiліп, осы жылдың 10 шілдесінде қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретiндегi ресми тұсаукесерi өтеді.

Мiне, осылайша, Жер шарының кар­та­сында «Астана» атты жаңа қа­ла ойып тұрып өз орнын алды.

Елбасы өзiнiң «Еуразия жү­ре­гiн­де» атты еңбегiнде: «Астананы көшiру идеясына белдi бiржола бекем буа тұрып, мен ортаға бәрiн салатынымды, яғни, өзiмнiң саяси мансабымды, тiптi, мүмкiн, өмiрiмдi бәйгеге тiгетiнiмдi, сөз жоқ түсiндiм…» деп жазады.

Ал, Астана атауының дүниеге келу тарихын осы еңбегiнде былай деп келтiредi: «Шындығына келер болсақ, елорданың атауын өзгерту туралы мен көп ойладым. Бiр күнi… түнгi сағат екiде Астана деп атасақ қалай болады деген ой келдi. Астананың аты астана. Қазақ тiлiнде әдемi естiледi. Орыс тiлiнде де, ағылшын тiлiнде де солай айты­ла­ды. Бiздiң ортақ көңiл-күйiмiз бен елорданы көшiрудегi бiздiң үмiтi­мiздi бейнелегендей…»

Әлем мойындаған Астана

Қазақта «он үште отау иесi» де­ген сөз бар. Бiр мүшелдi артқа тас­та­ған Астана, Елбасының сөзi­мен айт­қанда, ұлт келбетiне айна­лып­ үлгердi.

Қазақ елiнiң астанасы дегенде, тiлдiң ұшына арман қала, ару қа­ла, ажар­лы қала тiркестерiмен қо­са, Астана Саммитi, Еуропадағы қауiп­сiздiк және ынтымақтастық ұйымы, ақ Азиада, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйы­мы деген жалынды сөздер қоса ора­лады. Демек, қазақтың елорда­сы әлемдiк деңгейдегi саяси iрi орталыққа айналып үлгердi деген сөз.

Жаһандық, отандық мәселелер Астанада талқыланады. Астанада шешiмiн табады. Осы жылдар iшінде Тәуелсiз Қазақстанның ас­та­насы барша әлем таныған еура­зия­лық елорда атанды

Татулықтың тұғырына айналған Астана

Дүниежүзілік тарихқа Астана қаласы Әлемдік және дәстүрлі дін басыларының алғашқы съезінің өткен жері ретінде енгізілді. Мұндай басқосулар 2003 жылдан бері Астанада дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Тарихқа жүгінсек, әлемде бірде-бір мемлекеттің астанасы төрт рет әлем діндері көшбасшыларының басын қосып алқалы жиын өткізген емес.
2001 жылы Астанаға ресми са­пар­мен келген Рим Папасы Иоанн­ Павел ІІ өзіне ұсынған қа­зақ топы­рағын сүйіп тұрып: «Сіздер­дің­ мем­­ле­­кет­те­ріңіз­­ді­ кө­ру­ көп­тен­ бер­­­­­гі­ ар­ма­ным­ еді.­ Мі­не,­ бү­гін­ сол­ ар­ма­­ны­ма жетіп, осы жердің то­пы­рағын басып тұрмын. Мен Қазақ­стан­дағы өзара достық қарым-қа­ты­­насын сақтаған дін өкілдеріне ри­­за­­шылы­ғымды білдіремін. Еу­ро­па мен Азияның кіндігінде орналас­қан осындай қонақжай, кеңпейіл елдің бас қаласы — Астананы кө­ру­ді жазған Құдайға мың да бір алғысым­ды айтамын» деген еді тебіреніп.

Рухы асқақтаған Астана

Тың игеру дүрмегi Целиноград­ қаласының әлеуметтiк-саяси, мәде­ни-рухани болмысына айтарлықтай өзгерiстер әкелгенi белгiлi.

Қалада өзге ұлттардың рухы үс­­тем­­дiк құрды. Көшелерге сү­ре­ң­сiз ат­тарды қою қалыпты жағ­дай­­ға ай­налады. «Вагонная», «Пив­ная»,­­ «Шанхай», «Совхоз­ная», «Пер­во­целинников», «Северная», «Южная», «Вокзальная», «Вст­реча», «Летний», «Энерге­тик»,­ «Ваго­­но­ремонтная», «Депов­ская», «Заводская», «Локомотив­ная», «Машинистов», «Первая­ ка­рьер­ная», «Элеваторная», «Элек­­тро­возная», «Складская», «Кирпич­­ная», «Ремонтная», «Бе­зы­­мянная» сияқты қаптаған мән-мағынасыз атаулар сол жыл­да­ры­ пай­да­ бо­лып­ еді.­ Ең­ со­­ра­­қы­сы,­ мұн­дай­ атау­­лар­ қа­ла­ жұрт­шы­лы­ғы­ның­ тал­ға­мын­ тым­ тұр­па­йы­лан­ды­рып­ жіберді.

«Еуразия жүрегiнде» атты еңбегiнде Елбасы: «Мен Астана­ны көшiру туралы шешімімді селқос қабылдаған облыс әкiмi А.Браунды ауыстыруды ұйғардым. Облыс әкiм­дiгiне қаланы және осы өңiрдi жақ­сы бiлетiн Жәнiбек Кәрiбжанов та­ғайын­далды. Оған шаруашылық мiн­дет­термен қоса, өзiндiк бiр «топономикалық тапсырма» да жүктелдi. Көшелердiң және аудан­ның­ атауларын өзгерту керек едi. Бұл жер «Октябрь, Краснознамен, Совет, Ленин» деген сияқты өткен за­ман­ атауларының тұнып тұрған қо­ры десе де болғандай-тын. Ол менiң көптеген тапсырмамды, со­ның iшiнде осыны да тәп-тәуiр орын­дап шықты» деп жазған екен.

Алғашқы жылдары Мемлекет бас­шысының тiкелей тапсырмасымен қаладағы 30-дан астам көше атаулары өзгертiлдi.

Целинный даңғылы – Республика, Студенческая даңғылы – Абылай хан, Карл Маркс көшесi – Кенесары, «Пятилетка» – Бөгенбай батыр, «Первомайский» – Қарасай батыр,

«Смакотин» – Жәнiбек тархан, «Социалистический» – Мұхаммед Хайдар Дулати көшесi болып өзгертiлдi.

Көшелермен қоса мыңнан астам аялдама атаулары қазақшаланды. Же­ке нысандар атауларының қаза­қылануы естiр құлақтың құрышын қандыра түстi.

Қазiргi күнi қаладағы көше атау­ларының 90 пайыздан астамы қаза­қы атаулар.

Сәулеті келіскен Астана

Болашақ бас қаланың Бас жос­па­рын жасауға жарияланған ха­лық­аралық байқауға әлемдiк сәу­лет өнерiнiң сұңғылалары түгел қатысады.

«Конкурсқа айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда әлем­ге жайылған атақтары бар: Жа­­пония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкiс­­тан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Лат­вия сияқты елдерден 50-ден ас­там жоба түстi. Ұсыныстар топ­тама­сының ішiнен халықаралық конкурстың шарттары мен талаптарына жауап бере алатын 27 жобалық әзiрлеме беделдi қазылар алқасының қарауына iрiктелдi. Сөйтiп, конкурс қорытындысы бойынша, Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретiнде заманымыздың аса көр­нектi сәулетшiлердiң бiрi – жа­пон концептуалисi Кисе Курокаваның (шын аты Нориаки деп бiршама бас­қаша аталады) жобасы қа­был­дан­ды» деп жазады Елбасы «Еуразия жүрегiнде» кiтабында.

Астананы салуда және оны қай­та жаңартуда әлемнің озық тәжі­ри­бе­лері мен дәстүрлі жетістіктері қолданылды.

Астананың бас жоспарын жа­пон­дық сәулетшi Кисе Курокава жасаса, ғасыр ғажайыптары қа­та­рынан көрiнген «Пирамида» мен «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталық тары – атақты ағыл­шын архитекторы Норман Фос­тер еңбегiнiң жемiсi. Ал, сәулетi мен сәнi жарасқан «Қазақстан» кино­концерт залы – италиялық сәулет­шi Манфреди Николеттидiң қолтаңбасы.

Жаһандану дәуiрi белең алған ХХI ғасырда дүниеге келген қа­ла болғандықтан, оның өн-бо­йын­да­ әлем­дiк­ сәу­лет­ өне­рiн­­­де­гi­ жа­­ңа­ қа­ла­лық­ стиль­ ба­сым­ бо­­ла­­ты­ны­ тү­сi­нiк­тi.­
Астана Шығыс пен Батыстың айшықтарын қатар қабыстырған қала болуымен ерекше.

P.S. Желмаясын желдіртіп халқына құтты қоныс болатын Жерұйық іздеумен өткен Асан Қайғы Есілдің тұсынан өткенде: «Мынау алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деп баға берген деседі.

Одан бері арада алты ғасыр өтті. Сол Есілдің жағасынан барша қазақтың мақтанышына айналған Астана бой көтерді. Қалың ел қоныстанды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады.

Ғасырлар бойы аңыздарда айтылып жүрген Асан Қайғы арманының ақиқатқа айналған кезі осы шығар, бәлкім.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =