Есілдің жайы ерекше

0 18

Елордадағы аудандардың ішінде Есіл ауданының орны бөлек. Бұл әсіре сөз емес, шын мәнінде солай. Өйткені аудан аумағында Ақорда, Үкімет үйі, қос палаталы Парламент ғимараты, Министрліктер үйі және т.б. мемлекеттік айрықша маңызға ие мекемелер орналасқан. Бас шаһарға келген қонақ та алдымен осы ауданға ат басын тірейді. Сондықтан бұл аудан қала әкімдігінің үнемі назарында десек, асыра айтқандық болмас.

Биыл еліміз үшін оңай жыл болып отырған жоқ. Коронавирус пандемиясы экономикаға ғана емес, өз шаруаларын ұршықтай дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге де кері әсерін тигізді. Сонда да елорда әкімдігі жоспарланған жұмысты ұтымды ұйымдастырып отыр. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов инстаграм парақшасында биыл бас шаһарда 760 мың шаршы метр жер абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтары серуен­деп, спортпен айналысуға арналған бірқатар жайлы орындар пайдалануға берілгендігін жазды. Елорда басшысы айтқан абаттандыру жұмысы Есіл ауданында ойдағыдай атқарылды деуге болады. Биыл аудан бойынша бес қоғамдық орын абаттандырылып, 20 ауланы жөндеу қарастырыл­ған. Бұл жайында біраз уақыт бұрын қала әкімдігінің ­инстаграм парақшасындағы тікелей эфир кезінде аудан әкімі ­Берік ­Жәкенов: «Аудан өте қарқынды дамып келеді. Тек осы жылдың өзінде халық саны 36 мыңға өсті. Ауданда адамдарға ыңғайлы және жайлы болу үшін көптеген абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Ауданда барлығы 408 аула бар, оның 42-сі жөндеуді қажет етеді» деп айтқаны бар.


Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында екі мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге аталған бағдарлама шеңберінде бес қоғамдық орын әзірленіп, «Пригородный», «Ильинка» тұрғын алаптарындағы қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды. Сондай-ақ елорданың орталық саябағында ұзындығы 3,5 шақырымға созылған жүгіру жолы жөнделіп, йога мен жекпе-жек өнері үшін алаң жабдықталды. Мұнда спорт алаңдарында тренажерлар саны көбейтіліп, work out комплекс жұмыс кешені салынып, стритбол алаңы жабдықталды. Тұрғындардың өтінішімен Есіл өзенінің жағалауындағы 12 шақырымның жиектасы қалпына келтірілді. Керей-Жәнібек хандар мен Әлихан Бөкейхан көшелері қиылысындағы саябақ әсем түрге бөленді. Аудандағы кейбір көшелердің кәріз және инженерлік желілер құрылысы қалыпқа келді.
Соңғы жылдары елордада шеткі аймақтарға ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта 13-17 шілде аралығында жедел бақылау және қордаланған мәселелерді шешу үшін аудан әкімі Берік Жәкенов және оның командасы кеңсесін Үркер тұрғын алабына уақытша көшірді. Аудан басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің арасынан Үркердің мәселелерін шешу үшін жұмыс тобын құрып, бір апта бойы ашық кеңістікте Үркер тұрғындарын қабылдады.
Биыл «Үркер» тұрғын алабындағы бос жерлердің орнында екі заманауи қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Сонымен бірге тұрғын алабында 2700 тал пен көшет отырғызылып, көшедегі арам шөптер шабылды. «Астана су арнасымен» ашық ұңғымалардың тізбелері, кәріз құбырларындағы ақаулар тексеріліп, су тарту және судың қысымын реттеу мәселесі пысықталды. 250-ден астам жаңа жарықтандыру шамдарын орнату қолға алынды. Сондай-ақ Үркердегі Исатай батыр мен Есет батыр көшелерінің қауіпті аумақтарында жаяу жүргіншілер өткелі қойыл­ды. Түнде жаяу жүргіншілер өткелі толығымен жаңартылатын энергия көздерімен өндіріледі. Ол қарапайым күн мен желдің күшімен жұмыс істейді.


Аудан әкімдігі ашықтық қағидаты мақсатында тұрғындармен тығыз байланыста болу үшін open akimat форматын жүзеге асырды. Мұнда тұрғындарға ыңғайлы электронды кезек, күту залы ұйымдастырылды. Сонымен бірге аудан әкімдігі карантин кезінде әлеуметтік бағытта біраз іс-шараларды қолға алып, әсіресе көп балалы отбасыларға мүмкіндігінше көмек көрсетті. Қарттар күні қарсаңында ауданда ардагерлерге арналған 17-шағын орталық ашылды. Сөзімізді қайы­ра келгенде, біз Есіл ауданының биылғы атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасадық, жыл соңына дейін әлі қаншама іс-шара жүзеге асатыны анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + seven =