Есілдің бойында аэрация жүргізілді

0 74

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны өзендегі балықтарға оттегі жіберу мақсатындағы аэрация шараларын жүргізді. Бұл жұмыстар Есіл өзені бойындағы Күйгенжар-Мичурин ауылдарында, сондай-ақ Астана және Қоянды су қоймаларында өткізілді.

Өзендерге оттегі жіберілді

Аэрация жұмыстарына «Ақмола облыстық аумақтық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы» РММ, «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорнының, елорда маңында орналасқан Қоянды, Арнасай ауылдарының, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын реттеу бөлімінің мамандары мен өкілдері қатысты.
– Судағы жәндіктердің оттегімен тыныстауы үшін Астана су қоймасында – 1398, Қоянды су қоймасында 982 мұзды тесіп бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Ойылған шұңқыршалар бір-бірінен 3 метр арақашықтықта орналасқан және 11520 м3 көлемінде атмосфералық оттегімен байытылған су жіберіліп, әрбір шұңқырға қамыс бумалары орналастырылды, – деді «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорнының директоры Н.Әріпбаев.
Сондай-ақ Есіл өзені бойында орналасқан Күйгенжар және Мичурин ауылдарының тұсынан тиісінше 2028 және 1762 шұңқырша ойылған. Ол атмосфералық оттегімен байытылып, жалпы көлемі 127680 м3 су айдалды.

Су қоймаларының түбін тазалайды

Өзен-су ресурстарын қыста оттегімен байытумен бірге көктемгі-жазғы маусымдарда түбін тазалау, жағалауларын бекіту жұмыстары да жылда жасалады. Биылғы маусымда «ЖасНұр» «ӨШҚ» МКҚК Есіл өзені мен оның салаларын, сондай-ақ Қоянды су қоймасының түбін тазарту және жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізеді.
Оның барысында өзен жағалау­ларын нығайту және су қоймаларының жанындағы шұңқырларды тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл іске жерсорғыш снаряд, экскаватор, жүк тиегіш, жүк автокөлігі және т. б. мамандандырылған техника жұмылдырылды. Навигациялық кезеңнің басынан бастап 141639 м3 топырақ қазылып, шығарылды.

Теплоход жүретін аймақ – ерекше бақылауда

Есіл өзенінің жай-күйін бақылауда ұстау, оны тазарту-тереңдету жұмыстары жыл – он екі ай бойы үзілмейді. Газмашаппаратурадағы плотинадан Сарайшық көшесі бойындағы «Арқар» көпіріне дейінгі теплоход қатынайтын учаскеде жыл сайын өзен түбінің жай-күйін, батпақтануын және өзеннің тереңдігін өлшеу жұмыс­тары жүргізіледі.
– Газмашаппаратурадан ­«Серуен» көпіріне дейінгі Есіл өзенінің түбі, негізінен, толқын тәрізді қалыптасқан, түбіндегі батпақ-тұнбаның қалыңдығы кей жерлерде 0,2 м-ден 1,0 м-ге дейін. Газмашаппаратура аралы маңа­йында 0,8 га аумақта су түбінде лалагүлдер өседі, арнаның түбі қатты топырақтан тұрады. Бұл тұстың тереңдігі 1,5-2,0 м шамасында, балықтың уылдырық шашатын аймағы болып есептеледі, – деді Н.Әріпбаев.
«Серуен» көпірінен «Қараөткел» көпіріне дейін өзен арнасының түбіндегі қайраңның қалыңдығы кей жерлерде 1,0 м-ден 3 м-ге дейін ауытқиды. Арнаның ортасындағы өзеннің ең терең жерлері 5 метр­ге дейін жетеді. «Қараөткел» көпірінен «Арқар» көпіріне дейін өзен түбінде тұнба қалыңдығы 0,4 м-ден 1 м-ге дейін ауытқиды. «Қараөткел» көпірінің су астында диаметрі Ф1000 мм екі болат құбыр орналастырылды.
Есіл өзенінің түбін тексеру жұмыстарының нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы аймағындағы теплоход жүрісіне қауіпсіз, қанағаттанарлық жағдайда екені айтылды.Мұздан, қоқыстан тазартылады

Жыл сайын наурыз айының ортасына таман Есіл арнасын мұздан тазарту жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыстар биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша жалғасын таппақ.
– Есіл өзенінде және оның ағындары (Есіл өзенінің жағалауы Кенесары ескерткіші ауданында, «Қазақстан» СК, С.Сейфуллин-Ш.Қос­шығұлұлы көшелері) су бетіндегі қоқыс қалдықтардан және сырғанауға арналған бөлшектенген жасанды конструкция­ларының құрылыс ағаштарының қалдықтарынан тазартылады. Санитарлық тазалауға кәсіпорынның қызметкерлері жұмылдырылады. Былтыр өзен бойынан 250 кг қоқыс шығарылды. Осы жұмыстар биыл да көктем туа жүргізілетін болады, – деді ол.
Сондай-ақ Қарасай батыр к-сі, Конституция к-сі, Мұзтау к-сі, С.Мұхамеджанов к-сі, Мың­арал к-сі, Н.Тілендиев даңғылы, Ш.Қосшығұлұлы к-сі бойындағы Сарыбұлақ ағыны бойынша көктемгі су тасқыны мен тасқын судың авариялық өтуінсіз тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сарыбұлақ ағынындағы жұмыс учаскесінің жалпы ұзындығы 61333 м2 құрайды, оның ішінде ауданы 203,16 м2 учаскеде қардан тазарту және көпір тіректеріне мұз жүктемесін азайту және тасқын сулардың еркін ағысы үшін арна жолдарын тазарту жұмыстары жасалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − ten =