Есілдіктер екі мың ағаш екті

0 167

«Астана – таза қала!» атты жалпықалалық сенбілікке Есіл ауданы тұрғындары белсене қатысты. Төрт жүз­ден ас­там мекеме мен ұйым қыз­меткерлері, студенттер мен түрлі компания өкіл­дері – барлығы жиырма мың­ға жуық адам көшет отыр­ғызып, аймақтарды сы­­пы­рып, қоқыстарды тазалады.

esil

Алдын ала белгіленген сегіз аймақта 120 техника, соның ішінде 90 жүк автокөлігі, отыз шақты жүк тиегіш көлік те жалпы ортақ іске жұмылдырылды. Еңбекшілер көшесінен бастап Нұра өзені аумағына дейінгі аралыққа 661 түп отырғызу жоспарланған екен. Бұл жұмыстарды Президент Әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі қызметкерлері, ҚР Жоғарғы Соты судьялары, ҚР Парламентінің депутаттары және «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының өкілдері атқарды.
Ал «Хан Шатыр» СОО аума­ғында 330 түп жас тал егілді. Оны Есеп комитетінің, ҚР Конституциялық Кеңесі, Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кіріс басқармасының қызметкер­лерімен бірге актерлер, сазгерлер мен тележүргізушілер қолға алды. Сондай-ақ, сенбілік аясында Есіл ауданы аумағындағы балабақшаларға бірнеше ағаш түрі тегін таратылды. Шамамен екі мыңға жуық тал-терек түрі бұйыртса, балалардың бал мекенін жасыл желекке орайтын болады. Есіл ауданында қазіргі уақытта 25 балабақша бар екен.
– Бұдан бұрын, дәлірек айт­қанда, 12 қыркүйек күні жалпы экологиялық айлық басталған болатын. Осы айлық аясында 17-18 қыркүйек күні Есіл ауданы аумағында кеңейтілген коммуналдық сенбілік өткізілген еді. Оған жүзден астам мекеме қатысты. Оның ішінде ПИК-тер, Есіл ауданы әкімдігінің мердігерлік ұйымдары, құрылыс компаниялары, Коммуналдық шаруашылық басқармасының мердігерлері, Энергетика, Құрылыс басқармасы, «Астана Теплотранзит» АҚ, «Астана су арнасы» МКК-ы қызметкерлері мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысқан еді. Екі күн бойы атқарылған жұмыстарға 80 арнайы техника тартылды. Соның нәтижесінде абаттандыру тәртібін бұзған кейбір жағдайлар ретке келтіріліп, үлкен аумақтағы арамшөптер оталды. Заңсыз қоқыс төгілген жерлер анықталып, олар арнайы қоқыс төгетін орындарға әкетілді. Коммуналдық сенбілік нәтижесінде қоқыс төгетін полигонға 531 тонна қоқыс шығарылған болатын. Жалпы көктем басталғалы күні бүгінге дейін құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыс төгілген 115 орын анықталып, түгел тазаланып, қалпына келтірілді. Мұндай жерлер «Газмашарматура», «Пригородный», «Тельман» тұрғын үй алабы мен Қорғалжын тас жолы, «Жағалау-3» тұрғын үй кешені және тағы басқа жақтардан табылды. Ол жерлердің барлығы талапқа сай абаттандырылды, – дейді Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жамал Әбікенова.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 19 =