Есiлден Таңбалы тасқа дейiн…

0 272

1895 жылы Ақмоланың екi азаматы – Кузнецов пен Бекхожин Бетпақ даланың дәл ортасына орналасқан Таңбалы тас деген қасиеттi жерге арнайы келдi. Олар жәй келген жоқ. Таңбалы тас бетiндегi жазулар мен ру-тайпа таңбаларының көшiрмесiн жасады. Қазақ қазақ болғалы алғаш рет ту тiккен, орда көтерген жерi осы Таңбалы тас болатын. Бiз қазақтың ұлттық тарихының ең басты нысаны Таңбалы тасты сақтай алған  жоқпыз. Қазiргi күнi бiреулер динамит қойып жарып, тас-талқан болып жатқан ескерткiштi көргенде, өкiнiштен iшiң удай ашиды. «Таңбалы тас» – Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң тiзiмiнде де жоқ, қазаққа керегi жоқ қадiрсiз дүниенiң бiрi. Өзгеге етектеп шашатын қазақтың байлығы өзiне жетпейдi, осы бiздiң атымыз қазақ болғанымен, затымыз қазақ емес шығар.
Ақмоланың екi азаматы кәсiби тарих­шылар емес, қарапайым мамандықтардың иелерi едi. Л.Кузнецов Ақмолаға саяси көзқарастары патша үкiметiне жақпай жер аударылып келген дәрiгер болса, Х.Бекхо­жин болса, Атбасар уездiк басқармасының тiлмәшi қызметiн атқарды. Олар өздерiнiң қолынан келген шаруасын жасады. Осы екi өлкетанушының ерлiгi мен азаматты­ғының арқасында «Таңбалы тас» бетiне салынған ерте замандағы жазулар мен таңбалардың көшiрмесi бар. Өкiнiшке қа­рай, Х.Бекхожиннiң ескерткiштi фотоаппа­ратпен түсiрген суретi бiздiң қолымызға түспедi.
Қазақтың шежiре аңыздарында, тарихи жырларында Таңбалы тасқа қатысты де­рек­тер емiс-емiс кездесiп қалады. Ол нұсқалардан көшпелi ру қауымдарының мемлекет құрамыз деген талабы, қоғам және ұлт ынтымағы туралы түсiнiгi, жан­кештi қимыл мен күресi көзге ұрғандай сезiлiп тұрады. Бiздiң әңгiмемiз – Бетпақ далада орналасқан, қазақтың мемлекет, ел болу тарихына алтын әрiппен жазылған, шежiреден орын алған, ертеде ел басшы­лары мен көсемдерi келiп тәуәп ететiн Таңбалы тас. Оның бетiнде қазақтың ру­лық таңбалары, қазаққа дейiн Орталық Азияны мекен еткен көне түркi тайпала­ры­ның қолтаңбасы сайрап жатыр. Бетпақ да­ла­дағы Таңбалы тастың қасиетi Сары­арқадағы Ұлытау, Жетiсудағы Қозы басы – Шу, Атыраудағы Сарайшықтан бiр де кем емес, тек күтiмi нашар, оны бiлетiн тектi азамат аз.
Таңбалы тас ескерткiшiнiң көне заман мұрағаты екенi айрықша сезiлетiн аңыз М.Ж.Көпейұлы шежiресiнiң iшiнде жүр: «Бет­пақ далада «Таңбалы шұбар» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседi. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да тоқсан екi баулы Қыпшаққа таңба үлестiрiп, ұран қойып берген екен деседi.
Алаша ханның тамы Қаракеңгiрде, өзеннiң күн батысында. Ташкент, Түркiстан ұсталары жасаған. Күйдiрген кiрпiштен салынған. Өзiнен қалған нәсiл, тұқым жоқ» – дейдi Мәшһүр Жүсiп.
Алаша хан тұлғасы көне дүниенiң елесi есептi. Оған арналған күмбез Қазақ хан­дығы жаңа орнығып жатқанда қасқа жол­ды Қасым хан тұсында салынғанымен, аңыздың өзi көшпелiлердiң ұлттық идеясы ретiнде ықылым заманнан берi өмiр сүрiп келедi. XV-XVI ғғ. басында Казақ мемле­кетiнiң рухани негiзi, мықты этникалық және саяси құрылым үлгiсi ретiнде Алаша хан аңызы қайта жаңғырып, туыстыққа сүйен­ген қоғамдық құрылыстың iргетасына айналды. Шамалап айтқанда, Алаша хан қазақ даласында жылқыны қолға жаңа ғана үйрете бастаған энеолит, яғни мыс-тас дәуiрiмен қатарлас ұғым. Алаша сөзiн тексере келсек, үндi – еуропа, орал, алтай тiл семьяларына ортақ түсiнiк, себебi сла­вян тiлiндегi «лошадь», грек аңыздарын­дағы «пегас» (қанатты ат) т.б. төркiнi Ала­ша сөзi. Алашаға байланысты қазақ тiлiнде жиi қолданылатын – лашық (алашық), аламан, алаш, алаша т.б. түсiнiктер бар. Олардың бәрi де көне заманнан берi өмiр сүрiп келе жатыр және бiздiң ата-баба­ларымыздың көне ғұрыптарын, күнкөрiсiн, тұрмысын сипаттайды. Егер де Таңбалы тастың тарихы Алаша хан заманымен қа­тыс­ты деген М.Ж.Көпейұлы пiкiрiн қабыл­дасақ, Таңбалы тас бетiндегi жазбалар мен таңбалардың тарихы көне заман­дар­ға, соның iшiнде тас дәуiрiнiң соңғы ке­зеңiне кетедi, б.э.д. IV-III мыңжылдықтарда Ертiс пен Түркiстан арасындағы кең-бай­тақ сахараны игере бастаған жылқышы тайпалар Таңбалы тас бетiндегi өрнек­тер­дiң алғашқы авторлары болып шығады. Көшпелi мал шаруашылығы жылқышы тай­паларды тек Арқаның көкорай шалғын даласын ғана емес, Бетпақтың шөлiн де игеруге жетеледi. Мүмкiн ол кезеңде Бет­пақ та бедiрейген шөл болмаған шығар. Бетпақ даланың әр жерiнде кездесетiн көне қорымдар мен қоныстар, тас  және қола қарулар бұл өлкенiң адамзат бала­сына ерте дәуiрде қоныс болғанын дәлелдейдi.
Ә.Х.Марғұлан жазуына қарағанда, Таң­балы тасты алғаш зерттеген ресейлiк ға­лым А.И.Шренк қазақ қарияларының әңгi­мелерiне аса көп көңiл бөлiп, көшiрiп алып отырған: «Қазақтардың қария сөздерi бойынша ислам дәуiрi басталатын кезде бұл жердiң көп тайпалары осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тай­па­лардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билерi, асқан ерлерi жиналып, ке­ңес құрып, қай тайпа қай жердi қоныс ету мәсе­лесiн шешкен. Әрбiр тайпаның өзiне арнап таңба берiп, ол таңбаның суретiн осы тасқа жазып түсiрген». Өкiнiшке қарай, бiз­дiң қолымызда А.И.Шренк жазбалары жоқ. 1842-1843 жылдары ботаник А.И.Шренк Бетпақ даланы аралап жүргенде, әрине, Таңбалы тас та орнында, оның сырын, тари­хын бiлетiн қариялар да ел iшiнде едi.
Сонымен А.И.Шренк пiкiрiне қарағанда Таңбалы тастың тарихы тек Алаша хан заманына ғана емес, одан берiдегi Оғыз хан /Уыз хан/ заманына да қатысты болып шығады. Қазақ қарияларының әңгiмелерi Шығыстың ұлы тарихшылары Рашид-ад-дин мин Әбiлғазы кiтаптарымен де дәлел­денiп, толығып жатады. Түрiктiң ұлы жо­рық­тары жөнiнде Рашид-ад-дин «Уыз хан Иран, Тұран, Шам, Мысыр, Ғажам, Франктiң елдерiн түгел жаулап алып өзiнiң туған жұр­ты Ортау мен Қазтауына қайта орал­ды» деп жазады. Бұл жерде әңгiме Бетпақ далаға солтүстiктен қапталдасып келетiн Ортау мен Қазылық  (Бес Қазылық, Он екi Қазылық) таулары туралы.
Таңбалы тасқа қатысты қызықты де­рек­тер қазақ шежiресiнiң тамаша бiлгiрi, шежiресiн өлеңмен өрнектеген Шал Құле­кеұлы /1748-1819 жж../  айтты делiнетiн жыр­ларда кездеседi. Шал үлгiсiн жал­ғас­тырушы Нұржан Наушабайұлы шежiресi /Манзумат қазақия/ де Таңбалы тасты атап өтедi. Екi ақынға да ортақ тақырып Таңбалы тастың өзбек пен қазақ бiр-бiрiнен бөлiнген «ел айырылған» заманына қатыс­тылығы.
«Таңбалы тасқа» назар аударған қазақ ғалымдардың iшiнде академик Қ.И.Сәт­паев­тың атын ерекше атап өту ләзiм. «Жезқазған ауданының көне ескерт­кiш­терi» деген мақаласында /1941 ж./ Қ.И.Сәтпаев аңыздарға сүйенiп қазақтың қазақ болған, ту тiккен жерi осы Таңбалы тас өңiрi деп атап көрсетедi.
Қазiргi күнге дейiн шежiре бiлетiн ақсақалдар Таңбалы тасты осы Қ.И.Сәт­паев жазған мазмұнда айтып келедi. Олардың айтуына қарағанда  Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдең жағдайда осы Таңбалы Нұра­да бас қосып, өздерiнiң жеке мемлекет бола­тынын жария еткен. Қазақтың «Таң­балы тасты» түп тамырдағы Алаша хан атымен бай­ланыстыруы да осы себептi деп ойлаймыз.
Таңбалы тас туралы аңыздарға ака­де­мик Ә.Х.Марғұлан да көңiл қойған. Қазақ тарихшыларының iшiнде «Таңбалы тасқа» қатысты алғашқы iрi зерттеу жұмысын жазған Ә.Х.Марғұлан аңыздарға сүйене отырып: «Бұл тасқа қазақтар әрқашан бас иiп, адамдар таңбасын түсiрiп, аттарын жазып жүрген. «Таңбалы тастың» ұлы атақ­қа ие болуының себебi бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақы­рып, бiр ел болып қосылған екен» дейдi. Ғалым Таңбалы тас бетiндегi өрнектердiң негiзiн Орыс хан заманымен байла­ныс­тыруды жөн көрген сияқты. Осы тақы­рыпқа арналған мақаласында ол Таңбалы тас бетiнде Орыс ханның, оның баласы Құйыршықтың, оның баласы Барақ ханның аты жазылғандығын, Қадырғали Жалаи­ри­­дiң қазақ мемлекетiнiң тарихын Орыс хан­нан берi бастайтындығын ерекше жарқын сипаттайды.  Бетпақ дала ескерткiштерiне, керуен жолдарына, әр кезеңнiң тарихи оқиғаларына қатысты аңыз-әңгiмелер, қазiргi өлкетану­шы­лар­дың да еңбектерiнде кездеседi. Солардың бiрi С.Тәбiрiзұлының «Созақ өңiрi» ата­латын тарихи деректерден құралған шы­ғармасында: «Аңыз деректерiнiң айты­луына қарағанда, Той деген жерде Майқы би бастаған қазақтың үш жүзiнiң игi жақ­сылары жиналып ұлан-асыр думанды той жасап, Асқазан деген жерде қазан асты­рып, шүлен таратылады. Кейiн Нұраның Қаратұзына барып үш жүздiң таңбасын тасқа басып, бөлiп берген екен дейдi. Осыдан былай Нұраның Қаратұзын «Там­ғалының тұзы», «Тамғалы Нұра», неме­се «Тамғалы тас» деп атайтын болған».
Аңызда айтылатын Той деген жер – белгiлi өткел /Тойөткел/. Бұл жер  Созақ шаһарына таяу. Казақ көшпелiлерi, оңтүстiк пен солтүстiк арасын жол қылған сауда керуендерi Шуды бiрнеше жерден кесiп өтедi. Егер Сарысу жолымен жүрсеңiз/Таң­балы тас жолы/, онда Шуды Бесқұлан өткелiнен, ал Кендiрлiк жолымен жүрсеңiз /Кендiрлiк құдықтары арқылы/, онда жо­ғарыда айтылған Тойөткелден өтесiз. Бұл – жағалауы қалың қамыс, көкорай шалғын, шағын оазис. Бетпақ даладан қажып, шөл­деп-шалдығып өткен керуен осы жерде ес жинап, жан шақырады. Асқазан деген жер  Кендiрлiк құдықтарынан Шуға қарай жақындағанда кездеседi. Бұл өзi қызықты жер – бiр жағы жалпақ сор, жағалай тақыр, сордың дәл ортасында тұрған жалаңаш түбек. Шу мен екi орта жүз шақырымға жете қоймайды.
Ал аңыздарда айтылатын Нұраның Қара­тұзы қазiргi уақытта жиi айтыла қой­майды. Жергiлiктi жершiл ақсақалдар Бетпақтың Таңбалы тасқа таяу етегiнде жатқан үлкен сорды Таңбалының соры дейдi, ол жап-жалпақ болып Таңбалы Нұрадан солтүстiк-батысқа қарайғы кең алқапты алып жатыр. Көктем кезiнде Таң­балының соры солтүстiкке қарай орна­ласқан Дабысын тұзбен қосылып, Сары­сумен Таңбалы Нұра арасындағы кең ал­қапты тұтас жауып жатады. Таңбалының тұзын қазақтар асқа пайдаланады деген деректi Ю.Шмидт жазады.
Таңбалы тасқа байланысты айтылатын қазақ аңыздарынан қалған елес әзiрше осы. Осы қысқа деректердiң өзi Таңбалы тастың қадым замандардан берi халқы­мыздың саяси орталығы, ту тiккен жерi, тәуелсiздiгiнiң түп белгiсi екенiн көрсетедi. Бабаларымыз сонау есте жоқ ерте кезең Алаша хан заманынан бастап Таңбалы тасты қасиеттi қара шаңырақ санап тәуел­сiздiкке, еркiндiкке ұмтылған рухының белгiсiн таңбалар арқылы қалдырып отыр­ғаны аңыз-шежiрелерде сайрап жатыр. Таңбалы тас бетiндегi 500-ден астам таң­ба бiздiң этникалық тарихымыздың ең жарқын деректерi деп бiлемiз. Бұл таңба­лардың тасасында Еуразия халықта­рының бiрнеше мың жылдық тарихының сұлбасы көрiнедi, себебi Бетпақ даладағы құз жар­тасқа таңба салу құрметiне даланың ең ежелгi, ең мықты тайпалары ғана рұқсат алған. Бұл ескерткiш – қазақтың ұлттық бiрлiгiнiң ең тамаша айғағы және тарихы­мыздың қайнар бұлағы. ХIХ ғасырдың соңында Ақмоланың екi қарапайым аза­матының осыны терең түсiнбесе де,  Таң­балы таста бiр ғажайып тарих бар екенiн сезiп, ол кезде қат фотоаппарат пен қа­лам-қағазын алып барып, ескерткiштi бiзге дерек етiп қалдырғанына таң қаламын.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − twelve =