«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Есілдегі ерекше сауық

Қыс қызықтары

0 288

Қыс басталысымен елорда тұрғындарының Есіл жағалауы жаққа қарай асығатыны рас. Өйткені онда мүйізі қарағайдай бұғылар мен көк көзді хаскилер жегілген шанаға отырып алып, мұз үстінде алаңсыз сырға­нау­ға болады.

МҮЙІЗДІ АТТРАКЦИОН

Таңсық жануар болғандықтан ба, бұ­ғылардың айналасынан кісі үзілмейді. Әсіресе, балалар жағы беті-қолын қарыған аязға қарамастан мүйізді мақұлықтың ана жерінен бір, мына жерінен бір шығып, реті келсе, сипап қалуға тырысып жүр. Бұл әрекеттері бұғыларға да ұнайтын болуы керек, кірпік қақпастан, басын иіп, сол орнынан қозғалмайды. Жануарлар әртүрлі ауруларға қарсы егілгендіктен, оларды сипау қауіпті емес. Тек мүйізінен абайлау керек: бұғы оқыс қимылдап қалса, мүйізімен абайсызда сүзіп кетуі мүмкін.
Бұғылардың иесі Ренат Дүйсембиновтің айтуынша, олар елімізге осыдан бес жыл бұрын Ресейдің Ямал-Ненец автономды округіне қарасты Салехард қаласы маңынан әкелініпті. Одан кейін біраз уақыт бойы Солтүстік Қазақстан облысында болып, Астанаға былтыр ғана келген.
Салмағы шамамен 140 келі тартып, дене-тұрқы 2 метрден асатын бұл бұғылар ауа температурасы -10 градустан жоғарыласа болды, тыныстары тарылып, өздерін жайсыз сезіне бастайды екен.

Сондықтан олар жаздыгүні кондиционер орнатылған қораға қамалады.Тундра мен тайганы мекеніне айналдыр­ған солтүстік бұғыларының Астанада не жеп жүргені де бізге қызық болды.
– Оларға сұлы секілді дәнді дақылдарды, қайың жапырағын, кейде саңырауқұлақтар береміз. Өздерінің арнайы диеталары бар. Өйткені туған топырақтарында өмір сүріп жатпағандықтан, денсаулықтары мықты болуы үшін тамақ рациондарын барынша бай етуге тырысамыз, – дейді Ренат.

ШАРШАМАЙТЫН ШАНАШЫЛАР

Бұғылармен бірге сол маңда Сібір хаскилері де шауып жүр. Олардың бәрі астаналық жас кәсіпкер Бейімбет Бәбиевке тиесілі екен.
– Бастапқыда бізде Рони атты жалғыз күшік қана болды. Оны қалай өсіру керектігін YouTube желісінен іздеп-қарап жүргенімізде, «Хаскиленд» атты аттракцион түрін ашу туралы идея келді. Ронидің қасына Ресейден екі, Бурабайдан бір ит алдырып, қалғандарын жалдап, қатарын көбейттік. Бүгінде мұнда он екі ит «жұмыс істейді». Олардың ішінде хаскилермен бірге маламуттар да бар, – дейді Бейімбет.
Иттер өздерінің бұл «жұмысына» дән риза секілді, өйткені шанаға жегілгендері бір-бірінен оза шабуға тырысып, қолды-­аяққа тұрмайды. Әр серуен сайын олар бойын жазып қана қоймай, жаңа достар да табады. Өйткені иттердің қылықтарына сүйсінген бала-шаға шаттана айқайлап, оларды құшақтап, мойындарын қасып, әбден еркелетеді.

Бейімбеттің айтуынша, хаскилер де, маламуттар да балаға өте жақын. Кішкентайлар оларды қанша умаждап, мазасын алып жатса да, оның бала екенін түсініп, сабыр танытады. Кейде мұнда психологиялық ауытқушылығы бар бүлдіршіндер де келіп, серуендейді екен. Иттермен бірге ойнаған соң олардың да көңіл күйлері көтеріліп, сабалақ жүнді жануарлармен қимай қоштасатын көрінеді.

Иттер жегілген шанаға отыруға күн са­йын 40 шақты адам келеді. Олардың бәрін де хаскилер мен маламуттар қыңқ демей сырғанатып, шат-шадыман әсерге тойғызып жібереді. Осы кезге дейін жануарлардың бірде-бір рет жат қылық көрсетіп, «бұзықтық» жасаған кездері болмапты. Әрине, кісінің командасын тыңдату үшін ит иелері біраз тер төккен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды