Есілде балық көбейді

0 72

Карантин табиғаттың тазаруына жағымды жағынан ықпал етті. Мәселен, Есілдің суында балық көбейді. Балық аулап жүрген жұрттың сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын білгіміз келіп, мамандардың ой-пікірін сұраған едік.Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Жас-Нұр» кәсіпорны жетекшісінің кеңесшісі Жарылқасын Әбдікерімов балықтың көбеюін былайша түсіндіріп берді. «Қазір елорданың коммуналдық қызметтері су қоймаларын санитарлық тазалауға және суды таза ұстауға ерекше көңіл бөледі. Олар көпірдің астындағы аумақты қоқыстан тазартты, қазір ол жерге өсімдіктер өсіп шықты. Ал балықтар таза суды таңдайды. Сонымен қатар, 2017 жылы Вячеслав су қоймасында жұртқа балық аулауға рұқсат етілді. Қазір ереже өзгеріп, онда тек әуесқой балықшылар ғана жүреді. Соның әсерінен балықтар тез көбейіп, су қоймасынан Есілге ағып түседі. Есіл өзенінде ірі балықтардың көбеюінің себебі осыдан. Елорданы жарып ағатын өзенде қазір табан балық, тұқы, шортан, мөңке, алабұға, ақ амур сияқты балықтар өсірілетінін біле бермейді».
Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет те Есілдегі балықтың жағдайын айтып берді. «Біздің комитет жыл сайын еліміздегі су қоймаларына балық жібереміз. Елордада да сондай шаралар жүргізіледі. Ондағы мақсат – өзен-көлдердегі балық көлемін сақтау, адамдардың балық аулауына қолайлы жағдай туғызу. Балықтың көбейгеніне қатысты айтарым, бұған карантиннің әсері болғаны анық. Екіншіден, жыл сайын қыстыкүні біз аэрация жүргіземіз. Өзендердегі суды ойып, оттегі жібереміз. Бұл – балықтардың қатып қалмауы үшін қажетті шара» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =