Есілде 20 аула абаттанады

0 29

Елорданың Есіл ауданында биыл 20 аула абаттандырылады. Қазір «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 5 қоғамдық кеңістікті көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы уақытқа дейін елорданың орталық саябағында ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жүгіру жолының резеңке жабыны ауыстырылып, йога мен жекпе-жек өнеріне арналған алаң жабдықталды. Мұнда тренажерлер саны көбейтіліп, workout кешені мен стритбол алаңы салынды.
Аудан тұрғындарының өтінішімен Есіл өзені жағалауындағы 12 шақырым аумақта брусчатканы ауыстыру бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазір осы өзен бойындағы аудандағы ең үлкен саябақтардың бірінде қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жерде де брусчатка ауыстырылып, жақында жаңа субұрқақ кешендері ашылады.
Есіл ауданы аумағындағы «Үркер», «Заречный», «Пригородный» және «Тельман» тұрғын алаптарында жиыны 32 көппәтерлі және 5066 жеке үйде 40 мыңға жуық адам тұрады. Жақында аудан әкімі Берік Жәкенов қалалық мәслихат депутаттарына шеткі аймақтар мәселесі қалай шешіліп жатқанын баяндады.
Соның ішінде үлкені – «Үркер» тұрғын алабы. Онда 25 мың адам тұрып жатыр. Осы елді мекенде біраз шаруа атқарылды. Алайда шешімін күтіп отырған мәселелер әлі де шаш етектен. Сол себептен тұрғын алап проблемаларын шешу бойынша жұмыс тобы құрылды. Оған қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары, тиісті коммуналдық қызметтердің өкілдері тартылды. Аудан әкімі осы апта басынан №69 мектеп-гимназияда сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдап жатыр. Оған әлеуметтік желілер арқылы да осы тұрғын алап халқынан көптеген сұрақтар түсіп жатыр. Үркерліктер биыл біраз мәселе шешілетініне үмітті.
Сондай-ақ «Пригородный» тұрғын алабында 15 мың адам тұрады. Өткен жылы елді мекенде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Оған апаратын жолға асфальт төселді. Нысанда ардагерлерге арналған шағын орталық ашылды. Бұған қоса, полиция пунктіне, «Қазпош­таға», аула клубына бөлмелер бөлінді. Карантин аяқталған соң аталған қызмет көрсету орындары жұмысын бастайды. Қазір тұрғын алапта 100 орындық жатақхананың құрылысы жалғасып жатыр. Оны осы жылдың 1 қазанына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Биыл «Заречный» тұрғын алабында Ұшқыштар көшесінде жол жөнделмек. «Тельман» кентіндегі Мұғалжар көшесінде аялдама павильоны орнатылды. Алдағы тамыз айында кентте нөсер кәрізі жүйесі тапсырылады. Осы елді мекенде осы жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-тың көмегімен спорт алаңын орнату да жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 15 =