Есіл ауданында 20 аула жөнделеді

0 45

«Astana» телеарнасы мен «Elorda Aqparat» ЖШС-тің бірлескен жобасы – «Elorda Live» бағдарламасының кезекті қонағы – Есіл ауданы әкімінің орынбасары Әнуар ҚАЙЫРЖАНОВ ауданды дамыту жұмыстары туралы айтып берді.

– Әнуар Талғатұлы, дәл қазіргі уақытта Есіл ауданы аумағында маңызды нысандар құрылысы жүріп жатыр ма?
– Әрине. Осы уақытта Қабанбай батыр мен Мәңгілік ел даңғылдары қиылысында бас мешіт, Сығанақ көшесінде «Абу-Даби Плаза» кешені, Тұран даңғылы мен Бұқар жырау көшесі аумағында жеңіл атлетикалық манеж салынып жатыр. Сондай-ақ осы жылдың аяғына дейін төрт орта мектеп пен бір балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
– Жеңіл атлетикалық манеж құрылысы қашан басталды? Нысанды қай мерзімде пайдалануға беруді көздеп отырсыздар?
– Манеждің салынып жатқанына екінші жылға кетті. Жыл аяғында аяқтаймыз деп отырмыз.
– Абаттандыру бағытында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Биыл «Пригородный», «Ильинка» тұрғын алаптарында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды бастадық. Сонымен қатар аулаларды абаттандыру жұмысы да жүріп жатыр. Осы жылы 20 ауланы абаттандыруды жоспарлап қойдық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бұған қоса, қалалық саябақта ұзындығы 3,5 метр резеңке төсенішті ауыстырдық. Жеті жылда оның тозығы жетті. Тұрғындар тарапынан Есіл өзені жағалауын абаттандыруға қатысты да көп өтініш түсіп жатыр. Қазір сол аумақта брусчатканы ауыстырып жатырмыз. Есіл өзенін бойлап жатқан Керей-Жәнібек хандар мен Ә.Бөкейхан көшелері қиылысындағы саябақты абаттандыру жұмыстарымен де айналысып жатырмыз. Бұл – Ботаникалық бақтан кейінгі ең үлкен саябақ. Онда аяқжолдарды, субұрқақтарды жөндеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Аудан тұрғындары өз ұсыныстарын, өтініштерін, бәлкім, ескертпелерін сіздерге қалай жеткізе алады?
– Біз әлеуметтік желілерде ашықпыз. Әдетте әртүрлі өтініш-шағымдар сол арқылы және iKomek 109 қызметіне келіп жатады. Осы жылы «Бюджетке қатысу» бағдарламасын бастадық. Оған 183 миллион теңге бөлінді. Соның аясында 32 жобаны қарадық. Қорытындысында 10 жобаны қабылдадық. Қазір тұрғындар жобаларға дауыс беріп жатыр. Содан соң тиісті жұмыстарды бастаймыз.
– Тұрғындармен жиі кездесу өткізіп тұрасыздар ма?
– Иә, әрине. Жыл басында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Бұл карантиннен бұрынғы уақыт еді. Заңды түсіндіру мақсатында аудан әкімі бастап, біз қостап, тұрғындармен жеті кездесу ұйымдастырдық. Тұрғындар бұдан басқа да көптеген проблемаларды көтерді. Бұл мәселелерді ауданның даму жоспарына енгіздік.
– Әлеуметтік бағытта қандай жұмыстарды жүргізіп жатырсыз­дар?
– Аудандағы 200-ге жуық көпбалалы отбасы мемлекеттік әлеуметтік көмек алды. Арнаулы себеттер 775 отбасыға, гигиеналық пакеттер 241 отбасыға тапсырылды. Карантин уақытында бізге 1500-ден астам отбасы көмек сұрап келді. Оларға 77 мыңнан астам маска бердік. Қазір бізде көмекті қажет ететін 632 отбасы тіркеуде тұр. Біз оларға мүмкіндігімізше көмек беріп жатырмыз.
– Тұрғындар қызмет көрсету ұйымдарының жұмысына жиі шағымданып жатады. Аудан әкімдігі ПИК-терді тексеруге, жауапкершілікке тартуға құқылы ма?
– Аудан әкімдігі бақылау-қадағалау органы болып саналмайды. Сондықтан ПИК-терді тексеріп, жауапкершілікке тарта алмаймыз. Белгілі бір компанияны тексеру үшін Тұрғын үй басқармасына және Тұрғын үй инспекциясына жазбаша өтінішпен шығу керек.
– Аудан әкімдігі қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төгетіндерге қарсы қандай шараларды қолданып жатыр?
– Бұл – өте өзекті мәселе. Аудан аумағында қоқыс рұқсатсыз қай жерлерге төгілетінін біз білеміз. Атап айтқанда, «Хан Шатыр» артындағы саяжайлар маңында, Нұра-Есіл арнасы бойында, Қ.Мұхамедханов көшесінде. Өткен жылы біз 30 мың тонна, осы жылы 6,5 мың тонна заңсыз қоқыс шығардық. Бізге бұл жұмыста экологиялық полиция белсенді көмектесіп жатыр. Биылғы сәуір айынан бері 58 айыппұл салдық. Әдетте заңсыздыққа құрылыс компаниялары жол беріп жатады.
– Аудандағы аулаларда балалар алаңдары жеткілікті ме? Жаңа алаңдар салына ма?
– Биыл 20 ауланы жөндейміз. Онда қауіпсіз шағын сәулет нысандарын, резеңке төсеніштерді орнатамыз. Барлық материалдың сертификаттары бар. Яғни ауданымызда заманауи, қауіпсіз, сертификатталған аулалар салынып жатыр. Қазір «Пригородный» мен «Ильинка» тұрғын алаптарында екі спорттық алаң абаттандырылып жатыр.
– Жылыту маусымына қалай дайындалып жатырсыздар?
– Ауданда қазіргі таңда 680 көппәтерлі тұрғын үй бар. 18 мамырдан бастап жылыту маусымына дайындықты бастадық. Бүгінгі күнге үйлердің қысқа дайындығы 21 пайызды құрайды. 1 қыркүйекке дейін бүкіл үйді дайындаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =