©2020 Астана Ақшамы
«ЕСЕПСІЗ» ТЕҢГЕ БОЛМАЙДЫ
Кредиттік карта дегенді естуіңіз бар ма? Осыдан бірнеше жыл бұрын алған несиемді соңғы күніне дейін созбай, алдын ала қаражатын құйып, ертерек құтылғам. Содан банк қызметкерлері күнде хабарласады. Мерекені құр жібермейді. Ағынан жарылып құттықтап жатқаны. Мұншама ықыласы кететіндей не болды деп ойланып жүргем. Артынша поштамен кредиттік карта жіберді. Ішінде бірнеше мың теңгесі бар. Керегінше жұмсайсыз. Тек уақытында пайызын төлеп тұрсаңыз болды деді. Қаражат керек болмаса, «тұра берсіннің» керін келтірді.
Әрине, жалтыраған карточкадан құтылдым. Бірнеше айдан кейін банк қызметкерлері де мазамды алғанды қойды.
Жақында құрбымның жолдасының да басынан осындай оқиға өтті. Несиеден құтылған соң, атына кредиттік карта ашылған екен. Өзі келген ақша ғой деп, шетінен жұмсап та жүрген. Күндердің күнінде қарызды жабыңыз деген хабар келеді. Төлейтін қарызы алған теңгесінен асып кеткен. Құрбымның күйеуі таң қалған. Жұмсарын білгенде, сіздерден ақша сұрап па едім деп қалай айтсын?!
Міне, кейбір банктер клиенттерін осылайша әурелейді. Әуре деген артық айтылған шығар, сөз алмақтың салмағында ғана. Кез келген кредиттік картаның шегі болады. Яғни, әр банк клиентінің қаржы мүмкіндіктеріне қарай шектеулі ақшаны қарызға бергендей картаны толтырып тұрады. Мысалы, 100 мың теңге делік. Сіз оны қалтаңыздағы ақша таусылған кезде алып жұмсауыңызға болады. Бірақ, белгілі мерзімде жұмсаған ақшаңызды картаға салып қою керек. Олай болмаған жағдайда, төленбеген қаражат үшін күніне пайыздық өсім өседі. Егер сіздің атыңызда карта болып, басқа банктен несие алғыңыз келсе, онда бұл карта сіздің банк алдындағы қарызыңыз болып тұрады.
Қаражат есептегенді ұнатады, ал кредиттік картаға «айдалада жатқан батпан құйрық» деп қызықпаңыз, онда «есепсіз» бір теңге де болмайтынын естен шығармаңыз.
Айгүл УАЙСОВА