©2020 Астана Ақшамы
Есеп күнін есіңе ал
Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Аллаһ Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) хадистерінің бірінде осы есеп күні әрбір адамға мына бес сұрақ міндетті түрде қойылатындығы айтылған:
1. Өмірін қайда өткізгендігі;
2. Жастық шағын қалай өткізгендігі;
3. Мал-мүлкін қандай жолмен тапқандығы;
4. Дүниесін қалай жұмсағандығы;
5. Білген тыйымдарына амал еткен – етпегендігі. (Тирмизи, Қиямет, 1-бөлім, 2416-хадис)
Қиямет сотында пенденің жаны қысылып, өзі жасаған күнәларынан жалтарады. Осы кезде әлгі амал дәптері алдына әкелініп, барлық ісі әшкере етіледі. Адам сонда да мойындамауға айналғанда, оның он екі мүшесіне тіл бітіп, жасаған күнәларын тізбектеп айта жөнеледі. Құран аятында осындай сәттің хақтығы былай келеді: «Ақыр олар оған барған кезде; оларға құлақтары, көздері және терілері олардың не істегендеріне айғақ болады. Олар терілеріне: «Не үшін бізге куә болдыңдар?» дейді. (Терілері): «Бізді әр нәрсені сөйлеткен Алла сөйлетті; сендерді алғаш рет жаратқан және Сол жаққа қайтарыласыңдар» деп жауап береді. Сендер өздеріңе құлақтарың, көздерің және терілерің айғақ болады деп жасырынбаушы едіңдер. Тіпті, Алла, істегендеріңнің көбін білмейді деп ойлаушы едіңдер. Міне, осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың, өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар». (41. Фуссиләт, 20-23-аяттар)
Осы сөзді тағы бір аят растай түседі: «Қиямет күні, оларға тілдері, қол-аяқтары не істегендеріне айғақ болады». («Нұр» сүресі, 24-аят)
Адам мүшелерінің айғақ болары аздай, қара жер де өзін таптап, жаншып, үстінде неше түрлі «пәлені» жасаған пенденің әрекеттеріне куәлік етеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні «Зилзал» сүресінің 4 аятын (Ол күні жер уақиғасын түсіндіреді) оқып болып, сахабаларынан: Жер уақиғасын қалай түсіндіретінін білесіңдер ме? – деп сұрайды. Сахабалар: Аллаһ пен оның елшісі ең дұрысын біледі деп жауап қатады. Сонда Аллаһтың елшісі: Жердің уақиғасын түсіндіруі дегеніміз – жер еркек пен әйелдің, әрбір пенденің жер бетінде жасаған амалы жайында «пәленше мына күні мына сағатта мына істі істеді» деп хабар береді дейді. (Тирмизи, Қиямет, 7-бөлім, 2429-хадис). Осындай қиындықпен келетін есеп күнінен құтылатындар: балиғатқа жасы толмай қайтыс болған балалар, сәбилер және балиғатқа толмай тұрып, ақыл-есінен адасып, айықпаған күйінде жан тапсырған адамдар. Міне, тек қана осылар сұралмайды, Аллаһтың кеңшілігімен жаннатқа кіреді делінген.
Есеп беру кезінде әділетсіздік атаулыға жол жоқ. Ол күннің қиындығы сондай: әкесі баласынан қашады, анасы перзентіне сауап бере алмайды. Бір-бірінде есесі кеткен адамдар еш кешіріспейді. Есеп айырысу үшін бір-бірінің сауаптарына жармасады, ал, егер сауаптары болмаса, ақысы кеткен адам ақысын жеген адамның мойнына өз күнәсін артып береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бірде сахабаларынан: Муфлистің (банкрот) кім екендігін білесіңдер ме? – деп сұрайды. Сахабалар: Муфлис – ақшасы мен малынан, дүние-мүлкінен жұрдай болған адам деп жауап береді. Сонда адамзаттың абзалы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с): «Үмметімнен ақыретте тақырға отырушы кісілер қиямет күнге біреуге тіл тигізген, жала жапқан, оның малын жеген, оның қанын төккен күйде намаз, ораза, зекетімен келетін кісі. Оның сауаптары біреуге, жақсылықтары тағы басқаға беріледі. Жиған сауаптары сол қарыздарын өтеуге жетпей қалса, олардың күнәларын арқалайды. Содан соң ол адам тозаққа тасталады» деген. (Муслим, Тирмизи риуаяты)
Иман – сенім. Ақыретке сенген, Аллаһты бір деп, Мұхаммед (с.ғ.с.)пайғамбарды оның елшісі санаған – мұсылман. Мұсылманды «мүмін» дейді. Қазақша – момын. Момын атам біреудің ақысын же деді ме? «Ешкімнің ала жібін аттама» деген кім? Адал бол десе, ол кәпір ме? Міне, біздің мұсылман қауымы, Мұхаммедтің (с.ғ.с) үмметі екенімізді растайтын дүниелер осындай кішкентай тыйым сөзден басталады. Ендеше, исі мұсылман бабамыздың жолымен, Аллаһтың бұйырғанындай күн кешіп, ақырет қамын бүгіннен бастайық. Есеп күні еңіреп жылағанмен, күйіміз еш оңалмайды. Өкініштің орны тола алмайды. Бармақты қарш-қарш шайнап, санымызды сабалап, шашымызды уыстап жұлмайық десек, иманымызды суарып, амалымызды арттырайық. Біздің айтар ғибрат – осы!
Мағзұм ЖАБИГЕНОВ