Есейгісі келмейтін ересектер

0 63

Еуропа комиссиясы арнайы жүргізген сұраудың нәтижесі Кәрі құрлықтың дәстүрлі діндерден мүлдем алшақтап бара жатқанын аңғартқан. Енді оның орнын ертегі толтырмақшы. Бүкіл жаны, сенімі, сезімі тоналып, бағытынан айырылған топтың сұранысын қанағаттандыратын фабриканың жұмысы жанданып, соңғы он жылда ертегі-мультфильмдердің даңқы мен дақпырты асып, мелодрама, боевик, триллерлерді жолда қалдырып, ересектер аудиториясын жаулап, бірнеше миллиондаған пайдаға қалғанына мүйізі қарағайдай киноакадемиктер мен мәдениеттанушылардың өзі назар аудара бастаған. Сиқыршы бала Гарри Поттердің, «Аватардың» бір кезде көпшілік қолдауымен «Оскарға» ұсынылуы – осының айғағы.

Бұрындары балалық пен ересектіктің арасында шекара болатын, кез келген бала ересектікке қадам басқан кезде оның жауапкершілігін сезінетін, психологтардың айтуынша, қазір, керісінше, есейгісі келмейтін, бала сияқты мультфильм көріп, күнұзаққа компьютерде ойын ойнайтын ересектер көбейген көрінеді. Олар бүгінгі күрделілігі, қарама-қайшылығы мол шынайы өмірден қажып немесе бойларын белгісіз үрей билеп, жан рахатын ертегіден тапқан. «Аватарды» (Джеймс Кэмерон) кірпік қақпай көрген Сергей бүгінде 33 жаста. Оны айналасындағылар істің көзін білетін, шаруа жігіт деп бағалайды. Ол жұмыстан басқа уақыттардың бәрінде бала секілді, мультфильм кейіпкерлері сияқты киініп жүргенді жаны сүйеді. «Балалар әлеміне» барып, соңғы модельді ойыншықтар сатып алуға құмар. Жақындары оның бұл қылығын қалыпты деп есептегендіктен назар аудара бермейді, тіпті өздері де Сергейдің туған күніне «Южный парк» мультфильміндегі Кеннидің суреті бар футболкалар немесе пультпен басқарылатын ойыншықтар сыйлайтыны бар, ондайда Сергейден бақытты адам жоқтай, балаша мәз болады. Жасы отыздан асқанына қарамастан Сергей отбасын құру туралы ойлап бас қатырмайды. Ол өзін мұндай аса жауапты қадам жасауға әзір емеспін деп есептейді.

Карлсонның трагедиясы

«Шатырда тұратын Карл­сон». Шведтік Астрид Линдгреннің бұл шығармасы бойынша мультфильм де түсірілді. Сыраға, қыз-қырқынға, құмар ойынға, мәшинеге құмартпайтын, керісінше, варенье, печенье және тосын сыйлықтар мен ерекше оқиғаларға аса құмар осы бір ер адам бір қарағанда бала секілді. Карлсон бір сәт қиялына ерік беріп, балақайға өз басында болмаған оқиғаларды шабыттанып айтып беретін жері есіңізде ме, «менің әжем Карлсон, Карлсон» деп айқайлағанда бәрінің әжесін далада қалдыратын, менің әжем қатты қысып құшақтағанда демала алмай қалар едің» деп мақтанатын, ал шынында оның әжесі болмаған. Ол жалғыз. Трагедиясы да осында. «Әлемдегі ең мықты, кемеліне келген еркек» бола тұра, Карлсонның өмірлік мәселелер туралы бас қатырып көрмегені, оның басқа жерде емес, шатырда тұруының өзі осы 40 жастардағы қортық адамның дүниеден бөлініп, өзінің кішкентай әлемінің ғана қожасы болып қалғаны, сәл нәрсеге өкпелеп, сәл нәрсеге қуанатыны, адамның ойына келмейтін сотанақ ойындарды ойлап табатыны, шынында, трагедия… О баста шығарма авторы Линдгрен ертегі-оқиғаны өзінің үнемі үйде қалатын жалғыз баласы үшін шығарған дейді. Қалай болғанда да шығарма қызық бола тұрып, Карлсонға аяушылық сезімін тудырады және оның комплексі көп адам екенін аңғартады. Бүгінде осы Карлсон бейнесі тек ойдан шығарылған бейне ретінде қалып қоймай, нақты өмірде кездесетін адам екеніне де көз жете бастады. Қарны шыққан 30-35-тердегі мұртты «балаларды», компьютерден мультфильм тамашалап, ойын ойнап, тәттісін жеп, ештеңеге бас қатырмайтын Карлсондарды кинотеатрларда кездестіруге болады.

Жапония да қалыспайды

Токиода жасөспірімдер киімін сататын сегіз қабатты сауда орталығының Kawaii аталатын өнімдері өтімді болып шыққан. Kawaii сөзінің мағынасын ашу біз үшін оңай емес, дегенмен жанама мағынасы мамықтай жұмсақ, сүйкімді, «муси-пуси» секілді болып келеді. Мультфильм кейіпкерлері бейнеленген жейделер мен футболкалар ересектердің есін алып, 30-40-тардағы ерлер осы жерге келіп қоян бейнесіндегі мамық тәпішкелер, мысықтың суреті бар қалпақтар мен галстуктер, күшігі бар қолшатырлар мен сағаттар сатып алу үшін кезекке тұратын көрінеді. Әсіресе, Sony Aibo аталатын соғыспайтын роботтар ересектер арасында ерекше танымалдыққа ие болған. Мультфильм десе ішер асын жерге қоятындар арасында әлемге танымал тұлғалар да баршылық. Олардың арасында АҚШ президенті болған Джордж Буш, атақты мультипликатор, «Елестер әкеткен», «Қасқырлар ханшайымы» атты мультфильмдер авторы Хаяо Миядзаки, «Титаник» фильмінде « My Heart Will Go On» әнін айтушы Селин Дион бар. Соңғы кездері психологиялық сипаттамада жаңа сөздер пайда болды, мұны термин дегеннен гөрі атау деген дұрыс шығар. Мысалы, кидалттар, инфантилдер деген…

Кидалт деген кім?

Мәскеуде 2х2 каналының көрермендері көбейіп келе жатқаны айтылады. Оның көрермендері – кидалттар. Бұл арна қорқынышты ертегілер мен мейірімнен ада комикстер көрсетеді, саясаты, криминалы жоқ. Арнаның директоры Наталья сұхбатында анимациялық фильмдер фестиваліне келушілердің тым көп болғанын айтады. «Кидалттарды бірден айыру үшін ерекше қырағы болудың қажеті жоқ, олар костюм киіп, ыздиып келмейді, анимациялық киімдерді қуана киіп, шаттанып, дуылдап кіреді» дейді ол. Аталмыш арнаның директоры да өзін нағыз кидалтпын деп есептейді, бір өзі үш телефон ұстайтын, саусағына қуыршақтың көзімен безендірілген жүзік таққан, білегіне алқызыл шарлары бар білезік салған, Парижден өзі үшін арнап екі тышқан ойыншығы бар шаш түйреуіш сатып алған, ұшатын тышқан ойыншығын тастамайтын, «Рататуй» мультфильмін сүйсініп қарайтын Наталья үшін өмірді қиындатудың, тек мәселелер туралы бас қатырудың еш мәні жоқ. Бізде де жасөспірім қыздар секілді киінетін орта жастағы әйелдерді жиі кездестіруге болады. Тым қысқа юбка, жеңсіз ашық түсті кофта, баулары көп аяқ киімдер киген, смартфон, айпад, «hello Kitty» күнделігін ұстайтын кидалт әйелдер өмірді тек жағымды ашық түстерімен ғана қабылдайды. Қартаюдан өлердей қорқатын, жастар секілді соңғы шыққан техника, киімді қуана қабылдайтын әйелдер әдетте отбасын құру, ана болу секілді заңдылықтарға мойынсұнғысы келмейді екен. Айтпақшы, кидалттар инфантилдер секілді айналасында сырадан босаған қалбырлар шашылған компьютер басында қалғып-мүлгімейді, Google Maps-та сағаттар бойы отырғанмен, әдетте тәп-тәуір табыс табатын кәсіп иесі болып келеді. Сонымен бірге олар өз мойындарына артық жауапкершілік алмайды, еркін, бос, уайымсыз адамдар. Ойыншықтан айырғысыз ең кішкентай модельді көліктерді қызығып сатып алушылар да осы кидалттар екен. Кидалттар арасында бет-әлпеті, қимылдары әйелге ұқсас ер адамдар болады. Әдетте оларға әйел заты назар аудармайды. Кез келген әйел саналы түрде ер мінезді, мықты ер адаммен некелескісі келетіндіктен, мұндай нәзік ер адамдар не мүлдем үйленбейді, не болмаса оны түр-әлпеті нашар немесе комплекстері көп әйелдер ғана таңдайды екен.

Инфантил жігіттер кімге керек?

Инфантилдер – өз ісіне жауап беріп жатпайтын, логикасы балаң күйде қалып қойған ересек адамдар. Бұлардың іс-әрекеттері өз жасына сәйкес келмейді. Психологтар сипаттаған мінездемесіне келсек, уәде береді, бірақ орындамайды, кейде адамның ойына келмейтін істермен айналысады, бұлар тек орта жастан асқан әйелдерге ғана ұнауы мүмкін. Оның себебін психологтар тым қарапайым түсіндіреді, байсал тартқан әйелдер ғана мұндай ер адамды бала секілді жұбатып, керек жерінде тәрбиелеп, оған анасы секілді болғысы келеді екен.
Ұл туса жарты дүниені жаулағандай қуанатын қазақпыз, санымыз да көп емес, Құдай сақтасын, үйленіп ұлды болып, үй салғысы келмейтін, одан компьютерде ойын ойнаған қызықтырақ деп есептейтін жігіттер көбеймесін деңіз.
Құндылық өзгерген кезеңге келдік. Майкл Джексонның іш киімдерінің құны аукционда миллион долларларға сатылды, Толстойлар керек болмай қалды. Банкроттық, инфляция, нарықтық экономикадан саналарға салмақ түсті, моральдың екінші планға шығуынан келіп релятивизм (өмірді объективті түрде тануды жоққа шығаратын, біздің оқыған-білгеніміз бен шынайы өмірдің арасы екі бөлек дүние деп есептейтін философиялық концепция) салтанат құрды. Осыдан келіп ертегі-мультфильм нарықтық фактор ғана емес, әлемнің жартысы оны шынайы қабылдай бастады.

P.S. Күйбеңі көп тірлікті қызыл-жасыл ашық түстермен көргісі келу, өмірді мүмкіндігінше ойсыз, жеңіл өткізуге тырысушылық, қамсыз-мұңсыз «бала бола тұрудың» арты адамзатты рухсыздандырып, адам ретінде азуға әкелетінін айту аз, мұның артында үлкен мәселелер жатқаны анық. Олай болса Еуропа қайда, біз қайдамыз демеңіз…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − six =