Ержүрек танкист

Курск доғасындағы шайқасқа қатысқан қазақ офицері Шахмет Наркеев туралы бір үзік сыр

0 243

Биыл 9 мамырда Ұлы Жеңіске 75 жыл толады. Бұл – өз Отанын жанқиярлықпен қорғаған солдаттар мен офицерлердің, жеңісті жақындатқан тылдағы еңбекшілердің ерлігінің мәңгі өшпейтінін еске алатын күн. Бұл – біздің әкелеріміз бен аталарымыздың Отанға деген ерекше сүйіспеншілігі, табандылығы мен ерлігі сол сұрапыл соғыста Жеңіске жеткізген күн! Жыл сайын  9 мамыр жақындағанда әкемнің ерлігін еске алып, жан-жүрегімді бір керемет мақтаныш сезімі билейді. Әкемнің Отан, келешек ұрпақ алдындағы жасаған ерлігі, адалдығы үшін алғысымды қалай жеткізсем деп ойға шомамын.

Әкем Шахмет Наркеев 1921 жылы 15 қаңтарда Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жастар колхозында туған. Атам Наркей ауыл шаруашылығында өмірінің соңына дейін аянбай еңбек етіп, 1925 жылы дүниеден озады. 1932 жылғы ашаршылықта әжем қайтыс болып, апасы Тиышбала екеуі жетім қалады. 6 жыл Көкшетаудағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 6 сыныптық білім алған. 1938 жылы Қарағандыға көшіп, Тиышбала медициналық оқу орнына түсіп, әкем орта мектептегі оқуын жалғастырады. 1941 жылы маусым айында Қызыл Армия қатарына Сталин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Алдымен Ақмола қаласында әскери даярлықтан өтіп, 1941 жылы шілде айында Оңтүстік майданның 39-шы атқыштар полкіне қатардағы жауынгер болып аттанады.

Әкем майданда жүріп, әскери білімін жетілдіруге ерекше құлшыныс танытқан. Тамбов жаяу әскер училищесінде курсант болып әскери тактикаларды үйреніп, атқыш (снайпер) ретінде шайқас алаңы – 103-ші Батыс атқыштар полкіне жіберіледі. Майданда бірнеше мәрте жараланып, госпитальге түсіп, одан қайта соғысқа аттанып отырған. 1943 жылдың шілде айына дейін Оңтүстік майдандағы 94-ші гвардия атқыштар дивизиясының бөлім командирі қызметін атқарады. Қазақ офицері Шахмет Наркеев соғыстың тарихына алтып әріптермен жазылған, 50 күнге созылған әйгілі Курск доғасындағы шешуші шайқасқа қатысқан. Қарсы тараптардан 4 млн-нан аса (Сталинград шайқасына 2,1 млн. адам) адам жұмылдырылған кескілескен шайқаста немістің 35 дивизиясы, соның ішінде 22 жаяу, 11 танк және 2 мотодивизиясы талқандалады.

Соғыс туралы киноларда Прохоров елдімекеніндегі алапат шайқас жиі көрсетіледі. Ол Ұлы Отан соғысындағы броньмен қапталған көліктердің ең ірі шайқасы екені дәлелденді. Вермахт Қызыл армиядан әскерінің саны, техникасының қуаты жөнінен де басым болатын. 88 милиметрлік атқышы бар, 2 шақырымға оқ ататын неміс «Тигрлерінің» екпіні қатты еді. Үлкен шығынға қарамастан, Ш. Наркеев басқаратын танктер жақыннан соғысудың оңтайлы сәтін күтті. Осы тәсіл жеңіске жеткізді. Сол шайқаста жаудың танкілерінің 75 пайызы талқандалды. Әкем сол сұрапыл шайқастың дәл ортасында жүріп (бұл 1943 жылдың 22 шілдесі күні), қатты жараланады. Госпитальда ұзақ жатып емделеді. Көп ұзамай әкемнің ерлігі әділ бағаланып, «2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен», «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.

Ауруханадан шыққан соң Орлов қаласындағы М. Фрунзе атындағы танк училищесіне оқуға қабылданып, 10 айлық курсты «өте жақсы» деген бағамен аяқтап, 2-ші Украина майданына 186-шы танк полкінің Т-34 танк командирі болып әскери қызметке тағайындалады. Училищеде оқыған кезінде өзін еңбекқор, адал, төзімді, әскери-саяси жағынан білімді курсант ретінде көрсетеді. Оқу барысында ұрыстағы тактика, атыс шеберлігі, радио, топография, техника сияқты пәндерден «5» баға алған. Танктегі экипажды үздік басқаруды, тез шешім қабылдауды жақсы меңгергені үшін рота командирі «кіші лейтенант» әскери атағын беруді ұсынады. Бірақ бұл атақты, 1945 жылы 14 шілдеде алады. Сондай-ақ, әкем майданда жүріп, комсомол ұйымының жұмысына белсенділікпен араласады. 1946 жылы 9 шілдеде демоболизацияға жіберіледі.Жастайынан көрген жетімдік азабы, қанды майдандағы ерік-жігер, әскердегі темірдей қатал тәртіп, бейбіт өмірдегі жауапкершілік жүгі әкемді намысшыл, патриот, Отаншыл, ұлтшыл тұлға етіп қалыптастырды. Ол өзінің еліне, халқына деген патриоттық сезімін, ұлттық мүддеге адалдығын соғыстан кейінгі жылдарда да дәлелдеді. 1947 жылдың желтоқсан айынан 1970 жылдың қазан айына дейін КСРО ІІМ органдарында қызмет етіп, зейнетке шықты. 1947 жылы анаммен отбасын құрып, 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп-өсірді. Олардың бәріне жоғары білім алуына мүмкіндік жасап, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бауырларымның бәрі өмірден орнын тапты. Солардың бірі мен, қазір жоғары оқу ордасында ұстазбын, осылайша еліміздің көркеюіне өз үлесімді қосудамын. Ержүрек әкеміздің жолымен жүрген балалары, немерелері Отанына адал еңбек етіп жүр. Өйткені, асқар тауымыз бізге жастайымыздан адамгершілік, ар-намыс, ұят секілді қасиеттерді бірінші орынға қойып, қашанда адал еңбек етуді санамызға сіңірді. Себебі, өзі де хәкім Абайдың:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген қағидасын темірқазық етіп ұстанды. Туған елі мен халқының алдындағы перзенттік парызын адал атқарған жанның ұрпағы екенімізід біз мақтан тұтамыз! Өз басым Жеңіс күні жақындаған сайын, әкемнің және соғысты көрмеген біздің ұрпақтың, бүгінгі буынның бақыты үшін асқан ерлік, батылдық, қайсарлық, жанкештілік көрсеткен жандардың бәріне басымды иіп, алғысымды қалай жеткізсем деп толғанамын! Ерлік ешқашан ұмытылмайды! Бүгінгі ұрпақ сол ерлікті мақтан тұтып қана қоймай, өмір жолына шырақ етіп ұстануы тиіс деп ойлаймын!

Зылыйха БИМАҚАНОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − eight =