«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ержан Шынкеев – «Қазақстан барысы»

0 243

Жексенбі күні күрес десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер «Барыс Арена» спорт кешенін бетке алды. Мұнда Президент жүлдесіне арналған, осымен сегізінші жыл ұйымдас­тырылған «Қазақстан барысы-2018» республикалық турнирі өтті.


Байрақты бәсекеде белдес­кеннің белін үзетін 37 апайтөс балуан бақ сынасты. Олардың арасында осыған дейін барыс атанған Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғмаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев сынды қазақ күресінің тісқаққан сайыпқырандарымен қатар, аталмыш жарыстың табалдырығын енді ғана аттаған жастар да болды. Мысалы, турнирге биыл бірінші рет қатысқан 24 жасар әскер барысы Ерасыл Қажыбаев тыңнан түрен салды. Ол Руслан Әбдіразақов пен былтырғы барыс Еламан Ерғалиевті жеңеді деп ешкім күтпеген де еді.
Осыдан кейін-ақ Ерасыл өзінің алысқа шабатынын бірден байқатты. Кіл мықтыларды мойындатқан ол ширек финалда Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровпен жолықты. Бұл жарыстағы ең жеңіл салмақ (90 кг) пен ең ауыр салмақ (151 кг) иелерінің белдесуі еді. Салмақ айырмасы 60 келі болса да, Ерсұлтан барын салып, қарсыласын састырып бақты. Бірақ қанша шабуыл жасағанымен, түркістандық балуанның әдістері нәтижесіз болды. Аздаған ұпай сандарымен ғана басым түскен Ерасыл белдесу кезінде иығынан жарақаттанып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді.
Сол сияқты ширек финалда жүздескен тәжірибелі балуандар семейлік Айбек Нұғмаров пен қарағандылық Ержан Шынкеевтің білдесуі де тартысты өтті. Алма-кезек бүк, жамбас ұпайларын еншілеп жүрген қос балуанның кездесуі соңғы секундтарда Ержанның жартылай жеңісімен аяқталды.
Ал үшінші орын үшін бақ сынасқан Ерсұлтан Мұзаппаровтан басым түскен Айбек Нұғмаров қола белбеуге ие болды.
Турнирді түйіндеген Ержан Шынкеев пен Ерасыл Қажыбаев атой салып, қиқулаған жанкүйердің делебесін қоздырды. Ерасылға жарақаты әсер берді ме, алдындағыдай емес, бәсеңдеп қалды. Ал аталмыш жарыста талай жылдан бері бағы жанбай жүрген Ержанның бұл жолы тасы өрге домалап, жеңіс тұғырынан көрінді.
Сонымен, ұлттық спорт ұлықталған бәсекеде алтын белбеуді Ержан Шынкеев қанжығаласа, күміс белбеуді әскер барысы Ерасыл Қажыбаев, қола белбеуді Айбек Нұғмаров иеленді. Ал түркістандық Ерсұлтан Мұзаппаров төртінші орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздарды марапаттаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, спорт ардагері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев сынды тұлғалар балуандар мен олардың бапкерлеріне қомақты қаржы сертификатын салтанатты түрде табыстады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды