«Ертөстікті» тегін тамашалады

0 35

Елордадағы «Қуыршақ» театры «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бастамасымен Алғыс айту күніне орай мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасы балаларына «Ертөстік» қойылымын тарту етті.

Театр ұжымы кішкентай көрермендердің жүзіне күлкі сыйлау үшін барын салды. Көңілдері алып ұшқан балақайлар «Ертөстіктің» батырлығына куә болып, ертегілер әлеміне саяхаттады.
«Бүгінгі шараның мақсаты – Алғыс айту күнін жаңа форматта атап өту. Қуыршақ театры балалардың ойлау қабілетін жақсартып, рухани азық беретін ерекше көрініс қойды. Балалар мен ата-аналар да дән риза. Мереке күнінде балақайлардың көңілдері бір серпілді» деді «Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік мекемесі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек ­Пұсыр­манов.
Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың айтуынша, карантин талаптарына сай қойылым тамашалауға 35 бала шақыртылған. Сонымен қатар өнер ордасында өрендерімізге аптасына 2 рет ақысыз спектакльдер ұйымдастырылады.
«Жақсылық жасасаң, өмірің де жақсы болады. Себебі өзгеге көрсеткен көмегің, қамқорлығың өзіңе екі есе қайтады. Өмірдің жаманынан жақсылығы көп. Сондықтан бүгін ғана емес, күнде бір-бірімізге алғыс айта жүруіміз қажет. Жай ғана жақын жандарыңыздың жаныңызда жүргені үшін қуаныңыз. Шынайы алғыс білдіріңіз. Бүгін театрға келген балалар ерекше әсер алды деген ойдамын. Кішкентай көрер­мендеріміз әрдайым спектакль аяқталғанда орнынан тұрып, шапалақ ұрып, алғыс айтып кетеді. Біз үшін одан артық бақыт жоқ. Осы күнді пайдаланып, барлық балаларға рақмет айтамын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Патша көңіл көрермендерімізді қуантуға әрқашан дайынбыз» деді ол.
Қойылым соңында ұйымдастырушылар балаларға сый-сияпаттар ұсынды.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 3 =