Ертеңіне сенген елдің рухы биік

0 21

Майда самал ескен мамыр айы – қазақстандықтар үшін берекемен басталып, мерекеге жалғасатын ай. Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні сынды мерекелерді қазақстандықтар әр жылы салтанатты түрде атап өтіп келеді. Алайда биыл COVID-19 індетінің кесірінен елімізде төтенше жағдай жарияланды да, 19 наурыздан бергі мерекелерді қазақстандықтар үйінде атап өтіп жатыр.Көктемнің құлпырған әдемі кезінде әр жылы думандатып мереке өткізетін отандастарымызға мерекелерді төрт қабырғаға қамалып, үйде қарсы алу, әрине, оңай емес. Алайда «тәртіпке бағынған ел қор болмайды» деген сөзді бойтұмар еткен халқымыз қазіргі төтенше жағдайға үлкен түсінікпен қарады. Сабыр сақтап, Мемлекет басшының үндеуіне үн қосып, үйде болды. Ауызбіршілігінің, жұдырықтай жұмылған берекесінің арқасында небір қиындықтарды еңсерген халқымыз бұл жолы да елдігі мен ерлігін танытып, өр рухын жасытқан жоқ. Бірінің жігеріне бірі демеу беріп, түрлі тәсілдермен жұрт көңілін көтеріп, үйде отырса да, мерекенің мерейін асырып жатыр. Айталық, мереке күндерінде елордамызда және Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда әнұранымыз айтылып, балкондарда көк туымыз ілінгені – соның айғағы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің алдын алу және оның таралуынан сақтану жөніндегі жұмыстарды өзі қатаң қадағалап, үкіметке маңызды тапсыр­малар берді. 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай енгізді әрі оны індет жағдайына қарай 11 мамырға дейін созды. Себебі әлемде індетке байланысты төтенше жағдай жариялаған тек Қазақстан ғана емес, індеттің жолын кесудің бірден-бірі жолы қатаң карантин талаптарын сақтау болғандықтан, әлемнің көп елі төтенше жағдайға көшкені белгілі. Әрине, екі айға жуық үйде отыру еңбегімен күн көрген барлық адамға оңай соқпайтыны анық. Бірақ денсаулықтан, бас амандықтан ештеңе артық емес екенін ескерген отандастарымыз Мемлекет басшысының шешімін қолдады, тәртіпке бағынды. Осының арқасында елімізде аты жаман індеттің таралуы басқа елдермен салыстырғанда көп баяу болды. Бұл бүкіл қазақстандықтар үшін алғанда үлкен жетістік деп айтуға болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс күндері сияқты Мемлекеттік мейрамдарда жылда күй күмбірлеп, ән әуелеп, мамырдың мәні басқаша елес­тейтін. Ал биыл жұрт мереке күндерді алаңға шығып, көңіл көтермегенімен, әр отбасы өз шаңырағында мерекелерді әртүрлі деңгейде атап өтіп жатыр.
Қысқасы, биылғы мерекелерде алаң мен салтанатты сарайларда мерекелік шаралар өтпегенімен, ол рухы биік қазақстандықтардың көңіл-күйіне қатты әсер еткен жоқ. Бәрі төтенше жағдайға түсінікпен қарап, отбасында отырып-ақ мерекенің мерейін сезініп жатыр. Өйт­кені ертеңіне сенген елдің жігері ешқашан мұқалмайды.

Мадина Өтепбергенқызы, (елорда тұрғыны):

– Біз биыл мамырдағы мерекелердің бәрін үйде қарсы алдық. Өйткені қазір елімізде төтенше жағдай ғой. Мемлекет басшысының карантин жариялап, оның мерзімін індет жағдайына қарай созғаны халықтың өмірі үшін жасалған дұрыс шешім деп ойлаймын. Сондықтан да бұл шешімді барлық қазақстандықтар қолдап, үйде отыр. Мереке күндері жылдағыдай туыс-туғандарымызбен бір араға жиналып думандатпасақ та, өз отбасымызда атап өтіп жатырмыз. Алдымызда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні келе жатыр. Бұл мерекенің біздің әулет үшін мәні бөлек. Себебі біздің әкеміз Өтепберген Мұстафин Ұлы Отан соғысына қатысып, сұрапыл соғыстан аман оралды. Сан мың адам ажал құшқан қанды соғыстан аман келуінің өзі үлкен той ғой. Сосын да біздің отбасымыз Жеңіс күнін алаңда жұртпен бірге бір тойласа, кеште отбасында атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биыл да әрқайсымыз өз шаңырағымызда дастарқанымызды жайып, жақсылап атап өтпекпіз.

Қазыбек Қуаныш (елорда тұрғыны):

– Наурыз, мамыр, шілде айларында бас қаламыз мерекенің мерейіне шоматын еді. Жылда бала-шағамызбен алаңдардағы салтанатты шараларды тамашалаушы едік. Биыл төтенше жағдайға байланысты оның бәрі сап тыйылды. Мұның бәрі халықтың амандығы үшін атқарылып жатқан уақыттық шаралар ғой. Бас аман болса, әлі талай мерекені тойлармыз. Бастысы, ел аман болсын! Еліміздің осындай қатаң шаралар қолданып, індетті тізгіндеп жатқанын қолдаймын, тәртіпке бағына білсек, Мемлекет басшысының пәрмендерін қолдасақ, бұл індетті де жеңіп шығамыз деп ойлаймын. Сондықтан үйде отырсақ та, көңіл-күйді түсірмей, болашаққа деген үмітімізді үзбеуіміз керек. Бұл жалғыз қазақстандықтардың ғана басына келіп жатқан жағдай емес, бүкіл әлем халқы үйде отыр деп айтуға болады. Былайша айтқанда, бұл – көпке келген селебе. Осындайда атамыз қазақтың «Көпке келген селебе, селебені елеме» деген аталы сөзі еске түседі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − four =