Ертеңіне сенген ел

0 119

Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын елордалықтар қызу талқылау үстінде.  Сондай  салиқалы жиынның бірі  – «Қазақстан» Орталық концерт залында өтті. Астана әкімінің орынбасары Аида Балаеваның қатысуымен өткен алқалы жиынға қалалық құрылымдардың, жоғары оқу орындарының басшылары мен жастар қатысты.  

Елбасының республика халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы қо­ғам­да үлкен қозғалыс туғызғаны бел­гілі. Жер-жерде Жолдау жүк­те­ген міндеттерді шешу жолдары айтылып, ондағы тапсырмаларды орындау жұмыстары басталып кетті. 2050 жылға дейінгі елдің даму саясаты айқындалған құнды құжаттың мән-маңызын түсіндіру мақсатында жиналған жұрттың алдына бірқатар лауазым иелері шығып, өз ойларымен бөлісті. Олардың арасында ҚР Президентінің жанындағы «Орталық коммуникация­лар­ қызметі» республикалық мемле­кет­тік мекемесінің директоры Ер­жан Бабақұмаров, ҚР Қаржы ми­ни­стр­лігінің Салық комитеті салық заңнамасын түсіндіру және жетілдіру басқармасының бастығы Айсұлу Боранбаева және басқалар бар. Әсіресе, Айсұлу Қасенқызы салық құжаттамаларын оңайлату, берешекті қайтару тәртібін ырық­тандыру туралы байыпты әңгіме қозғады.

Бұған қоса, жиналғандар спорт туралы қаузады. Елбасы бұған дейінгі Жолдауларында спорт саласын дамытуға, оның ішінде бұқаралық спортқа баса мән беру керектігін айтқан болатын. Бүгінде астаналықтардың 30 пайызы дене тәрбиесімен тұрақты түрде шұғылданады. Осыны тілге тиек еткен мамандар бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақыттарда жетілдіре түсу керектігіне тоқ­талды.

Қалалық құрылым басшылары да сөз алып, өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, білім, медицина, спорт салаларындағы жетістіктер мен атқарылуға тиіс міндеттерді нақтылай түсті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы белгілеп берген дамыған отыз елдің қатарынан көріну үшін қоғамымызда барлық мүмкіндіктер бар екендігі жан-жақты айтылды. Ең бастысы, бұл күні жастар Жолдауға қолдау білдіріп, елдің ертеңі үшін кейінгі толқын өкілдері аянбай еңбек ететіндеріне сенім білдірді.
– Еліміздің жетістіктеріне бүгінде әлем лайықты бағасын беріп отыр. Бұл әлбетте, салиқалы саясат пен береке-бірліктің арқасында келген жетістік. Қазақстанда спортқа өте көп көңіл бөлініп келеді. Меніңше, оның бірден-бір дәлелі – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында еліміз 204 мемлекеттің ішінде топ жарып, 12 орынға тұрақтауы. Сондықтан спорт арқылы мемлекеттің тұғыры биіктей түспек,– деді «Жігер» спорт клубы директорының орынбасары Сайранбек Әбілқайыров журналистермен әңгімесінде.

Айнұр САНАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + three =