Ерте танылған ерекше дарын

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

0 77

Роза Мұқанова әдеби қауымға – жазушы, ал өнер сүюші қауымға қарымды драматург ретінде кеңінен танымал тұлға. Адам бойындағы қандай бір талантты Жаратушының өзі береді. Розаға да әуелден Алла Тағала талантты өзі берді. Сөйтіп оны өз қатарластарынан әлдеқайда ерекше талантты болуға, ерте танымал болуға, ерте көзге түсіп, ауызға алынуына жол ашты. Роза шығармаларын оқып отыр­ған әрбір адам еріксіз ой түйеді. Оның өзгелерден бөлек көркем ойлауы, көркем суреттеуі, кәдімгі өзіміз білетін логикаға сия бермейтін, санамыздың көлемінен тыс, бірақ түйсігімізден алыс та емес таңсық сюжеттерге құмарлығы. Кез келген шығармасын оқып көрсеңіз осыны байқайсыз. Туындыларының бәрі ешкімге ұқсамайтын тек Розаға ғана тән туынды. Өзгелерде жоқ. Бұл Розаның өзі ұстаған қол шатыр, өзі салған қолтаңба. Ал бізде, қаламгерлер арасында әлі күнге өз қолтаңбасы жоқтар қаншама?! Ойлануға тұрарлық.
Келісесіз бе, Розаның шығармаларындағы кейіпкерлер де, олардың басындағы тағдырлар да, тіпті диалогтағы сөздер де басқаша. Олар талғамы бөлек әдебиеттің төрінен жасқанбайды. Сіздің ішкі бұғауыңызға көнбейді, еш қағидаңызға басын имейді. Тәкаппар. Қайта оқырмандар жаңағы кейіпкерлерден үйренеді. Сіз ішіңізден «мынау қалай, ей?» деп келіспей қалуыңыз мүмкін. Ақырында амал жоқ, сол кейіпкердің айтқанымен келісуіңізге тура келеді. Ал енді мұны керемет демей көріңізші.
Мысалы «Тұтқын», «Патша қатын У», «Өзің», «Құбыжық», «Мұқағали» әңгімелерін оқып көріңізші. Оқи алмасаңыз оқуды өтінер едім. Мұндағы тіршілік, өмір ешкімдікіне ұқсамайды.Тіпті басқа дүние. Оқысаңыз менімен келісесіз. Терең философиялық астарды аңдыған ғана біледі. Роза соны шеберлікпен пайдаланып жеткізе алған. Айналамызда қоршаған ортамыздың, өмір сүріп отырған қоғамымыздың, қол жеткіздік деген әлеуметтік халіміздің, тап-тазамыз деген моральдік қасиетіміздің бет пердесін ашып көрсеткенін білесіз. Мұны түсіну үшін, әрине тереңдік керек. Роза Мұқанованың туындысындағы өзіне тән ерекшеліктің, әдемі кестедей тоқылған шеберліктің, боямасыз шынайылықтың, өзі көрсеткен көркемдік деңгейліктің мәні осында.
Бір ғана «Мәңгілік бала бейне» драмалық шығармасының өзі еліміздің әдеби қауымын, өнер сүюшілерді кезінде дүр сілкінтті. Оны білесіздер, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында араға жыл салмай үлкен сұраныммен қойылды. Ядролық сынақтың адам баласы мен күллі табиғатқа келтірген кесірін өкінішпен еске ала отырып, талай көздерден жас аққызды. Жүректер қан жылады. Біздің Роза іштегі удың сыртқа шығару кілтін осылай тапты.
Кейін осы шығарма «Қыз жылаған» атпен кино экранға жол тартты. Сөйтіп сахнадан кеңейіп милиондаған көрермендердің іштегі запыранын сыртқа шығарды. Осы туындыларды дүниеге әкелгенде Роза Мұқанова отыз жастың әрі берісінде ғана еді. Шынашақтай бұрымы ұзын қазақ қызының қазақ әдебиеті мен өнерінен, драматургиясынан өзіне төр жағынан ойып тұрып орын алуы ерекше құбылыс емес деп кім айтады?
Бір жылы Париж қаласында француз тілінде қазақ әдебиетінің антологиясы таныстырылыпты. Мен оны газеттен оқыдым. Сонда француз аудармашысы Филипп Риго: Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы өзіне қатты әсер еткенін баяндай келе: «Бұл барлық әлем елдерінің оқырмандарына да қатты әсер беретін туынды. Қазақ авторының француз тіліне аударылуы – бағалы сыйлық дер едім» дегені есімде қалды.
2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында Роза Мұқанованың «Сарра» спектаклі қойылды.
Дінтанушылар, күллі мұсылман қауымы жақсы біледі. Әйгілі араб елінде Ибрагим пайғамбарымыздың Сара деген көрікті де сұлу әйелі болған. Алайда ол әйел бір ұрпаққа зар болған. Алладан күндіз-түні «ұрпақты ет» деп жалбарынып сұраса да, ол көретін перзенттің ауылы алыстай береді. Ұрпақ әкелер жастан ұлғайып бара жатқаны Сараның жанына қатты батады. Пайғамбарға ұрпақ сыйлай алмаған соң өз көркінен өзі жиіркенетін жағдайға жетеді. Ақыры он ойланып, тоқсан толғанып Ибрагим пайғамбарға Ажар атты қол астындағы жас кәнизак қызға үйленіп, перзентті болуын өтінеді.
Спектаклдегі көрерменнің бар зейін қоятыны Сараның күйеуіне деген махаббаты, оның ұрпақсыз қалмау жағдайын ойластыруы. Алайда өзі ақылға, санаға келіп Ибрагимді Ажарға үйленуге көндірсе де, артынша Ібілістің азғыруымен әйелдік қызғаныштан Ажарға қиянат жасайды. Жапан түзге екіқабат әйелді апарып тастауға бұйыртады. Алайда Жаратушы иеміздің қолдауымен жапан түзде, тас шатқалда жерден зәмзәм суы атылап шығып, дүниеге келген сәби де, анасы Ажар да аман қалады. Бұл оқиға желісі көрермендерді бей-жәй қалдырмағаны рас.
Сахнада трагедиялық шығармаларды актерлердің нанымды орындалуы барысында әлденеше рет қол соғылып отырды. Өйткені әр көрермен өзін ұрпақсыз сезінсе қалай болар еді? Ал ұрпақсыз ел қалай дамиды? Соны ойланды. Бұл жағдайды көз алдымыға елестетіп көрудің өзі қасірет. Өкінішке орай, қазір Қазақстан халқы демография­лық өсіп-өну жағынан Орта Азия халықтарына қарағанда кемшін тұста. Бұған әлеуметтік деңгейі­міздің де айтарлықтай көтерілмей отырғаны себебші болуда. Сөз жоқ бұл спектакль халықаралық деңгейде де құны жоғары бағаланатын дүние. Ал, өзімізде мұндай туындыны бағалау қалай болып отыр?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтар беретін арнайы комиссия кімдердің дәрежесін көтермек? Мұндай мемлекеттік сыйлық кімдерге лайық? Роза Мұқановадай ерекше дарын иелерін неге көтермеске? Мені бүгін қалам ұстауға жетелеген осы бір сұрақтар еді. Қайдан білейін. Білетінім – ойымдағыны айттым.
Роза бір ғана шығармашылықпен айналысып отырған жоқ. Оған уақыты тапшы. Қызметімен қатар екі иығымен отбасы жүгін көтеріп жүрген жазушы. Асқар ала таудай атағы жер жарған, өз биігі бар, қай кезде де қолынан қаламы түспеген. шығармашылықтан қол үзбеген жан-жары, ел құрметіне бөленген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қаламгер Әкім Таразидің үйде бабын жасай жүріп, екеуінің ортасына шамшырақтай жағылған ұлы Алпамысқа, қызы Арузаға әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған қазақы тәрбие беруге, тәліммен өсіруге ана ретінде бар күш-жігерін салды. Роза үйде көмекші ұстап, адам жұмсамайды да.
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінде, Қазақстан Рес­публикасы Парламентінде жауапты мемлекеттік қызметтерде жүрді. Күні бүгінге дейін Қазақ Ұлттық музыкалық адемиясында драматургия саласында оқытушылық қызмет атқарып, шәкірттерге білім беруде. Ал енді осыларды есептесек, «Роза қай кезде, қай уақытта шығармашылықпен айналысып үлгіреді?» деген сұрақ туады. Жалпы отбасы, бала-шағасы бар әйел қаламгерлер үшін бұл сұрақ бәріне ортақ. Шығармашылықта болу үшін бір жанды емес «қырық» жанды әйел болуы керектігі көз алдыңа еріксіз келеді.
Мен мұны Роза Мұқановамен ҚР Мәдениет министрлігінде бір салада қызметтес болып, көзім көріп, көңілім әбден жеткен соң ғана айтып отырмын. Мысалы, өзім Розаның «Мысықтар патшалығы» пьесасын мемлекеттік қызметтің қауырт та, аса тынымсыз жұмыстары арасында жазып отырғанының куәгері болдым. Және тұңғыш оқыған да өзім едім. Кейде дайындалған құжаттар министрдің, не министр орынбасарының қарауына апарылып, олардан қол қойылып шығуын күтетін уақыттар болады. Ол кезде байлаулы бұзаудайсың. Еш жерге қадам басып шыға алмайсың. Күту керек. Міне, сондай уақыттарды пайдаланып Розаның бөлмеде тәтті кәмпитпен шәй ішу әдетінде жоқ. Керісінше бір сәтті де бос жібермей алдындағы компьютерге қайтадан шұқшиып отырғаны. Ондағы себебі ми қоржынында қыжылдап дамыл бермей тұрған өз шығармашылығын тездетіп қағазға түсіріп үлгіру.
Роза Мұқанова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, «Алаш» әдеби сыйлығының, Франц Кафка атындағы халаралық медалінің, ТМД Халықаралық Асссамблеясы «Мәдениет пен өнердің дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалінің, «Сахнагер» – 2019 ұлттық сыйлығының» лауреаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры.
Менің Роза жайлы бір үзік сырым осы. Менің білетінім Роза Мұқанова – нағыз дарын, нағыз талант иесі. Сом алтындай салмақты таза дарынды бағалау бізге парыз, елге парыз. Айтпағым осы.

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − eleven =