ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛДЕР АЛАҢЫ – «АЛЖИР»

0 295

ERA_1453

31 мамыр күні елорда жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету үшін Астана іргесіндегі Ақмол ауылында ­орын тепкен «АЛЖИР» мемориалды­ мұражай кешеніне ағылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған еңселі ғимарат кешеге дейін талай көрерменіне тағылым берді. «26-нүкте» атанған лагерьдегі әйелдер барагының сыртқы көрінісі, түсі суық түрме күзетшісінің үш жасқа толған баланы анасынан тартып алып тұрған мүсіні, Сталин вагоны, басқа да жәдігерлер мен құжаттар сонау қасыретті жылдарды еске салып, тарихты көз алдыңызда сөйлетеді.

Астана тұрғындары мен зия­лы­лары мұражайды қоршай орналасқан «Зерде» тақ­та­сына гүл шоқтарын қойып, «АЛЖИР» лагерінде азап шеккен әйелдер рухына тағ­зым етті. Арнайы рәсімнен кейін өткен митингте Астана қала­лық мәс­ли­хатының хатшысы Сансызбай Есілов сөз сөйледі. Бұл мекеннің ел егемендігі мен ұлт еркіндігі үшін өз өмірлерін қиған, тума-туыстарынан айырылған қазақ­стан­дықтар үшін қасиет­ті орны екенін айтқан ол бабалар есімі ұрпақ есінде мәңгілік қалатынын жеткізді.

Басқосуда Целиноград ауданының әкімі Бақберген Мәуленов, «АЛЖИР» тұтқыны Крамер Евгенияның немересі, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Наталья Григорьева атаулы күн­нің маңызы мен мәнін әңгімеледі. «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардың туыстарының рухына бағыштап, құран оқыды.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қошке Кемеңгерұлының шөбересі:

– Біздің бабамыз репрессияға ұшырап, атылып кеткен болса, аяулы Гүлсім әжеміз «халық жауының» әйелі ретінде қуғын-сүргінге ұшырады. Халық сол тарихтан тағлым, ұрпақтар ғибрат алуға тиіс. Өйткені, кешегісін ұмытқан елдің ертеңі – бұлыңғыр. Егемендігімізді мәңгілік ету үшін сол егемендік жолында құрбан болғандарды ардақтау әр буынның айнымас парызы болып қала береді.

Шара барысында мұра­жайдың «Алаш» залында «АЛЖИР»-дің әйгілі есімдері» атты панорамалы көрме ұйымдастырылды. Онда есімдері кеңестік кезеңде кеңінен танылған Ақмола лагерінің тұтқындарына арналған қысқаша анықтамалар мен фотосуреттер көрсетілген. Олардың ішінде Әзиза Рысқұлова, Күнжамал Майлина, Лидия Русланова, Дәмеш Жүргенева, Рахиль Плисецкая, Фатима Османова, Зағфи Тінәлина және тағы басқалары бар. Қонақтарға «Алаш», «АЛЖИР», «Азаттықтың азапты жолы» атты мұражай залдары таныстырылып, «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» деректі фильм мен «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны көрсетілді.

Ақмолдағы тағылымды шара Астана қаласындағы 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерт­кіш­тің түбінде жалғасты.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + sixteen =