Ермеков көшесі

0 49

Ұлт тарихындағы есімі ұмытылмайтын тұлғалардың бірі – Әлімхан Ермеков. Елордадан көрнекті қайраткерге көше 2007 жылы 12 желтоқсанда берілген. Бұл күннің де тарихы бар. Алаш автономиясын құру үшін шақырылған 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан атамыз: «…желтоқсанның 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономия­сы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды» деп жазыпты («Сарыарқа», 1918 жыл, 22 қаңтар). Қазіргі бас қаладағы Ермеков көшесі Темірқазық, Н.Оңдасынов, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесімен аяқталады. Ұзындығы – 899,5 м.

26 жасында Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары болған, қазақтан шыққан тұңғыш математика ғылымының профессоры, Алаш идеясы үшін қызылдар билігінен теперіш көрген Әлімхан Ермековтің өмірбаяны көзіқарақты жанға таныс деп ойлаймын. Тек біз қайраткердің өміріндегі айтулы сәттерге тоқталсақ деймін.
Асыл азамат 1917 жылы Қазан төңкерісі болған кезде Томск технология институтының 5-курсында оқып жүрген еді. Елдегі сая­си жағдайға байланысты оқудан уақытша қол үзеді. Қарымды қаламгер Мұхтар Құл-Мұхаммед «Профессор Ермеков – Алашорда вице-премьері» атты мақаласында: «Өзінің ерекше таланты, білім-зердесімен ерте есейген ол Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы бастаған Алаш қозғалысының қатарына кіріп, аз ғана уақыт ішінде оның көшбасшыларының біріне айналды» деп жазады. Ермековтің саяси қызметі осылай басталады.
Алаш партиясының ал­ғашқы құрылтайы 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өтті. Ал тарихта «екінші жалпықазақ съезі» деген атпен қалған жиын дәл сол жылы 5-13 желтоқсанда тағы да Орынборда болады. Маңызды жиында Алаш автономиясының құрылғанын жария етіп, Алашорда үкіметі бекітілді. Оның төрағалығына жасырын дауыспен Әлихан
Бөкейханов сайланды. Міне, сол жаңа құрылған үкіметтің Әлімхан Ермеков толық мүшесі атанып, вице-премьер әрі шаруашылықты жоспарлау комитетінің төрағасы болды.
Қайраткер қазақ жерінің тұтас­тығын сақтап, шекарасын анықтау­да көп еңбек сіңірді. Ол 1920 жылдың 18 мамырдағы 2043 нөмірлі мандатымен жалпы қырғыз өлкесіндегі жағдай жайындағы баяндамамен Мәскеуге барады. Ондағы басты тақырып шекара мәселесі болды. Кеңес Ода­ғының астанасындағы іссапар төрт айға созылды. Лениннің төрағалығымен өткен отырыста Қазақстан туралы баяндама жасайды. Патшалық заманда халқымыздың түгін тартса майы шығатын шұрайлы жерлерінен айырылғанын бұлтартпас деректермен дәлелдейді. Біз осы жерде «Әлімхан Ермеков – тарихи тұлға» атты кітаптағы Алаш ардағының өз сөзін келтіргіміз келді: «Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі болды. Патша билігінің кезінде жергілікті халық­тың пайдалануынан ең жақсы жерлерді – өзен-көлдердің жағалау­ларын, тоғайлы жерлерді тартып алып, орыстарға үлестірді. Солардың қатарына он верстық Ертістің екі жағалауы, жетпіс верстық Каспий теңізінің солтүстік жағалауы кірді. Әсіресе, жерді тартып алу Столыпин реформасынан кейін кең етек алды. Олар жергілікті халықтың мүддесін, пайдасын қорғамады. Отырыста Каспийдің солтүстік жағалауы туралы үлкен жарыс сөздер болды, неше түрлі пікірлер айтылды» дей келіп, Каспий теңізінің солтүстік жағалауын Астрахан губерниясының құзырынан алып, Қазақстан жеріне қосу керектігін айтып, ұсыныс жасайды. Оған Астрахан губисполкомның төрағасы Брюханов қарсы шығады. Ермеков: «Егер біз Каспий жағалау жолағын біздің республикамыздың жеріне қосуды ұсынсақ, ол сол аумақтың Қазақстан жеріне қаққан сынадай енуіне байланысты болып отыр және онда қазақтар тұрады, оларды ұйымдастыру бізге оңай, орталыққа балықты біз береміз» деп нақты жауап қатады. Сонда Ленин Брюхановқа теңіз жағалауында тұратын қазақ пен орыстың санын сұрайды. Брюханов күмілжіп, қазақтар көп қоныстанғандығын мойындайды. Сөйтіп жағалауды Қазақстанға қосуға Лениннің өзі дауыс беріп, қайраткердің ұсынысы бірауыздан қабылданады. «1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз Автономиялық Социалистік Республикасының құрыл­ғандығы туралы декрет қабылданды. 1920 жылдың 12 қазанында Оренбург қаласында Бүкілқазақстандық кеңес­тер съезі болды. 1921 жылы сәуір айында СНК РСФСР-дің және партияның ОК-ның шешімімен Семей, Ақмола облыстары, Корастылев даласы, солтүстік Каспий жағалауы Қазақстанға қосылды» деп жазады өз естелігінде автор. Шын мәнінде, бабалардың қасық қанымен келген жерді жатқа жібермей қорғап қалған Ермековтікі ерлік еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =