Ерлікке тағзым етті

0 334

IMG_4902

Астана қаласында «Біз – интернационалистерміз!» атты халықаралық акция өтті. Айтулы шараға бұрынғы Кеңес одағының барлық республикаларынан­ Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер қатысты.

Қазақстан Республикасының Ауғанстан соғысы және жергілікті соғыс ардагерлері одағының ұйым­дас­тыруымен өткен халық­аралық шара барысында елордамыздағы Ауғанстанда қаза болған қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш-мемориалға гүл шоқтары қойылды. Интернационалист-жауынгерлер, ата-аналар, жастар мен мектеп оқу­шы­лары қатысқан митингте ТМД елдерінің Үкімет басшылары жанындағы интернационалист-жауынгерлер істері жөніндегі Үйлестіру кеңесі комитетінің төрағасы, Кеңес Одағының батыры Руслан Аушев Қазақстан елордасында өтіп жатқан акцияның маңызына тоқталды.

«Біздің осындай басқосуларымыз әр елдерде болып тұрады. Ондағы ең басты мақсатымыз бір-бірімізді көріп, мадақтау емес. Біз әр елдің жастары Ауғанстан соғысында интернационалдық борышын адал атқарып келген, ерлік көрсеткен жерлестері жөнінде білсе екен дейміз. Сол арқылы Отанды сүюді, ерлікті қастерлеуді үйренсе деп тілейміз» деді Р.Аушев. Митинг кезінде Ауғанстанда қызмет атқарған 40-шы Армияның әскери туының көшірмесі Астанаға жеткізіліп, еліміздегі ең биік тау шыңына тігу үшін Қазақстан альпенистер одағының вице-президентіне салтанатты жағдайда тапсырылды. Бірқатар интернационалист-жауынгерлерге медальдар табысталды. Ауғанстан соғысында қаза болған жауынгерлерді еске түсіруге арналған бір минуттық үнсіздіктен кейін шараға жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Түстен кейін акцияға қатысушылар «Әзірет Сұлтан» мешітінде болды. Мұнда соғыс құрбандарына арнап құран бағышталып, ас берілді. Осы шараны ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Ауғанстан соғысы және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов Астанаға келген барлық қонақтарға алғыс сезімін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × two =