Ерлік ешқашан ескірмейді

0 51

«Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты кітап – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен қазіргі көзі тірі Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен арамызда жүрген тыл ардагерлері жайлы жазылған еңбек.Ұлы Отан соғысына қатысушылардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Ардагерлер кеңесінің ұйыт­қы болуымен жарық көрген бұл кітап – жастарға ой тастар, қолда барды қадірлей білу мен зұлымдық пен жауыздықты жеңудің жолдары мен бейбіт өмірді сақтап қалған біздің қаһарман жауынгерлеріміздің ерен ерлігін бүгінгі ұрпаққа паш ететін естелік.
«Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» атты кітаптан Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жайлы, Ақмолада құрылған жасақтар туралы деректер мен осы өңірден шыққан Кеңес Одағы Батырларының өмірбаяндары мен аттары, аңыз болған жауынгерлердің ерлік жолдары баяндалады.
Ұлы Отан соғысына Ақмола облысынан жасақталған 90 мың әскер майданға аттанса, 33950 жауынгер қайтып оралмапты. Иә, ақмолалық майдангерлер осы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен, жан аянбай жауға қарсы тұра білді. Ата-бабалары мен атақты қазақ батырларының ерлік жолдарын қайталаған майдангерлердің ерлігі бүгінгі жастарға үлгі болады. Олар еліміздің ең жоғары наградалары – ордендермен және медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, 44 адамға ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, жеті жауынгеріміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Атап айтсақ, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған генерал-майор, 305 рет әуе шабуылына шыққан Талғат Бигелдинов, Мәскеу үшін шайқаста 27 рет қол бастаған атақты панфиловшы, жазушы Бауыржан Момышұлы жайлы деректер бар. Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағын 1990 жылы, ал Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын 1995 жылы алған болатын.
Сол сияқты бұл кітапта батырлық ерлігі 62 жылдан соң мойындалған, Берлиннің Рейхстагына ту тіккен Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанова жайлы мағыналы да мазмұнды деректер бар.
Біздің көбіміз біле бермейтін Қазақстаннан шыққан ұшқыш қыздар көп. Міне, осы кітапта сіздер қазақтың ұшқыш қыздары Дәмелі Жакеева, Мәдина Ысқақова, Қамқа Үмбеталина жайлы да мағлұмат оқи аласыздар.
Осы жерде ерекше айта кететін жайт, жылдан-жылға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны аза­йып барады. Өткен жылы елордада 81 соғыс ардагері болса, биыл Жеңіс күнін Нұр-Сұлтан қаласынан небәрі 44 ардагер қарсы алып отыр. Кітаптан сіздер астаналық соғыс ардагерлерінің де ерліктерін оқи аласыздар.

Ғалия БАЛТАБАЙ,
кітап авторы-құрастырушы,
«Құрмет» орденінің иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 5 =