©2020 Астана Ақшамы
Ерлік – елге мұра
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер қоры» ашылды.
Аталмыш қорға, негізінен, Ауған соғысы жайында Қазақстанда және шетелдерде жарық көрген кітаптар, қолжазбалар, естеліктер, хаттар, фотолар, аудио-видеолар, ғылыми-зерттеу және танымдық деректер жинақталады.
Қазақ тарихының XX ғасырдағы қасіретті беттерінің бірі – КСРО 1979 жылдың 25 желтоқсаны – 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында Қарулы күштерінің қатысуымен өткен Ауғанстан жеріндегі соғыс болды. Жат жұртта қан кешкен кеңес әскерлерінің қатарында одақтас республикалардың бірі саналған Қазақстаннан
22 мың азамат болды. Олардың қатарынан 761-і ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті.
Ауған соғысына қатысушы, ұлт патриоты, журналист-ғалым Біржан Байғараұлы Белғараның Ауған соғысы тақырыбына «Бачалар» немесе Ауғанстан жерінде әскери борышын абыройлы өтеп қайтқан екі жас туралы», «Ауғанда ағам үшін соғысқаным жоқ немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс», «Үзілмеген үміт әні», «Даңққа дақ түсірме, ұлым!», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» және басқа да өзекті мақалалар, «Жетпіс тоғызыншы жылғы жесір», «Ақ өлім» атты әңгімелер жазған.
XX ғасырдағы қасіретті тарих – ауған соғысы туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» деген болатын. Бұл соғыста Отаны үшін жанын пида қылған өрімдей жас жігіттердің есімдерін мәңгі есте сақтап, құрметтеу, отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау елдігіміздің бір белгісі екені анық. Сондай-ақ, Ауған соғысы ардагерлері мен Отан үшін қыршыннан қиылған, жат жерде көз жұмған жауынгерлердің ерлігі туралы кітаптар мен деректер қорын қалыптастырудың, соғыс тарихының ақтаңдақтарын ашып, зерттеудің қазақстандық құндылықтарды құрметтеуге, сақтауға және отандық патриотизмді арттыруға жұмылдыратын танымдық әрі тәрбиелік тағылымы мол.
Қор жұмысы жөнінде тарих ғылымдарының докторы, Біржан Белғараның жары Данагүл Махат жан-жақты баяндап берді. Атап айтқанда, қордың жұмысы, біріншіден, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ерлікті үлгі ете отырып ұлттық рухпен шыңдалған, жаңа заманға лайық жастардың рухани болмысын сомдау, екіншіден, Ауған соғысына қатысты кітаптар мен деректерді бір қорға жинап, жүйелеу, оқырманға қызмет көрсету, үшіншіден, жаһандық мәдениет, білім, ғылымның жетістіктерін игеру бағытында жүргізілетінін мәлім етті.
Аталған қордың ресми ашылуына Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, жауынгер-интернационалист, тарихшы-ғалым Болат Сайлан, Ауғанстан соғысын зерттеуші Айгүл Ермекова сөз сөйлеп, тақырып бойынша сараптама жасап, қордың маңыздылығы жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Шара соңында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қор аясында ұйымдастырылған алғашқы көрмені тамашалауға шақырды.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ