Ерлан РАХЫМБЕКОВ, Астана қаласы Экономикалық қылмысқа жәнесыбайлас жемқорлыққа қарсыкүрес департаменті Сыбайлас жемқорлық қылмыстық істерді ашу жәнеалдын алу басқармасының бастығы: Басты міндет – мемлекет мүддесін қорғау

0 115

Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлiктi заңдастыру, экономикалық контрабанда, парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану секілді келеңсіз оқиғалардың жолына тосқауыл қоюда Аста­на қаласы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жоспарға сай жүйелі жұмыс ұйымдастырып келеді. Осы ретте департаменттің Сыбайлас жемқорлық қылмыстық істерді ашу және алдын алу басқармасының бастығы Ерлан Рахымбековпен әңгімелескен едік.

– Департамент қызметкерлері жыл басынан бері қандай келеңсіз оқиғаларды әшкереледі?

– Қаржы полициясының қызметкерлері соңғы бес айдың ішінде 16 жемқорлықтың бетін ашты. Пара алу, мемлекет қаржысын жымқыру, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу оқиғаларын тіркеді. Ол бойынша бірнеше лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істер аяқталды.

– Астана қаласында жемқорлықтың қай түрі белең алуда?

– Департаменттің жедел іздестіру тәжірибесі көрсеткендей, қылмыс жиі жасалатын құрылымдардың бірі ретінде мемлекеттік сатып алу саласы белгіленді, онда 2010-2012 жылдары 107 жемқорлық фактілері анықталған, яғни барлық ашылған қылмыстардың әрбір екіншісі. Бұл санаттағы қылмыстар бойынша қылмыстық жауапқа тартылғандардың қатарында ҚР ТЖМ Мемлекеттiк материалдық резервтер комитетінің «Резерв» РМК «Автоматика» филиалының директоры Ж.Байжұманов, оның орынбасары А.Құрманбаев, «ҚР салынып жатқан білім және ғылым объектілерінің Дирекциясы» ЖШС директоры Т.Алдажаров және тағы басқалар бар. Мұндай оқиғалардың көбеюі қоғам үшін қауіпті. Өйткені, соның салдарынан мемлекетке қаншама зиян келтіріледі.

Бүгінде жемқорлық көріністері мемлекеттік органдарда көп кездеседі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, балалар үйінде соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық санатына жататын 18 қылмыстық іс анықталып, олар бой­ынша бірнеше басшылар сәйкестік жауапқа тартылған. Қазіргі таңда өз баласын балабақшаға орна­ластыру үшін пара беру жиілеп кетті. Қызмет барысында жалған мәлімет толтыру арқылы мемлекет қаржысына қол сұғу және мекеме­лерде қызметкердің айлық табысын өтірік көбейту келеңсіздіктері күні бүгінге дейін жалғасуда. Нақты айт­сам, биылғы жылдың сәуір айында 4 миллион теңгені жымқырды деген айыппен Астана қаласындағы кешкі мектеп директоры Ысқақованың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол қызмет бабын пайдаланып, өзінің жұмыс істемейтін туыстарын тіркеу арқылы заңсыз жалақы берген.

–Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жемқорлық негізінен, сот, ішкі істер органда­ры, әділет, қорғаныс министрлігі қызметкерлері арасында белең алуда. Жалпы, мемлекеттік орган­дарда қылмыстың ең көп тараған түрі қандай?

– Пара алу деп айтар едім. Өйткені, бұл індет – бүкіл мемлекеттік органдарда кеңінен таралған жағдай. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қызмет көрсету са­ласы, инвестициялық және жекешелендіру үдерістері, рұқсат беру және лицензиялау жүйелері, бюджеттік қаражат пен жерді бөлу, салық жинау, басшылық орындарға тағайындау және мемлекеттік қызметке орналасу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде көп кездеседі.

– Қаланың қоғамдық орын­дарында «Несие ресімдеуге көмектесемін», «Ипотекаға көмектесемін. Жедел. Кепіл»… деген хабарландырулар жиі ілінеді. Тіпті, ол бойынша өз жұмысын бітіріп жатқандарды да білеміз. Бұл қаншалықты заңды?

– Рас, аялдамаларда, бағандарда ілінген мұндай жарнамалар халық арасына тез таралады. Олар ақша және үй проблемаларын оңай шешу­ге адамдарды тез тартады. Алаяқтар, өздерін әртүрлі мемлекеттік меке­мелерде үлкен байланыстары бар адам ретінде, банк, жер қатынасы басқармасының қызметкері ретінде азаматтардың сеніміне кіреді. Тәжірибемізде кездескендей, олар өзінің қызметін растау үшін СТН, жеке куәлігінің көшірмелеріне сұрау салады. Азаматтар өтірікті сезбестен, кәсіби алаяқтарға ірі ақша сомасын, құжаттарын тапсы­рады. Мәміле мерзімі өткеннен соң, уәдесі орындалмағаннан кейін ғана алданғандар бізге жүгінеді. Мыса­лы, Астана қаласының тұрғыны өзін әртүрлі мемлекеттік органдарда байланыстары бар сияқты көрсетіп, жер учаскесін алуға «көмектескені» анықталған, 52 азамат оның алаяқтығының құрбаны болды.

– Жер алу, сату мәселесі бір қарағанда оңай шаруа емес. Сөйте тұра халық жер сатып алуда алаяқтарға қалай алданып жатады?

– Қарапайым бір түрін айтып берейін. Алаяқ жер сатушыға келіп, сол жерді сатып алғысы келетінін айтады. Ол үшін банктен несие алуға жердің құжаттарының көшірмесі керектігін айтады. Ойында ештеңе жоқ адам көшірме жасап бере салады. Кейін, алаяқ бұл құжаттардағы меншік иесінің аты-жөнін өзгертіп, жер учаскелеріне жалған құжаттар жасайды. Соған сәйкес заң органдарының, жер комитетінің, әкімшіліктердің барлық мөрлері қолдан жасалады. Сосын учаскелер ештеңеден хабары жоқ сатып алушыларға сатылады. Сатып алушыларға ыңғайлы баға ұсынылатындықтан, көбіне жерлер жылдам осы жалған тәсілмен «са­тылып» кетеді.

Сондықтан, алаяқтардың арбауы­на түспес үшін, барлық құжаттарды жер комитеті, жылжымайтын мүлік орталығы, олардың аумақтық органдарында жер кімнің атына тіркелгенін тексеру қажет. Ең басты­сы, жердің мақсатты тағайындалуын нақтылаған жөн.

– Өзіңізге белгілі, құқық қорғау органдарын кезектен тыс атте­статтау арқылы біліксіз маман­дардан тазалау қолға алынуда. Департаментте қызметкерлерді сұрыптау қалай өтеді?

– Елбасының тапсырмасымен біздің қызметкерлер де бір кісідей аттестациядан өтеді. Олардың біліктілігі, білімі, психологиялық жағдайы, логикалық ойлау қабілеті ережеге сәйкес ашық әрі әділ түрде жүргізіледі деп айта аламын. Сынақтан сүрінгендерге шара қолдануды арнайы құрылған комис­сия шешеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =