Еркiн ЖУАСБЕК, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттiк музыкалық-драма театрының директоры: «ГАМЛЕТТI» ҚОЮҒА АКТЕРЛАРЫМЫЗ ПIСIП-ЖЕТIЛДI

0 122

Бүгiн – Халықаралық театр күнi. Сахна өнерiнiң тойы. Осы мерекенiң атап өтiлiне бастағанына биыл аттай елу жыл толды. Бұл шара 1962 жылы ЮНЕСКО-ның жанындағы Халықаралық театр институтының Прагада өткен IХ конгресiнде бекiтiлген. Елорданың түркi дүниесi мәдениетiнiң астанасы болған мерейлi жылға тұспа-тұс келген тойды Қаллеки театры академиялық деген жоғары мәртебемен қарсы алмақшы.

– Алматының әлеуметi де, әртiсi де әлпештеп, «әкемтеатр» атандырған Әуезов атындағы театрдың даңқы өзiнен бұрын жүретiн. Ал, академиялық театр атағын жаңадан алған жас Астананың театрының әл-қуаты қандай?
– Бүгiнде 2012 жылдың алғашқы жарты жылдығында қоямыз деп жоспарлаған екi үлкен дүниемiз «қайнап-пiсiп», дайын тұр. Бiрiншiсi – Шекспирдiң «Гамлетi». Бұл – режиссерiмiз Болат Ұзақовтың көптен берi оқталып, сахнаға қойсам деп жүрген арманы. Әрине, «Гамлеттi» қою үшiн ғимаратамыз да, декоративтiк-технологиялық жабдығымыз да кемел болғаны жақсы-ақ едi. Бiрақ, оны күтiп отырсақ, актерлерiмiздiң пiсiп-қатып кететiн түрi бар. Ендi кешiксек, сайлап жүрген әртiстерiмiз Гамлеттен есейiп кетедi. Сондықтан, нартәуекел деп қолға алдық. Бел буғанға сахнаның тарлығы кедергi емес. Шекспирдiң шығармасы арқылы актерлерiмiздiң шеберлiгiн танытып, тәжiрибемiздi шыңдауды көздедiк. Құдай қаласа, сәуiрдiң 12-сi және 13-i күндерi спектакльдiң премьерасын қоямыз.
… Құдайға шүкiр, қазақ драматургиясы кедей емес. Соның iшiнде әдебиетте аты алтын әрiппен жазылған үлкен шығарма – Ғабит Мүсiре-повтiң «Ақан серi – Ақтоқты» трагедиясы. Кейiнгi кезде ел iшiнде дiн турасында орын алған әр алуан көзқарастың салдарынан көптеген театр бұл дүниенi қоюға бел шеше алмай отыр. Шыны керек, үркiп отырға-нымыз – дiн тақырыбы. Анау заманда жазылған пьесадағы «шатақ мәселелердiң» кесiрi бүгiн тиiп кете ме деп сескенедi. Менiңше, батылы бармайды дегеннен гөрi, олар орайын iздеп жүр деген дұрыс…
Терең үңiлiп, байыптап қарағанға пьесаның өн бойында тiршiлiкте кездесетiн күнделiктi мәселеден бөтен ештеңе жоқ. Бәрi де – пенденiң басындағы, өмiрден алынған құбылыстар. Хақ дiндi бұрмалаған дүмше молдалар кешегi заманда да болған. Аталарымыз адаспай-ақ, мұсылман-шылықты салт-дәстүрмен сабақтастырып, игiлiкпен тұтынды. Бiр заманда Ғабит Мүсiрепов те Ақан серi мен Науан хазiреттiң арасындағы тартысты осы тұрғыдан құрғаны айғақ. Бүгiнде қоғамның өзгергенiн пайдаланған әлдекiмдер исламға басқаша сипат дарытып, жаманатты еттi. Елдiң берекесiн алды. Құдайға шүкiр, жиырма жылда оң-терiстi танитындай болдық. Олардiкi кесiрлiк екенiн бiле тұра, тайсалып, «Ақан серi – Ақтоқтыдан» басымызды ала қашпайық дедiк. Ақылдастық, кеңестiк. Шамамыз жетсе, ақ пен қараны аңдай алмай жүргендерге ой салып, жөн көрсетсек деп, ортадан жол тауып, сара спектакль жасауға тәуекел еттiк. Ғабеңдей классиктi «жөндеп», жонып, қырнамай, негiзгi идеясына ешқандай нұқсан келтiрмей, осы күнгi режиссерлық тәсiлдермен жетiлдiрдiк. Сол арқылы серi мен хазiреттiң бейнесiн дiн тұрғысынан ғана емес, билiк мәселесiмен қоса өрбiтiп, бүгiнгi күннiң оқиғасын мегзейтiн танымдық қойылым болса дедiк. Режиссер Нұрлан Жұманиязов көп iздендi, көп зерделедi. Сәтiн салса, премьерасын мамыр айына жоспарлап отырмыз.

– Астанаға шалғайдан спектакль көруге екi адамның бiрi арнайы келе бермейдi. Өнер сапарлары қарастырылды ма?
– Әрине! Қалалық мәдениет басқармасы жыл сайын гастрольдiк өнер сапарын мiндеттейдi. Бүгiнгi Астана – саяси-әкiмшiлiк орталық қана емес, өнер мен мәдениеттiң ордасы. Елордадағы сахна өнерiнiң әлеуетi мен актерлардың шеберлiгi қалай жетiлгенiн шалғай жатқан ағайынға өзiмiз тобымызбен арнайы барып көрсету – бiздiң мiндетiмiз. Былтыр Ақтөбеге бардық. Биыл сәуiрдiң 20-сы мен 27-сi аралығында Атырауда спектакль қоямыз.
– Бiраз жыл бұрын Германиядағы диаспораның шақыртуымен Еуропада өнер көрсетiп қайтып едiңiздер. Шетелде сiздердi қалап, күтiп отырған көрермен бар ма?
– Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшiлiгi театрымыздың сол елге спектакль көрсетiп қайтуы жөнiнде ұсыныс түсiрдi. Дипломатиялық корпустың өкiлдерi арнайы келiп, спектакльдерiмiздi тамашалап, «Кенесары – Күнiмжанды» қалады. Ұсыныс өз тарапынан туған соң, олар бұл қойылымды түрiкше көрсетуге тiлек бiлдiрдi. Мұны актерлар құрамы да, театр әкiмшiлiгi де қуаттады. Бұған бiз қуанбасақ, қарсы емеспiз. Себебi, сұраныс өз алдына, актерларымыз, бiр қойылымның бiрнеше тiл-дегi нұсқасын қойып, кәсiби байып қалатыны – өзiмiзге олжа. Тiлшi-мамандар тiл үйретуге кiрiстi. Бұйыртса, жаз шыға, Анажұрттағы ағайынның алдына шығамыз. Келiсiм бойынша бiрнеше шаһарда өнер көрсетпекпiз.
– Биыл «Астана – түркi мәдениетiнiң астанасы» болып танылды. Халықаралық шараға Қаллеки театры нендей үлес қоспақшы?
– Әрине, ұйымдастырушылар тарапынан қандай да бiр ұсыныс болса, бiз әрқашан және әу бастан дайынбыз. Елорданың түркi мәдениетiнiң астанасы деген мәртебеге ие болуына театрымыздың бүгiнгi атқарып жатқан жұмыстарының да үлесi бар деп есептеймiз. Әлемдiк драматургиялық туындыларға бiздiң сахнамызда әрқашан орын бар. Со-ның iшiнде түбi бiр, түсiнiк-танымы ортақ түркiтектес жұрағаттың дра-матургтерiнiң туындыларын жақын тұтамыз. Шыңғыс Айтматовтың «Ға-сырдан да ұзақ күн», «Ақ кеме» сынды дүниелерi жыл өткен сайын жаң-ғырып, қыр-сыры сахналаған сайын ашыла бередi. Өзбек драматургы Эркин Құшпақовтың «Қызыл алмасы» төл қойылымға айналып кеткелi қашан! Түрiк драматургы Тунджер Джудженоглудың «Көшкiнi» жүрiп жатыр. Сол сияқты, бiрнеше түркi мемлекеттерiнiң авторларының дүние-лерi көптеп қойылып жатыр.
– Қаллеки театрының артықшылығы да, ерекшелiгi де музыкалық-драмалық сипатты болуында. Қойылымдарыңыз бағыт, мақсаттарыңызға сай ма?
– Сахнамызда жүрiп жатқан Штраустың «Жарқанат», «Ханума» сияқты спектакльдерiн оркестр тiкелей сүйемелдейдi. Мысалы, «Жарқанатты» драма театрларының бәрi бiрдей қолға алады деп айта алмаймын. Тiптi, опера театрлары түгел қоя бермейдi. Мәдениет вице-министрi Асқар Бөрiбаев келiп, тамашалап, оны «өте жоғары кәсiптiк деңгейде қойылған спектакль» деп бағалап кеттi. Ол өзi оркестрмен сүйемелдеудiң мән-жайына жетiк кәсiпқой музыкант. Сондықтан, бұл орайда бiздiң деңгейiмiз жаман емес деп айта аламыз.
– Театрдың мазмұнына лайықты пьесалар түсiп жатыр ма?
– Жақында Төлен Әбдiковтың «Ардагер» деген пьесасы келдi. Фариза Оңғарсынованың Дина апамызға арналған күйдiң туу барысы туралы баяндайтын «Күй құдiретi» деген тамаша дүниесi қолымызда. Иран-Ғайыптың «Фатима», «Бөшке» деген пьесалары кезек күтiп тұр. Рахымжан Отарбаев бiрнеше пьеса әкелiп өткiздi. Өте жақсы дүниелер. Әсiресе, Махамбет туралы «Бас» деген шығармасының мазмұны мен көркемдiгi баурайды. Сұлтанәлi Балғабаев «Мәңгiлiк Астана» атты шығарма жазыпты, сөйлесiп жатырмыз. Қай-қайсысы да, режиссерiн тапса, жарқырап кетейiн деп тұр. Әнi де, күйi де, биi де бар.
Әлi күнге дейiн «жақсы пьеса жоқ. Жақсы дүниелер Қалтай, Ғабит, Мұхтарлармен кетiп қалды» дей беремiз. Шынында сахналық туынды етiп шығару – режиссердан! Пьеса – шикiзат. Оны өңдеу керек. Тер төгу, ойлану, iздену қажет. Мәселе мынада, ешқандай режиссерға бұйрықпен спектакль қойғыза алмайсыз. Драматургтың шығармасын жүрегiне, санасына сiңiрiп, қиялымен үндеспесе, әрине, жат бiреудiң дүниесi сияқты, шын пейiлмен шығара алмайды.
– Сiздердiң «Айман – Шолпандарыңыз» көп көрермендi селт еткiздi де, селк еткiздi. Бүрме көйлек, шегiрткедей шырылдаған «шөпжелкелердiң» тiзесiнен бiр-ақ шықты. Бiр әрiптесiм бұл театр модернге сусап отырса, «Анеля – Жанеля» деген пьеса жаздыртып, соны неге қоймайды деп ренжiп жүр…
– Бiз осылай болатынын бiлгенбiз. Қазақстанда елу театр бар. Олардың бәрi дерлiк репертуарлық театр. Яғни, классикалық үлгiдегi театр. Бiрақ, көрермен басқа бағыттағы, өзге жанрдағы спектакльдердi көрмесiн деген заң жоқ. Москвада модерн-театр бар. Жаңа заманғы абстракт театрлар бар. Ендеше, бiз көрермендерiмiзге осы бағыттағы дүниелердi неге ұсынбаймыз? Жалындап тұрған актерларымыз өзге елдiң кәсiби сахна шеберлерiнен кем түспейдi. «Адамның iстегенi адамның қолынан келедi», заманның ағымына орай, модерн-театрды басқадан көрiп, қызыққанша, оны өзiмiз де жасайық.
«Айман – Шолпан» – Мұхтар Әуезовтiң комедия жанрында жазған жалғыз дүниесi. Және «Айман – Шолпанның» айтайын дегенi – ол дәуiрде де, бұл дәуiрде де дүние, байлық деген нәрсенiң адамның адамшылығын жоятын, сүйiспеншiлiктiң ең жоғарғы шыңы махаббатты да құрбан етуден тайынбайтын қараулығы. Анау заманда Жетiрудың даласында өткен оқиғаға себеп болған дүниеқоңыздық әлi күнге дейiн iзiмiзден қалмай, бүгiнгi заманның түнгi клубтарына ақшақұмарлық болып енгенiн көрсетуге тырыстық. Жалғанда қайырсыз байлықтан аулақ болуға ой салатын модерн-спектакль болады деп санадық. Жасқа жастың, заманға заманның өз тiлiмен сөйлегеннiң сөкеттiгi жоқ деп бiлемiн. Сiз бұл спектакльге ниет қойып, жақсы көрiп қарап байқаңызшы, түбiнде бiр iзгi ойдың жатқанын табасыз. Бiздiңше, жастар қыздардың қысқа юбка, жiгiттердiң футболка кигенiн қызықтау үшiн емес, iздеп жүрген, бiрақ, тап басып, тани алмай жүрген жаман нышандарды, терiс әрекеттердi бағамдау үшiн келедi. Демек, осы спектакльдi ұнамсыз санайтын қанша көрермен болса, ұнатып келетiн сонша көрермен бар. Театр менеджерлерiнiң айтуына қарағанда, көрермендерден бiр айда бiр рет жүретiн бұл спектакльдi шектемей, бiрнеше рет қойсаңыздар деген өтiнiштер түсiп те жатыр.
– Жаңа салынатын театрдың құрылысы барысында актерлардың талабы ескерiле ме?
– Екi жыл бұрын қалалық әкiмдiкте осы мәселеге қатысты үлкен мәжiлiс болды. Әкiмнiң орынбасары Сергей Хорошунмен бiрiге отырып техникалық тапсырыстың жайы талқыланды. Бiз дүние жүзiндегi алдыңғы қатарлы театрлардың жаңа, озық технологиялық үлгiлерiн саралап, ұсыныстарымызды бердiк. Ол тиiстi мамандарға тапсырып, бiз айтқан мәселелердiң ескерiлуiн мiндеттедi. Астанаға келiп өнер көрсететiн облыстық театрлардың жағдайы үшiн жанынан елу орындық жатақхана типтi қонақ үйге дейiн қарастырылды.
Бұл екi залы бар әсем, үлкен театр болмақшы.

Әңгiмелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 12 =