Еркін қарекет жасауға қиындау кезең еді…

0 100

Бүгінгі таңда бүкіл республикамызға танылып отыр­ған «Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыққанына да 30 жылға жуықтаған екен. Осы газеттің бірінші нөмірін өзім шығарғандықтан оның әр санын назарымнан тыс қалдырмай оқып жүремін.Жасыратыны жоқ, бұл газет шыққанда біз Кеңестер Одағы деген алып державаның құрамында болып, елдік және ұлттық тұрғыда еркін қарекет жасауымыз қиындау кез болатын. Дегенмен де жетпіс жылдай салтанат құрған мемлекеттік жүйенің құлдырауы байқала бастаған-ды. Дәл осы тұста халықтың да егемендікке деген ерекше ұмтылысы пайда болған. Соның бір айғағы деп «Ақмола ақиқаты» газетінің шығуын айтуға болады.
Ол қалай жүзеге асқан еді? Сол кездегі Целиноград облысының орталығында қазақ тілінде газет шығару қажеттілігін зиялы қауым өкілдері ақырындап қала басшылығына жеткізеді. Содан қала басшысы Аманжол Бөлекбаев бұл ұсынысты күн тәртібіне қойып, ұйымдастыру шараларын айқындады. Аталған шаруаны әрі қарай қалалық атқару комитетінің хатшысы Марат Жақыпов қолға алады. Алдымен жаңа газетті жетелеп әкететін бас редакторды тағайындау, сонымен қатар басылымның атауын, штат кестесін, мекенжа­йын шешуге кіріседі.
Мен ол кезде облыстық телеарнада қызмет істеп жүрген едім. Бір күні қала басшысы шақырып жатыр деген хабар алып, қалалық атқару комитетінің үйіне бардым. М.Жақыпов қала басшысына алып барды.
Жылы қабылдаған А.Бөлек­баев бірден шаруаға кірісіп, ақылдасқан адамдарының көпшілігі менің кандидатурамды қолдап отырғанын айтты. «Қалай, жаңа газетке редактор болуға жарайсың ба?» деп сұрақты төтесінен қойды. Мен де қарап қалмай «Сенім білдірсеңіздер, неге газет шығармасқа, боламын» деп жауап қаттым. Содан ұйым­дастыру шаралары қыза түсті. Қажетті мамандар іздей бастадым. Телеарнада жүріп-ақ газеттің нобайын дайындауға кірісіп кеттім. Арада екі күн өткенде қала басшысы орыс тілінде шығатын газеттің редакторлығына таға­йындалған Александр Придьма екеумізді шақыртты. Барсақ «Газетті шығаратын уақыт келді, барлық ұйымдас­тырушылық-құқықтық шаралар түгенделді. Ендігі мәселе газеттерді қалай атаймыз, осыны ақылдасайық» деп әңгімеге тартты. Әзірге орысша газетке «Вечерний Целиноград» деген атау берсек деп отырмыз, ал қазақша газетті қалай атасақ болады?» деп бізге қарады. Мен осы сәтте көп ойланбастан «Ақмола ақиқаты» деп атайық дедім. Ешкім үндемей қалды. Мен тағы да «Қазір Одақтың кейбір қалаларына тарихи атаулары қайтарылып жатыр. Ақмола да осы қаланың ба­йырғы атауы. Ол да көп кешікпей қайтарылуы мүмкін…» деп қалдым. Бірақ сол жерде отырған біраз адамға менің ұсынысым да, пікірім де жақпай қалғанын сездім. Сәлден кейін қала басшысы «Жарайды, ойланып көрейік…» деп орнынан тұрып кетті. Сонымен сол күнгі «ақылдасудан» ешқандай нәтиже шықпады. Ал газет мәселесіне байланысты екінші күні барғанымыз­да әңгіме төркіні өзгеріп шыға келді. Газетке «Ақмола ақиқаты» атауы берілетін тоқтам жасалды. Сөйтіп, 1990 жылдың 13 қазан күні «Ақмола ақиқаты» оқырман қолына тиді.
Бастапқы жылдарда өзіммен бірге газетті шығаруға еңбек сіңірген Еділ Демеуқұлов, Жұмагүл Сәтмұхамбетова, Орынбай Балмұратов, Бейбіт Оспанов, Айсұлу Қасымова, Тұрсын Есіл­баева, Күләш Садуова, Қуат Мақашев, Нұрболат Бекетаев, Ерболат Тілеубергенов, Ғалым Қожабеков, Тұрсынбек Әбдуов, Қанат Мақышев және басқа да әріптестеріме ризашылығымды білдіремін.
Сол газет уақыт өткен сайын түрленіп, көркейіп келеді. Қазір елордамыздың негізгі ақпарат органына айналды. Қала дамуының энциклопедиясы десек те жарасады. Басылым беттерін ақтарып қарасақ, әр жылдарда басшы болған редакторлардың айшықты іздері сайрап жатыр. Газет сонымен қатар журналистердің ұстаханасына да айналып отыр.
Мерейлі белес, берекелі мереке баршамызға қайырлы болғай! Газет ғұмырлы бола берсін!

Кенже ЖҰМАҒҰЛОВ,
«Ақмола ақиқаты» газетінің
бас редакторы (1990-1998 жж.)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =