Еркін Әбіл: Бізде біртұтас тарих жоқ

0 227

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 мамырдағы №416 қаулысымен құрылды. Қазіргі уақытта институтта 45 қызметкер еңбек етеді. Соның ішінде 7 доктор мен 10 ғылым кандидаты, 3 PhD, 10 магистр бар. Институт директоры қызметін тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы Әбіл атқаруда. Бүгінгі нөмірімізде аталмыш институт директорымен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Құрметті Еркін А­манжолұлы­, алдымен Мемлекет тарихы институтының зерттеу бағыттары туралы айта кетсеңіз.
– 2008 жылы құрылған Мемлекет тарихы институты екі үлкен бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Оның бірі – Тәуелсіздіктен бергі, яғни 1991 жылдан басталған Қазақстанның қазіргі тарихын зерттеу болса, екіншісі, тарихи сананы қалыптастыру мәселесі. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені ұлттық сананың негізі тарихтан бастау алады. Қоғамды қоғам қылатын жүйелік байланыстар десек, соның ішінде горизонтальді және вертикальді байланыстардың рөлі бөлек. Міне, осы арадағы вертикальді байланыстар дегеніміз қоғамдық сана, тарихи жадты өз ішіне алады. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы осы тарихи санамен байланысты.
Кеңес заманында тарихи сананы қалыптастыру тұрғысынан жұмыс істеген арнаулы орталық болған жоқ. Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарихты зерттеумен айналысатын бірден-бір орталық болса, 2008 жылдан бастап біздің институт жұмыс істей бастады. Біз, негізінен, еуразиялық мәселелерді, әлеуметтік, экономикалық тарихты, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі кезең тарихын зерттейміз. Бұл зерттеу ең күрделі бағыт деп айтуға болады. Себебі субъективті факторлар өте көп. Жұрттың көбі оны тарих ретінде емес, ақпараттық материал деп түсінеді.
– Бізде тарихи сана қалыптасып болды ма?
– Тарихи сананы белгілі бір кезеңнен бастап қалыптасты деп кесіп айтуға болмайды. Ол – ұдайы өзгеріске ұшырап тұратын құбылыс. Бүгінгі күнге дейін біздің тарихи санамыз Кеңес заманында қалыптасқан тарихи сана негізінде қалыптасты. Біздің миымызда әлі де оның сәулесі бар. Яғни, Кеңес заманындағы идеологияның бұғауынан әлі толық шыға алмай келеміз. Одан бірден құтылу да қиын. Себебі біз Кеңес заманындағы тарихты оқып, сол дәуірдегі оқулықтар арқылы тарихи көзқарасымызды қалыптастырдық. Сондықтан да қарапайым халық өткен ғасырдың 70-80 жылдары қалыптасқан тарихи жадпен өмір сүріп келеді.
Әрине, әртүрлі ұлттық идеялар Кеңестік кезеңде де болды. Бұл тарихи саналар көбінде көркем әдебиетпен, көркем кинолармен де қалыптасты. Халықтың түп тарихына деген әуестігі де Кеңес заманында бүкілдей өшіп кеткен жоқ. Белгілі деңгейде оның да өмір сүруі – заңдылық. Ал біздің қазіргі мақсатымыз – осы тарихи сананы өзгерту. Себебі біздің жалпы ұлттық тарихымыздың концепциясы қазір өзгеріп жатыр. Осы мақсатта биыл біз екі үлкен жобаны бастадық. Оның бірі – Қазақстанның тарихи концепциясын қайта жазу. Бұл жұмысты атқаруда біз өз институтымызды негізгі орталық ете отырып, Қазақстандағы басқа ғалымдарды да тартып жатырмыз. Бұл бірер күнде бітетін жұмыс емес. Жұмыс бастаған кездің өзінде өте көп дау-дамай болды. Себебі ұлттық тарихымызға көзқарас әртүрлі.
Жақында Франция Президенті Эммануэль Макрон бір сұхбатында «Францияда біртұтас тарих жоқ. Біздің алдымызда үзік-үзік тарихты бірлестіріп, тұтас Францияның тарихын қайта жазу міндеті тұр» деді. Біздің Қазақстан да дәл осындай жағдайда. Бізде біртұтас тарих, төл тарихымыз жөнінде біртұтас түсінік жоқ. Себебі бүгінгі күнге дейін әдістемелік жақтан да, теориялық жақтан да, тарихи-философиялық жақтан да өз тарихымызға өзгелердің көзқарасы, өзге ұлттардың жазуы бойынша қарап келдік. Ендеше, өз тарихымызға өзіміздің көзқараспен қарап, өзіміз жазатын кез келді. Бұл – тарихты қайта жазу емес, тек тарихи фактілерге өзіміздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан қайта талдау жасау. Біз Ұлы Дала өркениетін өзек етпей, тарихқа дұрыс көзқарас орната алмаймыз. Қазақ хандығы осы өркениетте қандай маңызды рөл атқарды? Оның шаңырағы кейін қалай шайқалды? XX ғасырда қалай қалпына келіп, қазіргі Қазақстанның тарихы қалай басталды деген мәселелерді байланыстыра зерттесек, өз тарихымызды жазуға дұрыс көзқарас орнатқан болар едік. Мысалы, біз осы күнге дейін орта ғасырды жазғанда Түрік мемлекеті, онан соң Түркеш мемлекеті болды дейміз. Одан кейін Қарлұқ, Қарахан мемлекеті билік жүргізді. Осылай жазылған оқулықты қолына алған бала «көшпелілердің бір тұрақты мемлекеті болмапты ғой» деген ойға кетеді. Шын мәнінде бұл бір мемлекет, тек қана билік басына келген әулеттің өзгеруі ғана. Оның өзі сол кездің тарихында жазылмаған. Мысалы, ешқашан жеке Әбілқайыр мемлекеті болған жоқ, ол – Ұлық Ұлыс тарихының жалғасы. Қазақ хандығы да осы Ұлық Ұлыстың бір қанаты ғана. Басқа елдер бұлай бөлмейді. Мысалы, Ұлыбританияның өзінде билік басындағы қаншама әулет өзгерді. Бірақ оны жеке-жеке бөліп қарастырмай, Англияның біртұтас тарихы ретінде қарастырады. Демек, үзік-үзік тарихымызды жалғап, біртұтас тарих ретінде жазатын кез келді.
– Ұлық Ұлыс демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Институт бұл тақырыпты қаншалық қаузады?
– Дұрыс айтасыз, біз тарихи сананы қалыптастыру бағытында негізге алып зерттеп жатқан түйініміздің бірі – Ұлық Ұлыс тарихы. Бұл тақырып аясында конференция да өткіздік. Тарихи деректерде қазақтар өзін Ұлық Ұлыстың заңды жалғасы деп қарағаны анық көрсетілген. Тек кеңес заманында Ақ Орда мемлекеті деген ұғымды ойдан құрастырып, Ұлық Ұлыс пен қазақ тарихын қасақана бөліп жіберген. Біздің алдымызда осы тарихты қайта жалғау жұмысы тұр. Шынын айтайық, «біз Алтын Орданың тарихын қайтеміз?! Сол моңғолдарды біздің тарихымызға қоспай-ақ қойсақ» деген тарихшылар да болды. Демек, Ақ Орда концепциясы бүгінге дейін біздің ғылымнан үзілмей келеді. Оны қолдайтын тарихшылар да бар. Қазір еліміздегі тарихшылар бірігіп, осы тақырыппен байланысты үлкен жоба жасап жатыр. Оның бірі – тарих ғылымының жаңа концепциясын жасау, Қазақстанның жеті томдық тарихы, осының үшінші томы Ұлық Ұлысқа арналды. Ал үшінші үлкен жоба – шетел оқырмандарына арналған Қазақстанның қысқаша тарихы.
– Ұлық Ұлысты моңғолмен байланыстырғаны сияқты, жоңғар хандығын да моңғолға телитіндер көп. Ал Қытай оны өз тарихына қосып, жоңғарлардың аты жеткен жердің бәрі біздікі деп, Балқашқа дейін сұғын қадап отырғаны жасырын емес қой. Сізше жоңғар тарихын біздің тарихпен байланыстырудың реті бар ма?
– Бұл мәселеге де көзқарасты өзгерту керек деп санаймын. Меніңше, мұны біздегі қалыптас­қан термин бойынша қалмақ деп алу керек. Жоңғар деген – 17-ші ғасырда қалыптасқан мемлекет. Ал «қалмақ» атауының ауқымы өте кең. Жоңғар хандығына кірмеген қалмақтар бар. Қазақ хандығының қол астында жоңғарға қарсы соғысқан қалмақтар да болған. Демек, қалмақ тарихы да – біздің тарихымыз. Біріншіден, қалмақтардың көбінің шыққан тегі – түріктер. Мәселен, торғауыт­тардың көбі – моңғол тіліне көшкен керейттер. Қалған моңғол тайпаларының құрамында да біздің тайпалардың қаны бар. Біздің бөлініп кетуімізге ислам діні себеп болды. Сол дәуірде ислам дінін қабылдамаған түріктерді де қалмақ деп атаған. Ұлық Ұлыс кезінде қалмақ деп аталып, кейін дін қабылдап, қазақ болып кеткен қалмақтар да аз емес. Сондықтан, қалмақтың тарихы, ол – төл тарихымыз. Оларды қазіргі қалмақтармен байланыстырып, біздің тарихымыздан шеттетуге болмайды. Себебі қазақтың қанында да қалмақтардың қаны өте көп. Кейбір қалмақ тайшылардың есімі түрікше. Тіпті, мұсылманша аттар да кездеседі. Сондықтан, қазіргі көзқараспен оларды этнос­тарға бөліп тастауға болмайды. Біздің территориямызда жасаған екен, олардың да тарихы – біздің тарихымыз.
Жоңғар қазақтың ата жауы деген концепция 19-шы ғасырда қалыптасты. Бұл – қазақтардың Ресей империясына қосылу қажеттілігін көрсететін атау. Бірақ іс жүзінде Ресей жоңғарларға қарсы соғыста қазақты қолдаған жоқ. Жоңғар мәселесін қазақтар өздері шешті. Біз өз тарихымызда қалмақтардың бізді шапқанын ғана айтамыз, шын мәнінде қазақтар да оларға тыныштық бермеген. Қазақ пен қалмақ оңтүстіктегі қалалар үшін соғысты. Біз соғысып жауласқанымызбен, басқа да қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Енді неге оларды сыртқа тебеміз?!
– Қазір шетелден қазаққа қатысты архивтерді әкелудің мүмкіндігі қаншалық?
– Біз бұл жұмыспен тікелей айналыспаймыз. Басқа институттар айналысады. Дегенмен, Қазақ тарихы жөнінде құжат көп. Оның көбі басқа ұлт тілдерінде жазылды. Ол дер кезінде қазақ тіліне аударылып, оқырмандарға ұсынылмаған соң, біздің халқымыз одан бейхабар. Оны аударатын мамандар да аз. Ал біз, негізінен, өзіміздің ішкі архивті зерттеп жатырмыз. Бір қызығы, Ресейде соңғы кездері шетел зерттеушілері үшін кейбір архивтерге күшейтілген шектеулер салынды.
– Президент Жолдауында «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі» деген еді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында да тарихқа қатысты көптеген мәселелерді қозғады. Мұның сіздердің жұмыстарыңыз үшін қандай маңызы бар?
– Биылғы Жолдау мен былтырғы Жолдаудың логикалық байланысы бар. Президентіміз соңғы үш жылда тарихи сананың маңыздылығы жөнінде көп айтып жүр. Ұлттық идея болуы үшін біртұтас ұлт болып қалыптасу керек. Біз әлі күнге дейін біртұтас ұлт ретінде қалыптасып үлгерген жоқпыз. Қандай ұлт болатынымызды бүгінгі күнге дейін түсінбей жүрміз. Меніңше, Қазақстанда тұратын ұлттың бәрі бір ұлт болуы керек. Бірақ оның негізі не болуға тиіс? Мен құжаттарда ұлтын айырып жазып қоюмен келіспеймін. Қарсымын. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, біз осы арқылы өзімізге қосылғысы келетін ұлт өкілдерін кеудесінен итеріп тұрмыз. Қазақ болып жазылғысы келсе де, «сенің әкең қазақ емес» деп жазбайды. Құжатымызда қазақстандық деп жазылса, біздің қазақшылығымыз бір күнде жоғалып кетпейді. Бізді екі нәрсе біріктіреді. Ол – тіл мен тарихымыз. Тегіміз қандай болса да, Қазақстанда бір тіл, бір тарих болуы керек. Біз осыған құлшынайық. Тіліміз бөлек, тарихымыз бөлек, тіпті құжатқа дейін ұлтын айырып жазып, өзіміз бөліп жүрміз. 18-19-шы ғасырда қазақтың құрамына басқа ұлт өкілдері көптеп қосылып, сіңісіп, қазақ болып кетті. Қазақ қоғамы бұған ашық болған. Енді неге өзімізді жабық ұстаймыз?! Кеңес заманында ұлтты сақтап қалу үшін күрестік, енді қазір біздің ұлтқа қандай қауіп төніп тұр?! Шынын айтқанда, бізде болашаққа деген үміттен көрі қорқыныш басым. Демек, бұл – байсалды талдау жасайтын мәселе. Құжат өзгергенмен, ұлттың болмысы өзгермейді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − five =