ЕРКЕҒАЛИ РАХМАДИЕВ

0 719

Марқұммен қоштасу 2013 жылдың 11 сәуірі күні сағат 10.00 мен 11.00 аралығында Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді.

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады.

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті композитор, профессор Еркеғали Рахмадиев 81 жасқа қараған шағында дүние салды.

Еркеғали Рахмадиев 1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған. 1952 жылы Алматы музыкалық училищесін, 1957 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1959-61 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі, 1961-65 жылдары Қазақстанның Мәдениет министрлігінің Өнер істері бас басқармасының бастығы, 1966-67 жылдары Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, 1967-75 жылдары Алматы Мемлекеттік консерваториясының ректоры болды. 1968 жылдан Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы болды. 1990-93 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі қызметін атқарып, 1993 жылдан бері шығармашылық және педагогикалық жұмыспен айналысты.

Е.Рахмадиевтің симфониялық, опералық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалары кәсіби ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытты. Ол симфониялық шығар­ма­ларында қазақ күйлерін жаңашылдықпен қолданды. Е.Рахмадиев «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» операларын, «Амангелді», «Толғау», «Дайрабай күйі», «Мейрам күйі», «Құдаша думан» атты симфониялық поэмаларын, «Сәлем саған, Айастан», «Мерекелік кантата», «Конституция туралы поэма» кантаталарын, хорға арналған вокалды-хореографиялық шығармалар және ха­лық арасына кеңінен тараған көптеген ән, романстар жазды.

Еркеғали Рахмадиев белсенді өмірлік көзқарасты ұстанып, мәдениет пен өнер саласында көптеген шәкірттерді тәрбиеледі.

Е.Рахмадиев КСРО Жоғарғы Кеңесінің (1989-91жж.) халық депутаты, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің (7-11 ш.) депутаты болған.

Абзал азамат, белгілі қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің жарқын бейнесі жадымызда әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Астана қаласының әкімі белгілі композитор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Рахмадиев Еркеғали  Рахмадиұлының өмірден озуына байланысты мар­құмның отбасы мен туған-туыс­қан­дарына ор­тақтасып, көңіл айтады.

Астана қаласының мәслихаты белгілі композитор, көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Республикасының халық әртісі Рахмадиев Еркеғали Рахмадиұлының өмірден озуына байланысты марқұмның туған-туыстарына қайғыларына ор­тақ­тасып, көңіл айтады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестр ұжымы ұлттық музыка өнері мен мәдениетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан Еркеғали Рахмадиевтің өмірден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАДЫ

Қазақ ән өнерінің алтын діңгектерінің бірі дүңк етіп құлап түскендей болды. Еркеғали Рахмадиев – сонау ұлы халық композиторлары Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай сынды тұлғалардың ізін кеңестік кезеңде қайта жаңғыртып, солардың алтын арқауын жалғаған бірден-бір білімді де беделді кісі еді. Әсіресе, 70-80 жылдардағы қазақ ән өнерінің деңгейін биікке көтеруге белсенді түрде кіріскен болатын. Ән өнерінде ұлылардың ізін жалғай жүріп, өзі өмір сүрген ортада қазақ әдебиетінің корифейлері Ғабит, Сәбит, Ғабиден сынды тұлғалармен де қоян-қолтық араласып, дәмдес, пікірлес болып бірге жүрді. Өзі ұстаз тұтқан ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың жолын жалғастырушы ізбасар ретінде танылды. Оның шығармалары ұлттық қайнардан бастау алып, еуропалық деңгеймен еншілесіп, қазақ өнерінің қарышты өркендеуіне ғажайып үлес қосты. Ол биік шығармашылығымен бірге ауқымды мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрді. Оған бірнеше жыл бойы Қазақстан Композиторлар одағына басшылық жасауы дәлел. Сол Қазақстан Композиторлар одағын басқарып жүрген жылдарында Еркеғали Рахмадиевтің ықпалымен талай композиторлар қанаттанып шықты.

Мен үшін Еркеғали Рахмадиевтің халық қалаулысы ретінде Торғай даласында сол өлкенің өкілі бола жүріп сіңірген еңбегі ерекше есте қалды. Торғай даласының өркендеп, өсуіне, шарықтап, шырқауына үлес қосқан халық қалаулыларының бірі болды. Ерекеңмен менің өзім де шығармашылық байланыста болғанымды мақтан тұтамын. Екеуміздің шығармашылық бірлестігіміздің нәтижесінде «Біздің Торғай» деп аталатын, халық жүрегіне жол тартқан әсерлі ән дүниеге келген. Ол ән қазір де халық арасында жиі айтылып жүр. Әлде де талай шығармашылық дүниелерді жасауға болатын еді. Әттең, соңғы кездері бел алдырған сырқат бірлесе шығармашылық жұмыс жасауымызға мүмкіндік бермеді.
Қош, қадірлі аға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =