ЕРІНГЕНДЕР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ

0 111

150

«Үй менікі деме, үй артында кісі бар».  Өкінішке қарай, мұндай қағиданы ескермейтін тұрғындар жетерлік. Көрінген жерге темекі тұқылын лақтыра салады, ауланы шемішкенің қабығымен ластайды. Әсіресе, қоқысты бірден шығармай, пәтерінің алдына қойған күйі ұмытып кететіндер көп екен. Соңғысы да айыппұл төлеуге міндеттейтін құқық бұзушылық саналатынын біреу білсе, біреу білмес. Бұзақыларды анықтап, заңды түсіндіру мақсатында Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі кезекті рейдке шықты.

Учаскелік инспекторлар С.Торайғыров пен С. Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан үйлерді аралап, ұсақ бұзақылықтарға «мүлдем төзбейтіндіктерін» көрсетті. Бір ғана күнде осы аудан бойынша 15 азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабын бұзғаны анықталды. Яғни, белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін оқиға орнында әкімшілік хаттама толтырылып, тәртіпке бағынбағандарға 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды. Заң бойын­ша оларға 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамау жазасы да қарастырылған. Бұл әрекетті бiр жыл iшiнде қайталағандар 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алынады.
«Осындай заңсыздықтарды күнде дерлік анықтаймыз. Мен қарайтын аумақта осы бап бойын­ша көбіне Жангелдин, Аймауытов, Ш.Айманов көшелеріндегі жатақхана мен жеке секторлар қолға түседі. Жыл басынан бері қалалық Жергілікті полиция қызметі «Ұсақ бұзақылық» бойынша 2600 фактіні тіркеді. Оның 300-і әкімшілік қамауға алынса, қалғаны айыппұл төледі» дейді учаскелік инспектор, лейтенант Абзал Әбілдаев.
Ал, қоқыс қалдықтарын контейнерге жеткізбей лақтырғандар үшін аталмыш кодекстің 505-бабында бөлек жаза қарастырылған. Абаттандыру ережесін бұзған азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Биыл полицейлер бұл бап бойынша 14 мың әкімшілік хаттама толтырған.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + eighteen =