Еріктілік – ерлікті іс

0 36

Жер бетінде адам саны артқан сайын адамгершілік те азайып бара жатқандай. Індеттің шырмауынан шыға алмай, мейірім мен махаббатқа мұқтаждық артқан тұста жаныңдағыға жай ғана ізет көрсетудің өзі игі іс саналды. Одан бұрын бүгінгі нарық заманында адами қасиеттер артта қалып, пейілі тарылғандардың көбейгенін ешкім жоққа шығармас. Бірақ арамызда еріккеннен емес, өз еркімен қиналғанның қолтығынан демеп, ауыртпалығын бірге арқалайтын азаматтар бар. Олар – еңбегі ерен еріктілер.

Өткен жылдың мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылықтың қадірін әспеттеп, осыдан он екі ай бұрын Еріктілер жылын жариялады. Бұл он екі ай оңайға соқпады.
Жыл басынан Арыстағы жағдай, Мақтааралдағы су тасқыны, пандемия­мен күресте волонтерлердің еңбегі орасан. Негізгі жұмыс «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы шеңберінде көзделген 7 бағыт – «Sabaqtastyq», «Saýlyq», «Taza álem», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit», «Bilim» жобалары бойынша жүзеге асырылды. 17 өңірлік инфрақұрылымнан тұратын республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі ашылды.
Тәжвирус белең алып, әлемді алаңдатқан аласапыран шақта еріктілер шаһардағы блокбекеттерде қалаға келіп жатқан әрбір азаматқа сақтық шараларын түсіндіріп, бетперделер таратты. Онсыз да жұмысы жеңіл емес еріктілерге қауіп пен жауапкершілік жүгі артылды. Сандарды сөйлетсек, пандемиямен күреске 500 мыңнан аса ерікті атсалысқан екен. 63 мыңнан астам азық-түлік жиынтығы, 4,4 миллион медициналық бетперде таратылды, 1 млн адамға көмек көрсетілген.
Бүгінгі таңда елімізде волонтерлердің басын біріктіріп, қоғам үшін тегін қызмет етіп жатқан бірнеше үкіметтік емес ұйым бар. Жыл басында мұндай ұйым саны 224 болса, қазір ресми мәлімет бойынша 500-ден асады. Халықтың қоғамдық жұмыстарға ерікті түрде араласу белсенділігі артып келеді. Осы ұйымдармен жұмыс істейтін волонтерлер 30 мыңнан 95 мыңға жетіп отыр. Жыл басында жоспарланған волонтерлікке 50 мың адамды тарту болжамынан асып түскен. 1 жылда жалпыұлттық жобалар аясында 7 бағыт бойынша 18 қолдау орталығы, 6 мың дайындық орталығы ашылды. Осы уақыт аралығында 2 мыңнан аса шара өтті.
Сонымен қатар Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылды, онда 42603 волонтер, 3063 ұйым және 977 жоба тіркелген. 5600-ден астам волонтер арнайы оқудан өтіп, 50 бастамашыл топ құрылды. Жалпы құны 150 миллион теңгені құрайтын 500-ден астам шағын грант үлестірілді. Пандемиямен күреске қосқан үлесі үшін еліміздің 5 мыңға жуық азаматы «Халық алғысы» арнайы медалімен марапатталды. «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. 7 отандасымыз БҰҰ Еріктілер тобына қосылуға мүмкіндік алды. Олардың 4-еуі Түркияда, бірі Иорданияда, қалған екеуі Кения және Таиланд елдерімен карантиндік шектеуге байланысты онлайн форматта жұмыс атқаруда.
Дәл осы жылы елімізде қоғамдық бақылаушы және эколоволонтер деген терминдер пайда болды. Белсенді жастар экология бағытында біраз істің басын қайырды. Экомәдениетті насихаттайтындардың қатары көбейді. Ал республика көлемінде 10 мың волонтердің қатысуымен 75-тен аса экоакция ұйымдастырылыпты.
Мемлекет басшысы Еріктілер жылының ресми жабылуында барлық білім беру мекемелерінде еріктілікті дәріптеп, қайырымдылық туралы тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынды. Алдағы уақытта жаңа волонтерлік ұйымдар аяққа тұрып кетуі үшін жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларды қайырымдылық жобаларға тарту үшін мемлекеттік қолдау қарастырылып, игі іспен айналысатын бірлестіктерге берілетін қаржылай көмек ұлғаяды. Президент пәрменімен «Қайырымдылық туралы» арнайы заң әзірленіп жатыр. Волонтерлік ұйымдардың заңды мәртебесі анықталып, қайырымдылық қызмет заңмен реттеледі. Еріктілер жылы аяқталғанмен, қайырымдылыққа тоқтау жоқ.

Наима Нұралықызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =